8 августа 2025 г. 11:59

Депутаттар портреті. Қазыбек Иса. «Дауылпаз»

Фото: Коллаж NEGE

«Дауылпаз қазақтың ұрып ойналатын көне саз аспабы. Ертеректе бұл музыкалық аспапты соғыс құралы ретінде айбар беріп, қыр көрсету үшін қолданған...» дейді Уикипедия. Қазыбек Исаның да кейде дауылпаздың даңғырындай дауылдатып тұрып сөйлейтінін білесіз. Міне, осы кезде «Қазыбекті халыққа «қыр көрсету» үшін әдейі пайдаланып жатқан жоқ па?» деген сауал туатыны рас. Өйткені кейіпкеріміздің «даңғыры» халық тарапынан айтылғандай көрінгенімен, көбінесе жоғары биліктің ырғағымен үндес шығып жатады.

Дауылпаз бен жағымпаз

Қазақта арқалы ақындарды дауылпаз сөзімен қосақтап айтатын дәстүр бар. «Дауылпаз ақын бәленше», «дауылпаз ақын түгенше» деген тіркестерді әр-әр жерден кездестіріп қалуыңыз бек мүмкін. Бізше болса, есімі дауылпазбен қатар тұруы тиіс бір ақын, ол – Махамбет. Өйткені сен дауылпаз болу үшін «Хан емессің, қасқырсың...» дейгейіндегі батыл сөзді ойланбай айтуың керек. Ал Назарбаевтың дәуірінде аузы дуалы ақындардың дені «жақсылап ойланып» алып, ақырында жапа-тармағай жағымпазға айналып кеткенін білесіз. Тіпті мадақты жаны сүйетін президентті бір-бірінен қызғанып, «қызылшеке» болған ақын-жазушыларды да көзіміз көрген. Сондықтан кешелі-бергі кезеңнен дауылпаз ақын іздеудің өзі – есерсоқ адамның қылығындай көрінер еді...

Бір тәуірі, біздің кейіпкеріміз бірінші президентке бар болмысымен беріліп, «көзсіз сезімге» ерген жоқ. Жандайшап, жағымпаз топтан мейлінше бойын аулақ ұстауға тырысты. Бірақ аса ұзап та кетпеді. Не ары да емес, не бері де емес дерліктей, аралық межені жайлады. 

Тек 2018 жылдың шілдесінде өткен аламанда «ары қарай» жасаған бірер қадамы – әдебиет тарихына таңбалануға әбден жарап тұр. Өйткені Астананың 20 жылдығына арналған «Ел тірегі – Елорда!» атты республикалық мүшайрада Қазыбек Иса тоқсан ақынның ішінен топ жарып, мәреге дара келді. «Ертегідей Елорда» деген жеңімпаз өлеңіне тағы бір көз жүгіртсеңіз, мынадай жолдарға кез боласыз:

Тұлғаларды тудырар уақыт, ғалам,

Жасаған Ер тарихты – бақытты адам.

Римді Август мәрмәрдан салса егер де,

Астананы Елбасы жақұттаған!

Жауһар жауған шаһарға мына нағыз,

Тіреледі сан елден құлаған із...

Сәулетті елі, сәулелі, сәнді орда бұл,

Сәулеткері болған соң Нұрағамыз!

Ақын Қ.Иса. Фото: ғаламтордан

Байқаған шығарсыз, салыстыруы – «сәулелі», «жақұттауы» – жарасымды. Алайда дүлей ақын, дүрегей журналистке Назарбаевты айналып өтуге неге болмады? Бұл сұраққа мүшайрадан жүлдесіз қайтпайтын «жыланаяқ ақындар» ішек-сілесі қатып күлуі мүмкін. Себебі Астананың тойында Нұрсұлтанды жырға қоспасаң, өлеңің өлең тұрмақ өрт болса да, жүлдеге қалай ілігесің? Міне, осыны ескергендер Қазыбек «Өзі қаламаса да, Назарбаевты қаламына іліктірді» дейді.

