2 Мамыр 16:30

Ақша көп, қауіп те көп. «Самұрық-Энерго» НЕГЕ АҚШ санкциясына ілінуі мүмкін?

Энерго
Фото: Фото: Nege.kz

«Богатырь Көмір» өндіруші компаниясын Ресейдің РУСАЛ-ымен бірлесе басқарып отырған «Самұрық-Энерго» үшін АҚШ қайталама санкцияларының көлеңкесі көріне бастады. Богатырьден ірі көлемде көмір алып жүрген тұрақты клиент, ресейлік «СУЭК» акционерлік компаниясы жыл басында санкциялар тізіміне ілінген болатын.

Енді, «Самұрық-Энерго» тез арада OFAC лицензиясын ала алмаса, онда санкцияға ілінбес үшін «СУЭК» компаниясымен келісімшартты үзуге мәжбүр болады. Ондай жағдайға «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктесі үшін, өз міндетін орындамағандықтан «СУЭК» компаниясының пайдасына қыруар айыппұл төлеу қаупі туындайтыны анық. Богатырьдің тең қожайыны, Ресей алпауыты «РУСАЛ» бұған не дейді? Осындай мәселелер туындап отыр.

Богатырь Көмір
Фото: Nege.kz

Екінші жағынан, «Самұрық-Энергоға» қарасты «Алатау Жарық» компаниясының Алматы әкімдігімен проблемасы 15 жыл бойы шешілмей келеді. АЖК Алматы қаласының әкімдігіне 5,8 миллиард теңге қарыз. Осы мәселе бойынша АЖК Алматы әкімдігі балансындағы электр желілерін өз қарауына алу керек еді. Бірақ бұл жұмыс әлі аяқталмады.

Қазір «Самұрық-Энергоның» жағдайы жаман емес. Компания 2023 жылы 445 миллиард теңге жалпы түсім алды. Оның ішінде 43,7 миллиард теңгесі таза пайда. Мемлекетке 19,3 миллиард теңге салық төледі.

Самұрық-Энерго
Фото: "Самұрық-Энерго" АҚ 2023 жылдың аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PWC

2023 жылы тапқан таза пайданың 20,5 миллиард теңгесін ұлттық компания өзінің жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына аударды. 22,5 миллиард теңгені өзінің дамуына қалдырды.

Өзінде қалған таза табысты «Самұрық-Энерго» біршама қарызын мерзімінен бұрын қайтаруға жұмсай алады. NEGE екінші жартыжылдықтағы компания шешімдерін мұқият саралап отырмақ.