12 Маусым 17:40
...

«Құрту керек!» – Бұған дейін «Елбасыға сенген» депутат қазір оған НЕГЕ сенбейтінін айтты

Депутат
Фото: azattyq.org / Сәния Тойкен. Фотода: Қ.Иса, Ақтау, 2015.

«ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы» туралы заңның күші 2023 жылдың 11 қаңтарында жойылған болатын. Алайда, «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі Қазыбек Исаның айтуынша, кейбір заң жобасында «Елбасы» атауы әлі қолданылып жүр және мұны толықтай жою керек.

«Заң жобасының 4-бабында рақымшылық қолданылмайтын адамдар тізімі берілген. Соның ішінде 13-тармақта «ҚР Тұңғыш Президентінің – Елбасының өміріне қол сұғушылық» бабы (ҚК 166-1) көрсетілген. Алайда 2023 жылдың 11 қаңтарында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңның күші жойылса да, неге бүгін қабылданып отырған жаңа заңда «Елбасы» деген атау заңсыз қолданылып отыр? Бұл жерде «экс-президент» деп қана жазылуы тиіс! Барлық заңдардан, барлық құжаттардан «Елбасы» атауы жойылуы керек!», – деді депутат.

Дегенмен, кейбір ақпарат құралы депутат Қазыбек Исаның бұл мәлімдемесінен соң оның бұған дейін Тұңғыш президент туралы айтқан «жылы сөздерін» де мысалға келтірген екен. Онда «2019 жылы Қазыбек Исаның Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап, «Казахстанская правда» басылымына «Елбасының өлшеусіз рөлі» атты мақалада «Астанаға Елбасының атын беру өте дұрыс шешім екенін атап өткені» жазылған.

Экс-президент
Н.Назарбаев. Фото: ғаламтордан

NEGE тілшісі депутат Қазыбек Исаның өзіне хабарласып, екіұшты пікірдің ара-жігін тарқатып беруін сұраған еді.

– Қазыбек Жарылқасынұлы, сіз заңдардан «Елбасы» атауын мүлдем алып тастау керектігін айтыпсыз. Солай ма?

– Иә, дәл солай. «Елбасы» деген атаудың да заң бойынша күші жойылуы керек қой?! Бұл қандай заңдылыққа жатады? Заң бойынша кейін қабылданған заң бұрынғы заңның күшін жояды. Сондықтан, барлық заңдардан, барлық жерден Елбасы атауы жойылуы тиіс! Кеше қабылданған «Рақымшылық» туралы заңда неге жүр?» деп Ішкі істер министрлігіне сұрақ қойдым.

– Десе де, сіздің «Елбасы ел игілігі үшін аянбай еңбек етті...» деп келетін пікіріңіз басылым беттерінде жүр. Сіз қазір сол пікіріңізді жоққа шығарып тұрған жоқсыз ба?

– Бұл пікір қайда шығыпты? Қай жерде айтыппын? Ол менің сөзім емес! Мен ол кезде су саласының еңбек ардагері Қасқабай Асановтың пікірін келтіргенмін. Соны бұлар «менікі» етіп бұрмалап берген. Шын мәнінде, мен «Астана қаласына Елбасының атын берсеңіздер, онда Петропавлға – Абылайханның, Павлодарға – Кенесары, Семейге – Әлиханның атын беру керек» деп айттым.

Депутат
Қ.Иса. Фото: ғаламтордан

– Сонда сіз кезінде Тұңғыш президенттің саясатын мүлдем қолдамадым деп кесіп айта аласыз ба?

– Мен Елбасының саясатын қолдап, ешқандай мақала жариялаған жоқпын. Өйткені, оның кезінде Парламент депутаттығына төрт мәрте құлатып, өте алмадым. Не үшін және қалай қолдаймын?

2019 жылы орнынан кеткенде ардагер Қасқабай Асановтың пікірін келтіргенім бар. Мақаланың авторы өзім, пікір – сол кісінікі. Бірақ соны менің аузыма салып қойған ғой. Ал 2007 жылы Парламент сайлауы кезінде «Елбасыға деген ел сеніміне нүкте қойылған сайлау болды» деген мақала жаздым. 2007 жылы қылышынан қан тамып тұрғанда «Назарбаевтың 41 қиянаты» деп жаза алатын ба еді?!

– Әйтсе де, Назарбаевтың 30 жылда атқарған қай еңбегін атап өтер едіңіз?

– Оның 30 жылдағы екі еңбегін айтуға болады. Біріншісі – шекараны шегендегені, екіншісі – Ақмоланы астана қылғаны. Бірақ ұлттық мүддеге келгенде елге үлкен зиян келтірді. Экономикалық зардабы былай тұрсын, ұлттық мүддені аяқасты етіп, 30 жылда мемлекеттік тілді дамытпады.

Құдай қаласа, жағдай реттелсе, триллиондар қайта орнына келер, ұлт мүддесі ше? 2022 жылы «Тәуелсіздік жылдары туған бала қазақ тілін емес, орыс тілінде сөйлесе, біздің Тәуелсіздік алғанымыз қайда қалды?» деп депутаттық сауал жасадым. Менің ұстанымым белгілі ғой. Бірақ жауларым әдейі бұрмалап алады.