Солай болса, солай да шығар, бірақ кейіпкеріміздің «мәрмәрдан» қашалғандай «сәулетті» де «сәнді» тіркестерінде саяси азғыруға жақын «арзан қулық» бар. Мәселен шумағын «Нұрағам» немесе «Нұрағатайым» деп тәмамдайын десе, Қазыбек Иса ұйқас таппай қалған жоқ. Ал «Нұрағамыз» деп көпше түрде түйіндеу – Нұрсұлтанның «ағалығын» халыққа телігенмен тең. Өйткені ақынның сөзі – халықтың сөзі. Демек кейіпкеріміз «дәу ағасының» дақпыртын дауылдатып, әділқазыларды «ауызға ұрды» да, бас жүлдені қағып әкетті. Бұл кезде ешкімге орын бермей, омалып отырған президентті иттің етінен жек көретін жұрт көк жәшіктің ар жағынан Қазыбек Исаның жеңісіне қол соғып тұрған еді...

«Бүлдүргі сауал» мен «бүтін сөз»

Құдайшылығын айтайық, Қазыбек Иса – қазақы кісі. Жүзінен иманы төгіліп тұра ма, әйтеуір адамды сендіреді. Салыстырмалы түрде қарасақ, кейіпкеріміз Мәжілістегі талай депутаттан әлдеқайда тәуір, әлдеқайда халықшыл. Түр-тұлғасының өзінде ел-жұртты өзіне тартатын бірдеңе бар. Сол бірдеңе – танымалдығы болса, танымалдығын журналистігі күшейткен. Біздіңше, Қазыбек Иса ақын ретінде емес, журналист ретінде халыққа көбірек пайдасын тигізгендей көрінеді. Себебі «Жас қазақ үні» дейтін газет кезінде жалындап талай дүниені айтқан. Кейіпкеріміз бас редактор болып тұрғанда, басылым тілшілері шенді-шекпенділерді көк шыбықпен шықпыртып жататын. Қазыбектің өзі де кесіп айтып, кесек турады. Президенттің әр-әр жерде айтқан сөздерін көлденең ұстап алып, одан төменгілерді шықшыттан «періп жіберу» – кейіпкеріміз үшін түкке де тұрмайтын.

Бірақ екі аяқты пенде болған соң, екі түрлі сөйлеп қалу – кім-кімде де кездесуі ықтимал кемшілік. Мәселе сол, осыны кейіпкеріміз мойындағысы келмей жүр. Мысалы әнеубір күні NEGE-нің белді тілшісі Динара Мыңжасар кейіпкерімізге «Неге?» деген бір-ақ ауыз сауал қойған. Әйтседе сұрақтың астарында «Бұрын мақтаған елбасыңызды енді даттап жүрсіз бе?» деген ишара бұғып жатқан еді. Қазыбек оны түсінді, түсінді ме, «бүлдіргі сауалға» бүй деп жауап берді:

«Бұл пікір қайда шығыпты? Қай жерде айтыппын? Ол менің сөзім емес! Мен ол кезде су саласының еңбек ардагері Қасқабай Асановтың пікірін келтіргенмін. Соны бұлар «менікі» етіп бұрмалап берген...»

Кейіпкеріміздің сөзіндегі бір шындық, тілші құрғырлардың да тыныш жүрмей, кісінің сөзін кейде бұрмалап, кейде жұлмалап беретіні рас. Алайда бұл Қазыкеңнің «бүтін сөзі» табылмайды дегенді білдірмесе керек. Өйткені интернет деген бәлекеттің кімнің қай жерде не дегенін «қаттап-шоттап» қоятын «ұқыптылығы» бар. Айталық, кейіпкеріміз 2018 жылы бір топ әріптесімен АҚШ-қа барған. Қайтып келген соң, «Қазақ үнінің» бетіне «Мұқаң салған жолмен мұхит астық» деген тақырыппен көлдей мақала жазды. Сонда бұл кісі бүй деген:

«Шынын айтқанда, Елбасының елге серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – ұлтымыз талайдан күткен, ел рухын көтерген ерекше құбылыс. Рухани жаңғыру аясында талай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі осы – «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша өтіп жатқан «Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің форумы» іс-шаралары...»

