4 Қаңтар 13:36

Гүлшарат ЖҰБАЕВА: Бишілерге өзін таныту өте қиын

Фото:

Бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған Гүлшарат ЖҰБАЕВАНЫҢ көгілдір экраннан көрінбей кеткенін ескеріп, тілшіміз өнер иесіне хабарласты. Айтары бар актрисаның атқарып жүрген жұмысы аз емес екен. Табысты кәсіпкерге айналған ол құпиясымен де бөлісті.

– Гүлшарат, кейінгі кезде кәсіпкерлікке бет бұрып, киноға түсуді қойған тәріздісіз. Әлде, режиссерлерден ұсыныс түспей жүр ме?

– Ұсыныстар түсіп-ақ жатыр. Бірақ рөл ұнаса уақытым болмай қалады, ал уақыт табуға тырасайын десем, образым жақпайды. Оның үстіне балам әлі кішкентай болғандықтан үнемі қасында болуым қажет.

Біздің киноөндірістегі бір осал тұс сол – адамдардың уақытын бағалай білмейді. Мысалы, таңда қаладан жинап әкеткенмен, түсірілім түсте бір-ақ басталуы мүмкін.

Мәселен, «Тергеушілер» фильмінде украиндық киногерлермен жұмыс істедік. Түсірілім таңғы жетіде басталса, кешкі сағат жетіде аяқталатын. Қажетті кадрды түсіріп үлгерсе де, үлгермесе де, жұмыс тобы келісілген уақытта тарқайтын. Осындай жауапкершілік пен ұйымдастырушылық жағы бізге жетіспейді.

– Қазір қалтасы қалыңдағанның бәрі кино түсіруге әуес болып кетті. Өзіңіз киноәлеммен біраз  қанық актриса болғандықтан, қандайда бір картина түсіру ойда жоқ па?

– Неге екенін, қазіргі кинотеатрлардан табыс табамын десең,  комедия жанрындағы кинолар түсіру керек деген ой қалыптасқан. Осының салдарынан болса керек, мелодрама мен әлеуметтік фильмдер аз. Десе де бізде түрлі фильмдер түсіріп жатқан киногерлер бар, оларды жоққа шығаруға болмайды. Ал өзім кино түсіруді қолға алсам, оны табыс көзі деп қарамауға тырысамын. Идея бар. Бірақ, оны таспалау қыруар қаражатты талап етеді. Сондықтан ол жоспар болашақтың еншісінде.

Күйеуіңіз сізбен селбесіп киноға түсіп жүр. Себебі қызғаныш емес пе?

– Күйеуім маған сенеді. Бірақ сенеді екен деп дандайсып кетуге де болмайды. Қандай жетістікке жетсең де, қаншалықты танымал болсаң да, отбасыңның алдындағы міндетті ұмытпауға тиіссің деп ойлаймын. Оның үстіне мен ата-енеммен бірге тұрамын. Қарашаңырақ болған соң келімді-кетімді қонағымыз бар дегендей, барлығына уақыт табуға тырысамын.

Сізді «Келіннен» кейін көпшілік сыртыңыздан біраз жерге апарып тасағаны есте. Қазір парақшаңызды ашып, пікірлер легіне көз жүгіртсем, Гүлшараттан мықты адам жоқ. Көпшіліктің көзқарасы қалай өзгерді?

– Әрине, көп сын естідім, оңай болған жоқ. Бірақ, бастысы жақындарым маған қолдау білдірді. Сол маған сеп болды.  Мен «біреуді мойындатамын, маған деген көзқарасын өзгертемін» деп талпынған жоқпын. Себебі, актрисаның алып шыққан образына қарап баға беруге болмайтынын көпшілік жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Мысалы, жеке басының тағдыры көңіл көншітпейтін актриса жүрегі жылап тұрып-ақ аста-төк қайғысыз адамды айна қатесіз сомдап шығуы мүмкін.

Осы ретте кейбір желідегі жандардың жекеме шығып, өнерімді түсініп, қалаберді бүгінгі жасап жатқан кәсібіме сәттілік тілеп жатқанда риза боламын.

