17 Желтоқсан 08:13
...

Ерболат Беделхан: Қазақстанда ешқандай да шоу-бизнес жоқ!

Фото:
Ерболат Беделхан құрған JUZ Entertainment продюсерлік орталығынан талай талант түлеп ұшты. Солардың бірі – аға буын даттаған, жастар жағы жақтаған «91» тобы.

Жігіттерді қанаттандырған білікті продюсер Ерболат БЕДЕЛХАНДЫ ашық әңгімеге тарттық.

– Ерболат, сіздің «тыныш жүрмейтініңізді» ескерсек, тағы бір жоба жарыққа шығаратын сияқтысыз. Жалпақ жұртқа  таныстырмаққа не әзірлеп жатырсыз?

– Енді қыздардан тұратын топ құрмақпын. Бір жылға жуық уақыттан бері сол аруларды сахнаға баулып, тәрбиелеп жатырмын.

 – Ерекше дайындығыңызға қарағанда, тобыңыздың да атауы ерек болар?

– Ол жағы әзірге құпия.

– Сіз қанаттандырған Ninety One тобының  стилінен болар, ел ішіне сіңісуі қиын болды. Енді, қыздарыңыз несімен таң қалдырмақ?

– Жігіттердің шашын бояп, сырға таққаны жұрттың көзіне түрпідей тигені рас. Ал ендігі тұсауын кеспек жобам қыздардан тұратын болғандықтан, олар стиль мәселесінен сынға ұшырай қоймас. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, менің о бастан ұстанған бағытым ол – кью-поп болатын. Соны ары қарай жалғастырамын.

Ninety One тобының аудиторисы кеміп қалғандай көрінбей ме, жігіттердің жұмысына қандай баға бересіз?

– Жігіттер жерге қаратпады. Жиған тәжірибелерінің арқасында жеке дара жүріп те жұмыстарын жақсы атқаруда. Оның үстіне біздің елде кью-поп бағытында өнер көрсететін топтар саусақпен санарлық қой. Сондықтан олар жұтылып кетті дей алмаймын. Өз басым осындай жаңа бағытта өнер көрсететін жастар санының арта түскенін қалаймын. Сол кезде ғана сапалы нарық қалыптасады.

Жігіттермен қарым-қатынасыңыз қалай? Мұны сұрап отырғаным, кей продюсерлер мен орындаушылар келісімшарт уақыты өткен соң бір-бірін көрместей боп кетеді ғой...

– Жоқ, керісінше, көрген жерде құрақ ұшып келіп, құшақтап амандасып жатады. Одан артық қандай сыйластық керек?!

– Бір кездері әлеуметтік желіде палуан Дәулет Тұрлыхановтың өзіңізге телефон арқылы «Ninety One-ды құрт» деген сарындағы әңгімесі тараған еді. Бұдан соң сізді «Тұрлыхановтың қаһарынан Болат Назарбаев қорғап қалды» деген сыбыс шықты. Бұл қаншалықты рас?

 – Оның барлығы өтірік сөз. Болат аға мені ешкімнен көлегейлеген емес.

– Дегенмен,Тұрлыхановтың телефон шалғанын жоққа шығармайтын боларсыз? Ол мәселені қалай шештіңіз?

– Дәулет аға өзге мәселеге байланысты қоңырау шалған еді.  Себебі, арамызға бір адамдар килігіп кетті. Екеуара жеке сөйлескен кезімізде барлығы анықталды. Сондықтан айтарлықтай проблема болған жоқ.

Д.Тұрлыханов.

– Бұрын осы қазақтілді әншілерге «ауылдағының ауызы сасық» деген көзқараста қарайтын еді. Қазір бұл тенденция жойылды ма?

– Иә, біз сахнаға алғаш «Орда» тобы болып шығып жатқан шақта ішінара осындай үрдісті сезетінбіз. Қазір шүкір, халықтың таңдауына  орай сұраныстағы коненттің жүз пайызы қазақтілді болып отыр.  Бірақ бұл  орыстілді аудиторияға өнер көрсететін сапалы контенттердің жойылып кеткенін білдірмейді.

Мысалы, талантымен Ресейдің әртістерін де шаң қаптыратын Скриптонит, Jah Khalib  сынды көптеген өнерпаздарымыз бар. Оларды мақтан тұтуымыз керек.

Той-бизнестен айналып өте алмаймыз. Осы тұрғыда той-бизнестің деңгейін қалай көтеруге болады?

– Біздің елде отыз жыл ішінде өз алдына тойдың нарығы қалыптасып қалды. Бірақ оның деңгейін сапалы тұрғыда қалыптастыру үшін той-бизнесті заңдастыру қажет.

Қарап отырсақ, осы төңірегінде арнайы бекітілген бірде-бір ресми заң жоқ екен. Сол себепті бұл саланың басы-қасында қалыптасқан мамандар да жоқтың қасы. Қарынның тоқтығымен қоса, руханиятқа да көңіл бөлу қажет. Ал той атаулыда түрлі өнер көрсетіліп, ән айтылып, би де биленетін болғандықтан, оны руханияттан ажыратып қарауға болмайды.  

– Осы айтылғандарды түйіндесек, Қазақстанда шоу-бизнес жоқ дегенге келетіндей. Мұнымен келісесіз бе?