Ұлтымыз талайдан күткен ерекше құбылысты экс-президент жасап берсе, ол жақсы ма, жаман ба? Бұл мақтауға ұқсай ма, ұқсамай ма? Сіз ойлана тұрыңыз, біз екінші мысалға көшеміз. Қазыбек Исаның қайталанбас сөздерін табу үшін «Қазақ үніне» шұқшия берудің қажеті жоқ. Мәселен 2015 жылы айтқан мына бір керемет сөзі «Ақ жолдың» сайтында әлі «салақтап» тұр: «Бүгінгі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасымыз – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын барлық отандастарымыз зор ризашылықпен қарсы алды...»

Фото: azattyq.org / Сәния Тойкен. Фотода: Қ.Иса, Ақтау, 2015.

«Назарбаевтың жолдауын отандастарымыздың зор ризашылықпен қарсы алғанын Қазыбек Иса түс көріп білген бе, бал ашып білген бе?» деп сұрамаңыз. Бос сөзді қойып, ары қарай тыңдаңыз, дауылдатып біраз жерге барып-қайтқан кейіпкеріміз пікірін былай түйіндейді:

«Дағдарыстың өзін дамуға, жаңа мүмкіндіктер ашуға айналдыру – тек «Мәңгілік ел» болуды мұрат еткен рухы биік мемлекеттерге ғана тән. Оның жарқын үлгісін мемлекетіміз бұрын да дауылды дағдарыстар кезеңінде көрсете білгені белгілі. Енді, міне, тағы да әлемдік дағдарыс дендеп тұрғанда да «Нұрлы жолға» түскен Тәуелсіз Қазақстан «Ұлт жоспары. 100 нақты қадам» арқылы «Мәңгілік елге» қадам баса береді».

Қазақты «Мәңгілік елге» жеткізбек болған Назарбаевтың өзі ұлы көштің дүрмегінен «түсіп қалғаны» белгілі. Әлде мәңгілік байлыққа өзі жетіп, халықты басқа сүрлеуге салып жіберді ме? Осының сырын енді Қазыбектен сұрап көруге бола ма? Болады десеңіз, кездескен жерде «Бұ қалай?» деуге әбден құқыңыз бар. Ал біз ары қарай кеттік...

«Құланның қасуы» мен құяңның кесірі

Парламентке алғаш келгенде, әр өңірден жиылған депутаттардың өзі бір-бірін жыға танымай, танымаса да танығансып, жылы жымиысып, бас изесіп, мәре-сәре болып жататынын көрген шығарсыз. Бірақ кімнің кім екені шамалы уақыттан кейін белгілі болады. Еті тірілері елдің мұңын айтып, үкімет мүшелерімен «керісіп» қалып жатады. Сосын «Жаңа жақсы айттыңыз, тағы бір қайталап жіберіңізші...» деп журналистер ортаға алады. Депутат солай танылады, депутат сөйтіп жүріп, танымалға айналады.

Ал біздің кейіпкерімізге мұның бірі де қажет болған жоқ. Қазыбек Иса Мәжіліс залына кірмей жатып, бір-ақ сәтте бүкіл Қазақстанға танымал депутат болып шыға келді. Бірақ оқиғаның сәл ыңғайсыздау жағдайда болғаны рас. Түлкі тұмақ па, сусар тұмақ па, әйтеуір жүні жалбыраған әдемі құлақшынын киіп ап, тып-тыныш отырған кейіпкерімізге бір топ әйел сау етіп жетіп келеді. Сосын сұрақтың астына алады. «Сіз кімсіз?» дейді, «Сізден перегар ұрып тұр» дейді, «Сіз депутат емессіз бе?» дейді. Қысқасы, бір топ әйел тап бір адам көрмегендей, кейіпкерімізді «кергіге» салады. Сасқаны ма, Қазыкеңнің «Депутат болатынымызды, болмайтынымызды құдай біледі, ертең белгілі болады...» деп қалғаны бар. Осыны күткендей, әйелдердің ішіндегі ер адам «Төсбелгіңіз тұр ғой, аға!» дейді. «Кәне, кәне» деген әйелдер енді білдей депутаттың алқымын ашып қарап, «міне, міне» деп жамырап қоя береді. «Құдайға шүкір», – дейді Қазыкең де қарап тұрмай.