– Өзіңіз кәсіби биші болғандықтан, арнайы мектеп ашқаныңызды естіген едік. Би үйренгісі келетіндер көп пе?

– Шынымды айтсам, бізде бишілер өнер иесі саналғанымен, олардың еңбегін бағалайтындар аз. Осы қағиданы бұзу мақсатында арнайы мектеп ашқан болатынмын. Биші болғысы келетін жасөспірімдер бар, бірақ олар көп емес. Би үйренгісі келетін қыздардың ата-аналары жекеме жазады. Олардың меселін қайтармау үшін онлайн жүйе арқылы қашықтан сабақ беруді қолға алсам ба деп жүрмін. 

– Осы мың бұралған бишілерді әншілердің тасасынан алып шығудың  қандай жолы бар?

– Біздің елде небір талантты бишілер бар. Бірақ оларға деген насихаттың жоқтығы жанға батады. Қазіргі кезде әйтеуір «Жеті қазына»  сынды түрлі конкурстар қолға алынып жатыр ғой. Бірақ, неге екенін, қазіргі жастардың дені бишіден бұрын блогер болуға ұмтылады. Биді ұлттық құндылық, саф өнер деп қабылдай қоймайды. Бұған «Пәленше көйлек», «Түгенше көйлек» деп әнге салып, тойдың айналасынан шықпай қалғанымыз да себеп болар. Қалай дегенмен, бишілерге өзін таныту өте қиын.

Ел өңірлеріндегі шеберлердің басын қосуды әдетке айналдырдыңыз. Бұл біраз ісмер жандарға шабыт сыйлап жатқан болар?

– Біздің елде шүбереке тіл бітіретін тігіншілер аз емес. Үйде отырып алып құрақ құрап, кесте тігіп, ою оятын дала дизайнерлері  насихаттың жоқтығынан тасада қалып жүр. Арнайы фестиваль ұйымдастырып, шапқылаумен жүрмін. Мақсатым – отандық шеберлердің еңбегін жалпақ жұртқа таныстыру, оларды қызыл кілемнен жүргізіп, арнайы номинация бойынша марапаттап, ынталандыру.

Бірақ алғашқы жиынды Студенттер сарайында ұйымдастырғаным қателік болды. Себебі, үлкен залға көрермен жинау оңай шаруа емес екен. Ал теле-радио арқылы жарнама беру үшін көп қаржы керек.

Дегенмен, алғашқы шара біздің елде ісмерлердің көптігін көрсетті, соған орай номинация түрін де көбейту қажеттігіне көз жеткіздік. Сондықтан Алматы қаласындағы үлкен сауда үйлерінің бірінде тағы фестиваль өткізуіме тура келді.

Он екі жастағы бүлдіршіннің инемен түйін түйгендей жұмыстарын көргенде, таңданысымда шек болмады. Сөйтіп шабыт алып, үшінші рет тағы Атырау қаласында фестиваль ұйымдастырдым. Дизайнерлер қауымдастығы мен Іскер әйелдер қауымдастығы сынды түрлі ұйымдардан тігінші шеберлерді шақырып, қазылық жасаттық.   

Білікті дизайнерлердің бірі ретінде айтыңызшы, отандық сәнгерлердің қолынан шығатын киімдер неге екінің бірінің қалтасын көтере бермейді?

– Себеп көп. Біріншіден, бізде мақта-мата өндірілмейді. Сондықтан оны сырттан сатып алуымызға тура келеді. Сосын коммуналдық шығындар мен жалға алатын ғимараттың ақысы сияқты шығындар шаш етектен. Оған кәсіпкердің қалтасына  түсетін пайданы қосыңыз…

– Үкіметтен қандайда бір  көмек алып отырсыз ба?

– Жоқ. Жаңа айтып өткен фестивальдерді өткізер алдында Алматы қаласының әкімдігіне  барып, қандай да бір сауда үйінен залды жалға беру  ақысын елу пайызға жеңілдікпен алып беруді өтіндім.  Олар қажетті жерге хат жазып бергенімен, орындала қоймады. Себебі, барлық орталықтар жекеменшік болғандықтан, әкімдіктің сөзін ешкім құлаққа ілмейтін болып шықты. Алғашқы фестивальді ұйымдастыру барысында солардың уәдесіне сеніп, соңында өзім қарызға белшеден баттым. Ақыры, көлігімді ломбардқа қойып, берешегімнен құтылуыма тура келді.

