1 шілдеден бастап ипотека алу қиындай ма?
1 шілдеден бастап Қазақстанның тұрғын үй нарығында ипотека беру талаптары күшейеді. Бұл өзгеріс ең алдымен коммерциялық банктердің жұмысына әсер етпек. Алайда сарапшылар нарықта айтарлықтай өзгеріс болмайды деп есептейді. Себебі елде берілетін ипотеканың негізгі бөлігі әлі де мемлекеттік бағдарламалар арқылы рәсімделіп жатыр.
Астана, NEGE. Экономикалық сарапшы Вячеслав Лазаревтің айтуынша, бүгінде ипотеканың 58 пайызы Отбасы банк арқылы рәсімделеді. Бұған қоса, «7-20-25» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Сондықтан коммерциялық ипотеканың нарықтағы үлесі 20 пайыздан аспайды.
«Осыған байланысты пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруі тұрғын үй нарығына айтарлықтай әсер етпейді. Дегенмен өзгерістер екінші деңгейлі банктердің несие шарттарына әсер етуі мүмкін. Себебі коммерциялық банктер қайталама нарықтағы тұрғын үйлерді қаржыландырып келеді. Енді олардың кейбірі ипотекалық бағдарламаларын қысқартып немесе уақытша тоқтатуы мүмкін», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда банктер тәуекелді барынша мұқият бағалай бастады. Соған байланысты ипотека рәсімдеу талаптары да қатаңдай түседі.
«Бұрын ипотекалық өтінімдердің шамамен 36 пайызы мақұлданса, қазір бұл көрсеткіш 23 пайызға дейін төмендеді. Банктер қарыз алушының ресми табысын, несие тарихын және жалпы қаржылық тұрақтылығын бұрынғыдан да мұқият тексереді. Соның нәтижесінде ипотекаға өтінім беру оңай болғанымен, оны мақұлдау қиындай түсуі ықтимал. Тек төлем қабілеті нақты дәлелденген азаматтарға басымдық беріледі.
Сонымен қатар бастапқы жарна мен тәуекелге қойылатын талаптар да күшеюі мүмкін. Кейбір банктер несиені тәуекелі төмен шарттармен беру үшін алғашқы жарна көлемін ұлғайтып, қосымша талаптар енгізуі ықтимал. Бұл, әсіресе, жинағы жеткіліксіз азаматтар үшін қиын болуы мүмкін», – дейді Вячеслав Лазарев.
Сонымен қатар сарапшы биылдан бастап екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік берілгенін атап өтті. Оның пікірінше, алдағы уақытта банктер мен құрылыс компанияларының бірлескен бағдарламалары көбейеді.
«Қазір құрылыс компаниялары банктермен әріптестік орнатып, пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялауды қарастырып жатыр. Бұл ипотеканың халық үшін барынша қолжетімді болуына мүмкіндік береді», – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, алдағы айларда базалық мөлшерлеменің төмендеуі де нарыққа белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Инфляция баяулаған жағдайда Ұлттық банк базалық ставканы кезең-кезеңімен төмендетуі ықтимал.
«Мұндай жағдайда қайталама тұрғын үй нарығындағы бағаның өсу қарқыны баяулауы мүмкін. Себебі бұл сегмент коммерциялық банктердің несиелеу саясатына тікелей тәуелді. Ал бастапқы нарықта мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы басым болып қала береді», – дейді сарапшы.
- Тақырыпқа орай: Астанадағы MEGA Garden маңынан пәтер алу қаншалық тиімді?
Вячеслав Лазарев жалдамалы баспана бағасының да жыл сайын өсіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мүмкіндік болса, баспана сатып алуды кейінге қалдырмаған жөн.
«Тұрғын үй бағасы да, жалдау ақысы да жыл сайын қымбаттап келеді. Сондықтан мүмкіндік бар кезде баспана сатып алған тиімді. Себебі ипотека рәсімдеген адам бүгінгі нарықтағы бағаны бекітіп алады», – деп түйіндеді сарапшы.
Түйіндей келе, 1 шілдеден кейін тұрғын үй нарығында жаңа кезең басталғалы тұр. Ипотека рәсімдеу талаптарының өзгеруі әсіресе орташа табысы бар азаматтарға әсер етуі мүмкін. Дегенмен мемлекеттік бағдарламалар, банктер мен құрылыс компанияларының бірлескен жобалары нарықтағы белсенділікті сақтап қалуға ықпал етуі ықтимал.
Жазған Әйгерім Кабиденова