Сонда не болды? Бұл кезде кейіпкеріміз депутат болып үлгерген бе, әлде халық шешімін күтіп жүрген бе? Күтіп жүрсе, кеудесіндегі төсбелгіні кім берген? Егер депутат болса, оны жасырып-жабатын несі бар? Осы сауалдардан кейін жұрт көңілінде «Қазыкең аздап ұрттап алған-ау» деген күдік күшейді. Ал енді біреулер «Бұл кісінің ащы суға құмарлығы жоқ еді, «Құланның қасуына, мылтықтың басуы дөп келіп қалғанын қарашы» деп өкінді.

Шындығын айтқанда, мәселе ішкен-ішпегенінде емес еді. «Аздап ұрттады» дегеннің өзінде кейіпкеріміз ешкімге тиіскен жоқ, Өзімен өзі отырған адамға соқтыққан – жаңағы «әулекі» топ. Тіпті рұқсатсыз шапанының жағасына жармасып, алқымын ашудың өзі – кісінің құқын бұзу. Осының бәрі ескерілді ме, біраз күннен кейін даулы мәселені таспаға түсірген «мылтық-жігіт» жария түрде кешірім сұрады. Ол жай жігіт емес, 2020 жылы «сөз бостандығымды шектегені үшін Ұлттық арнадан кеттім» деп мәлімдеген журналист Ербол Мәндібек болып шықты...

«Мас депутат» Қ.Иса. Фото: ғаламтордан

«Депутат ішкен», «депутат ішпеген» деген тартысты әңгіме дауылпаздың даңғырындай ауылдан ауылға, ауыздан ауызға көшіп, бүкіл қазақ даласына тарап болғанда, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев былай деген: «Бүгін таңертең әріптесіміз Қазыбек Иса жайлы кешегі видеоға байланысты фракция жиналысын өткіздік. Қазыбек өзінің сол сәттегі жағдайын соңғы күндері қатты шаршағандықтан, қан қысымының 200-ге дейін көтеріліп кеткендігімен, сондай-ақ омыртқа грыжасына жансыздандыратын дәрі қабылдауымен түсіндірді. Қажетті дәлел- медициналық құжаттарды көрсететінін айтты. Одан партиялық комиссияға түсінік жазуын талап еттім. Комиссия төрағасына (А.Линник) жағдайды мұқият зертеуді және одан өзіндік қорытынды жасауды тапсырдым».

Төраға айтса, істелмейтін шаруа, атқарылмайтын жұмыс бола ма, кейіпкеріміздің бастығына айтқан уәжі түгел рас болып шыққан түрі бар. Шынымен де, өзіне-өзі қастығы жоқ адам қан қысымы 200-ге көтерілгенде стақан ұстай ма? Оның үстіне, омыртқадағы грыжа дегеніңіз – анау. Қазақ грыжа, протрузия секілді омыртқадан алатын бәлекеттің барлығын бір ауыз сөзбен «құяң» дейді. Құяң күшіне мінгенде, кісінің жанары жансызданып, тілі күрмеліп қалатынын дәрігерлер жақсы біледі. Тіпті даңғырлап тұратын дауылпаз адамыңның өзі бес жасар баланың ескі барабанындай дәңгірлеп қалуы мүмкін.

Міне, сондықтан біз кейіпкерімізді бүкіл халыққа танытқан оқиғаға медициналық тұрғыдан баға бергеніміз дұрыс. Өкінішке қарай, елдің бәрі дәл осылай ойламайды. «Бұл жағдайдың бір жақсы жері – құлан енді қасынбайтын болды» деп қағытып жатқандар да бар.

Құрсын, кімнің аузына қақпақ болғандайсыз, айтқан ел айта берсін. Ал біз ары қарай кеттік...

Неге менің атымды...

Мұхтар Шахановтың «Неге менің атымды Мұхтар қойған?» дейтін әйгілі өлеңін білетін шығарсыз. Кейіпкеріміздің де есімі тегін қойылмаған, кезінде әкесі «осы ұлым Қаз дауысты Қазыбектей болсын» деп ырымдаған екен. «Қазақ ырым етеді...» деген – осы. Бірақ ырымның қырын кетпеуі әкенің ниетіне ғана емес, баланың түйсігіне де тәуелді. Сонымен кейіпкеріміз атына сай бола алды ма? «Атымды осы ақтай алсам болғаны!...» деген өлеңінің екі шумағын оқып көріңізші.