 – Әрине, біздің елде ешқандай шоу-бизнес жоқ. Себебі, осы шоудың айналасында шешімін табуға тиіс деп  қарастырылған қандай заңнама бар, айтыңызшы?! Жоқ қой.

Біз, әсілінде дарынды, талантты халықпыз. Бірақ, арнайы менеджменттің жоқтығы қос бүйірден қысады. Егер дамыған, кемелденген мемлекет болғымыз келсе, инвестицияны тікелей халыққа салу керек. Ол білім деңгейін арттырып, руханиятты кеңінен тануымызға жол ашады.

Сіз үшін бүгінгі өнер қандай идеологияны сіңіріп жатыр?

– Егер идеологияны «жұмсақ күш» деп алып, сол жұмсақ күшті сақтап қалғымыз келсе, оның жолы – туған тілімізде жатыр. Біздің халық ауыз әдебиетінен бастап, аңыз-әңгімелеріміз – барлығы дерлік қайталанбас эксклюзивті дүние. Соларды  қаз-қалпында сақтап,  ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін идеология ауадай қажет. Жалпы, ұлттық идеология деген экономика, қаржы болсын, медицина болсын кез келген салада көрініс табуы қажет.

Яғни, мемлекеттің өнер мен мәдениетке деген көзқарасы көңіліңізді көншітпейтін болып тұр ғой?

– Әрине, солай. Нарық жоқ болған жерде тұщымды жұмыс жасалып жатыр деуге келмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын «креативті индустрияны қолға алыңдар» деді. Бірақ, оған бірде-бір қадам жасалмады. Бұл біздің елде осы саладағы тәжірибенің жоқтығын көрсетеді.

 – Сонда бұл салада сапалы нарықты қалыптастыру үшін қандай қадамдар жасау керек?

– Біріншіден, жоғарыда айтып өткенімдей, шоу-бизнес саласында арнайы заң қабылдау керек. Ашығын айтқанда, оған коммерциялық тұрғыдан қараған жөн. Содан соң, осы саланы дамытып-жетілдіру жолында қызмет әстейтін мамандарға жағдай жасау қажет.

Мәслен, «Қазақфильм» болсын, «Қазақконцерт» болсын,  өнерге қатысы бар мекемелерге нарықта өз контенттерін сата алатын мүмкіндік беру жағын қарастыру керек. Сонда ғана олар татымды, түсімі бар жоба жасай алады.

– Қысқасын айтқанда, нақты қолдау  қажет дейсіз ғой?

– Қолдау дегенді көпшілік «ақша беру» деген сөздің айналасында ұғынады. Анығында, мемлекет берген қаражат бюджетке қайтатындай жағдай жасау керек. Бөлінген қаражат алу бар да, қайту жоқ субсидиялардың қатарында қалмау керек. Бұл ретте қаржылай қолдауға ие болатын мекеменің бизнес-жоспарына аса мән беру қажет. Сонда ғана сапалы нарық, қайтарымды салық және тұщымды идеология болады.

Карикатура: Ғ.Смағұлұлы.

– Ал QOS онлайн-кинотеатр жобасын қолға алудағы мақсатыңыз не?

 – Біреулер Ерболат өзіне көп алыпты демесін, бірақ шынын айтар болсам, менің атқарып жатқан жұмыстарымның барлығы қазақ тілінің дамуына негізделген. Себебі, менің ұғымымда «тіл» деген – «ел» деген сөз. Ешкімге міндетсінгенім емес, мақсатым – ұлттың кәдесіне жарайтын дүние жасау. Соңғы демім қалғанша осы жолда тер төгу.

Осы ретте QOS жобасын қолға алған жайым бар. Осы уақытқа дейін елімізде шыққан және жарық көретін контенттер тізбегін бір арнаға тоғыстырып, жинақтауды ұйғардым. Сол арқылы бізде архив пайда болады. Ал архивтің маңыздылығы – топтастырылған құндылықтарды келешек ұрпаққа қалдыру. Яғни, оған енетін туындылардың заңды тұрғыда құқығын қорғап, авторлық құқыққа қол жеткізу. Біз осы жүйе арқылы ғана қазақтілді жобаларды экпортқа шығара аламыз. Бұл – әрине үлкен жауапкершілікті талап етеді. Түрлі қиыншылықтар да алдымыздан  кесе-көлденең шығуда. Бірақ, оны еңсереміз деген сенімдемін.

– Ерболатың осындай қабілет-қарымымен бір кездері әншілік өнерімен танылған жарыңыз Асылдың танымалдылығын арттыруға болар еді. Бірақ, келіншегіңізді неге ошақ қасынан асырмадыңыз?

– Иә, жарымның музыканың қыр-сырын бір кісідей меңгерген әнші екенін жоққа шығармаймын. Бірақ, біз бас қосқан кезде ән сахнасында белгілі бір жүйе болмағандықтан, былық көп болды. Сол себепті, екеуара «әрқайсымыз өзіміздің міндетімізді атқаруымыз керек» деген шешімге келдік.

Әрине, ол да сахнаны аңсайды. Дегенмен, саналы түрде бала тәрбиесін алғашқы орынға қойды. Бірақ, алда «әндер жаздырамын» деп жатса, қолын байламаймын. 

Тегтер: