USD
USD
USD

Талғарда екі кішкентай қыздың әкесі жас жігіттің қолынан қаза тапты

Қайғылы жайт 11 мамыр күні Талғар ауданы Нұра ауылында болған. 

кісі өлімі
Фото: vk.com/talgarcity

Астана, NEGE. Бұл жөнінде журналист Нұртай Лахан хабарлады. Оның жазуынша, кісі қолынан қаза болған жігіт қайғылы оқиғаның алдында он жыл бұрын бақилық болған әкесінің басына барып құран оқыған. 

«Қасында інісі бар. Қайтарда жол үстінде көліктің төрт есігін айқара ашып тастап, шулап отырған үш жігітті көреді. "Есікті жабыңдар, өтіп кетейік" дейді. Әлгілер "қажет болса, айналып өт" дейді. Бұлар да көп ерегеске бармай, кетіп қалады. Үйіне келіп, көліктен түскен сәтте артынан қуып келген үшеудің бірі сөзге келместен екі өкпеден бір мезетте пышақ тыққан. Қолына екі пышақты қатар ұстап келгенін аңдамай қалған. Осылайша бір жас қапыда кетті. Артында бір жасқа енді толған екі қызы артында қалды», – деп жазды журналист желідегі парақшасында.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі үш күдікті ұсталғанын хабарлады. Бұл дерек бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды.

«11 мамыр күні ауруханада пышақ жарақаттары салдарынан 24 жастағы Нұра ауылының тұрғыны қайтыс болды.

Оқиға туралы хабар түскеннен кейін бірден полицияның барлық сыртқы жасақтары бағытталып, бақылау бекеттері қойылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ізін суытпай марқұмның ауылдасы саналатын үш күдікті ұсталды», – делінген полиция хабарламасында.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.

«Тергеу аясында оқиғаға қатысушылар мен куәгерлердің жауаптары мұқият тексерілуде. Тергеу барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деп хабарлады полиция қызметі.

Ауыл тұрғындары мектеп оқушыларының өзі пышақ алып жүретінін айтады. Тіпті бір бала сыныпта отырған оқушы қыздың санына пышақ сұққан. Бұған қоса жетінші сыныптың оқушысы сегізінші сыныптың баласын пышақпен қуған. Ал мұндай мәселелер ауыл чатында жазылса, үркітіп, қорқытып, жазбаларды өшіртіп тастайтын көрінеді.

Айта кетейік, соңғы кезде Талғар ауданы басылым беттерінде жиі аталып жүр. Осы ауданның тұрғыны Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қайғылы оқиға 2024 жылғы 4 қазанда болған. 16 жастағы Шерзат Полатты бір топ адам анасының көзінше аяусыз ұрып, өлтіріп кеткен.

Іс бойынша 9 адам айыпталды. Оларға адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, бұзақылық және қылмысты хабарламау баптары бойынша айып тағылды. Сот үкімімен басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға, Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, Нұрқияс Ілиясов 9 жылға сотталды.

Қызылқайрат ауылында өткен жылы қыркүйекте болған оқиға да көптің жағасын ұстатты. Тергеу дерегінше, көлік жөндейтін орында жұмыс істеген ер адам жергілікті әйелді зорлап, бір ай бойы оны қорқытып келген. Кейін әлгі ер адам әйелдің бауырын өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кеткен. Оқиғаның алдында жәбірленуші әйел полицияға арызданған. Алайда күдікті оқшауланбаған, іс қозғалмаған. Осы істе әрекетсіздік танытқан полицейлердің үстінен де қылмыстық іс қозғалды.

Бұл іс бойынша негізгі күдікті Еламан Айғазинов 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған 12 бап бойынша айып тағылды, оның ішінде адам өлтіру, зорлау, адам ұрлау және қару сақтау баптары бар. Ал кәмелетке толмаған екі айыпталушының әрқайсысына 9 жылдан жаза тағайындалды.

Наурызда екі әйел ер адамды пышақтады деген күдікке ілінді. Адвокат Асылбек Әбдірайымовтың мәлімдеуінше, әйелі күйеуіне айтпай, жылқысын сатып жіберген. Осыдан кейін күйеуі полицияға шағымданған. Соған ренжіген әйелі шешесімен келіп, ұйықтап жатқан күйеуіне отыздан астам пышақ жарақатын салып, өлтірген.

12 сәуірде Талғар ауданы Гүлдала ауылында 20 жастағы Әнуар Мұсаев есімді жігітке оннан астам адамнан құралған топ шабуыл жасаған. Пышақ жарақатын алған Әнуар оқиға орнында жан тапсырды. Алматы облысының полициясы бұл факт бойынша төрт күдікті ұсталғанын және «кісі өлтіру» мен «бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады.

Қазір оқып жатыр

Күзде пайызсыз ипотека беріле бастауы мүмкін

кілт

1 шілдеден бастап ипотека алу қиындай ма?

Пәтер кілті

«Балапан» арнасы «продюсер зорлады» деген жігітке қатысты мәлімдеме жасады

Нұрғали Нұғман

Қайрат Сатыбалды ұзақ уақыттан кейін алғаш рет ел алдына шықты

Қайрат Сатыбалды