Алысумен Өмірдегі сынақпен,
Қайта тұрдым, қалсам егер құлап мен…
Шибөрілер қалды жолда шуылдап,
Парламентке кірдім қасқыр тымақпен…

Ақордада естілсін деп қыр әні,
Ақын ұлың айқасумен жүр әлі…
Өзге тілдер өзеуресе мінбеден,
Қазақ жырын оқығым кеп тұрады...

Өлеңде гәп жоқ! Әрі мұнда бірқатар ақпар да бар. Жаңағы біздің «түлкі тұмақ па, сусар тұмақ па» деп жорамалдап отырғанымыз қасқыр тұмақ болып шықты, мінеки. Әйтсе де артында «шуылдап қалған шибөрілердің» – жоғарыдағы әйелдер емес екені анық. Себебі қасқыр тұмақ киген адам көшедегі әйелдермен «ырылдасып» жүрсе, оның несі Қазыбек?!

Біздіңше, «шибөрілер» – кейіпкеріміздің Мәжіліске баруына кедергі келтіріп, аяққа оралған әлдебіреулер болуы мүмкін. «Ақын ұлың айқасумен жүр әлі…» дегені де рас. Қазыбек Иса мемлекеттік тілді менсінбейтіндермен айқасып-шайқасып келе жатыр. «Қаңтар төңкерісінің көсемі кім?» деген депутаттық сауалы – Мәжілісте айтылған депутаттық сауалдардың төресі.

Бірақ соны батырып айтқанымен, шам алып соңына түспеді. Әйтпесе, ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов «бұл іске ҰҚК басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің де қатысы бар» деген сөзді 2023 жылы айтқан. Көтерілістің «көсемін» іздеген адам үшін бұл таптырмайтын ақпар, індетіп іздейтін мәселе еді. Оны айтасыз, «Самат Әбіш неге шартты жазаға сотталады?» деп дау көтеру – өздерін халықтың ұлы санайтын қазыбектердің парызы болатын.

Мәжіліс депутаты Қ.Иса. Фото: ғаламтордан

Бірақ таусыла беретін несі бар, барына тәубе, айтқанына ләббай дейтін заман қазір. Кейіпкеріміздің «Барлық жерден елбасы атауы жойылуы тиіс!» дейтін пікірі жұрттың құлағына жағады. Алайда басты мәселе, Назарбаевтың атында емес, затында. Заман өзгерді, Қазақстан жаңарды дегеніңмен, экс-президенттің «затына» зиян келмек түгілі көлеңке де түскен жоқ. Оны өзі де ашық айтып жүр.

Сонымен кейіпкеріміз атына лайық болды ма, жоқ па? Кесіп айту қиын, бірақ бір білеріміз, Орта жүздің бас биі атанған Қаз дауысты Қазыбек дәл осы дәуірде өмір сүрсе, Мәжіліске бара алмас еді. Себебін білесіз, бабаларымызда ақиқатты «шеңберден асырмай» айту деген түсінік болмаған. Ал біздің Қазыбек барды... Біздіңше, қос Қазыбек арасындағы айырманы осы арадан іздеген адам жаңылмайтын сияқты.

Үшінші президент және «ғасыр жұмбағы»

Айтқан сөзіңнің бәрі ап-айқын болып тұрса да, қадірің кете ме, бердеңе ғой өзі. Кейбір пікірлерің қоғамда от тұтатып, бір сөніп, қайта қоздап, елді ырду-дырду қылып жатса – жұрттың аузында, көптің алдында жүресің. Кейіпкеріміз енді бұл жағын қатырады. Назарбаев дегенде, қабағын шытып шыға келетін Қазыекең Тоқаевқа келгенде екі шоқып, бір қарайды. Бірақ соның өзінде, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», ел-жұрт отыз күн ойланып, қырық күн толғанса да, шешуін таба алмайтын бір жұмбақты көптің алдына «тастай» салған. Есіңізде ме, 2022 жылы депутаттар «президенттік мерзімді 5 жылдан 7 жылға ұлғайтып, әр президент бір-ақ мәрте сайланатындай Заң нормасын қарап жатырмыз» деп алашапқынға түспеді ме. Міне, сол кезде біздің кейіпкеріміз «даңғыр-даңғыр» етіп, бүй деген: «Осы біз президенттікке ешқандай мерзімсіз көп сайланудан аузымыз күйген ел емеспіз бе? Отыз жылда еліміз екінші президентке зорға жетіп отырған жоқ па? Өзіміз екінші президентті көре алмай кетеміз бе деп едік, құдайға шүкір көрдік... Ал жаңа норманы қазір енгізсек, 30 жыл емес, 14 жылда 2-президент болады...»

Сонда қалай, екінші президент 14 жыл отыра ма, әлде Тоқаев екінші президент емес пе? Бәлкім, кейіпкеріміз Назарбаев пен Тоқаевты бір адам деп санайтын шығар? Өте қызық әрі маңызды сұрақ. Мұны кезінде «Мәжіліске Қазыбек барса, қатырады» деп үміт күткен санаулы сайлаушылардың өзі дұрыс түсіне алмай, бастары қатқан. Ал журналистер құрал-саймандарын көтеріп, кейіпкерімізді іздеуге шықты. Бәрінің бірдей жолы болмаған ба, әйтеуір «7 арна» таспалаған мына бейжазба алдымыздан жарқ ете қалды. Бұл жерде кейіпкеріміз ел-жұрт бал аштырса да, шешуін таба алмаған жоғарыдағы жұмбағын былайша тәпсірлейді:

...Енді 30 жылда емес, 7 жылда одан кейінгі президентті көреміз. 30 жылдан кейін көру жақсы ма, 7 жылдан кейін көру жақсы ма, жаңа президентті? Әрбір жаңа президент жаңалық қой. Осы мағынада мен жаңа айттым, оны кейбіреулер түсінбей қалыпты. Қазақ сөзін салыстырмалы түрде айтады, таразының бір басына, бір басына қойып. 30 жылда екінші президент пен 7 жылда одан кейінгі президент – екінші президент қой ол. Содан кейінгі екінші болып саналады ғой. Бұрынғыдай 30 жыл күтпейсің деген сөз де, одан кейінгі президентті. Екінші емес, келесі деп айтуым керек еді де...»

Дұрысы, келесі емес, үшіншісі еді. Бірақ кейіпкеріміз салыстыру арқылы, «таразының басына қойып» қанша мәрте теңгерсе де, «үшінші» деген сөзді айтпай қойды. Ал неге айтпайды? Қазақстан халқы үшінші президентін көруге лайық емес пе? Әлде Мәжілістегі қазыбектер екінші президентті үшіншінің орнына қойғалы жүр ме? Міне, мұны келесі президент сайлауы ақталғанша, біле алмайсыз. Өйткені саяси әлемдегі маңызды өзгерістер алдын ала жоспарлауға көнбейді. Ал жоспарға көнбейтін нәрсені жұмбақтап айту – бүгінгінің Қазыбегіне тән тапқырлық екеніне күмәніңіз болмасын...

Түйін: Қазыбек Исаның бір артықшылығы, көрген дүниесіне жабысып қалмай, қосымша тағы бірдеңені «іле» жүреді. Мәселен білім алған жері – Абай атындағы педагогика университетінің көркемсурет-графика факульті. Яғни, бұл кісі мамандығы бойынша – суретші. Бірақ суретші боп жүріп, ақын ретінде танылды. Ел Қазыбекті ақын екен деп жүргенде, кейіпкеріміз журналистикаға «жүген» салған. Ал журналист болып жүріп, депутат атанғаны көпке мәлім.

Мұны енді «жақсы ат екіден тартады» десеңіз де, қос қанатын кеңге жайған алып құсқа ұқсатсаңыз да, өзіңіз білесіз. Ал бізге екінші нұсқа көбірек ұнайды. Өйткені екі қанатының бірін – билік, бірін – халық деп қарасаңыз, Қазыбектің өзі – дәл ортада. Әуеде қалықтағанда, біресе ана қанатын, біресе мына қанатын жоғары көтеру – құс біткеннің табиғи қасиеті. Ал екі ортада ары-бері қойқаңдау адам үшін сәл ерсілеу көрінетіні анық. Әнеки, мәселе! Кейіпкеріміздің тәп-тәуір «даңғыры» кейде неге түсініксіз естілетінін енді ұққан шығарсыз?!

Сансызбай Нұрбаба.