Қарап отырсақ, Қазақстанның тұрғындары ағылатын Алматының барахолка базарындағы той-томалаққа арналған қажеттінің бәрі көршілес қырғыз елі мен Қытайдан келеді екен. Бізде де шеберлер бар емес пе, әлде оларың шетелден келетін тауарлардың орынын толтыруға қабілет-қарымы жетпей ме?

– Оған біздің шеберлердің таланты да, қабілеті де толық жетеді. Тіпті, асып түспесе, кем түспес. Бірақ түрлі кедергілер көп. Ең алдымен өзіміздің елде мақта-матаның өндірілмеуі қолды байлайды.

Бір кездері барахолкаға арнайы барып, бір сатушыдан Қырғызстаннан көтерме бағамен келін көйлекті қаншаға алатынын сұрадым. Ол кісі де қымысынбай, сегіз мыңнан алатынын жеткізді. Сосын мен жұлып алғандай, сол бағаға мен де тігіп беретінімді айттым. Сөйтіп, қол астымдағы қырық қыз жабылып, уәде етілген уақытта тапсырысты өткізуге жұмылдық.

Сонда жаңа айтып өткенмдей, өзімізде өндірілмейтін болғандықтан, матадан бастап, лента, бисер дейсіз бе, барлығын шеттен келетін нарықтағы тауарлардан сатып алдық. Соның бәрін есептегенде, бір көйлекке жеті мыңның үстінде шығын кетті, ал қалтамда қалатыны мың теңге ғана екен. Оған мен тігіншілеріме айлық төйлеймін бе, әлде жалға алған жерімнің ақысын төлеймін бе, қай жыртығымды жамаймын?!

Ал екінші, мәселе карантин тұсында қаладағы көптеген жекеменшік цехтармен бірлесіп, халаттар тіктік. Бір қызығы, оларға «Қазақстанда жасалған» деген белгі қойсаң, ешкім сатып алмайды екен. Ал Түркияда не болмаса «Қырғызстанда жасалған» десең, қолдан қолға тимей өтеді. Отандық тігіншілерге деген сенім жоқ. Менің шеберлер фестивалін қолға алудағы мақсатым да сол – халықты өзіміздің тігіншілердің жұмысымен таныстырып, оларды мойындату.

Мысалы, сол шараның жеңімпазы Айгерім Дүйсебекова есімді  қызымыз манекен жасаумен айналысады екен. Біз тігіншілер арасында танымал «Моника» атты манекенді үнемі Ресейден алып жүретінбіз. Сөйтсек, ондай манекенді өз жерлесіміз де жасайтын болып шықты. Сапасы да шетелдік манекендерді шаң қаптырады, формасы да біздің ұлттың табиғи болмысымызға байланысты жасалған. Бір өкініштісі – қолдау мен жарнаманың жоқтығынан біз оны осы күнге дейін білмей, көршілес елдің кәсіпкерлерінің саудасын қыздырып келдік.

Құлсарыдан шыққан тағы бір арудың көйлек-көншектерін көрсеңіз, көзіңіздің жауын алады. Жұмысы әлемдік дизайнерлердікінен асып түспесе, кем түспейді. Міне, біздің елде осындай шеберлер жетіп артылады. Бірақ қолдаудың жоқтығы олардың қолын байлап отыр.

– Бүгінде табысқа жетудің жолын түрлі тренингтен іздеп жүрген замандас қыз-келіншектерге қандай кеңес айтасыз?

– Психологтар мен кейбір бизнес-тренерлердің аффирмация мен мотивация сынды қиялға салуы қаншама адамның сан соғып қалуына әкеп соғып жатыр. Неге десеңіз, кәсіп деген олар айтқандай, «мен баймын, менде бәрі тамаша!» деген жалаң, қияли сенімнен емес, алдымен нарықты зерттеуден басталады. Сондықтан сұранысқа байланысты жұмыс істеген жөн.

Тегтер: