Тарихы тереңнен сыр шерткен корей театры

Елімізде этнос өкілдерінің тілі мен мәдениеті де қатар дамып келеді. Соның бірі – республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры.
2017 жылы ұжымға академиялық мәртебе берілді, ал 2018 жылы театр Алматы қаласының орталық аймағына көшірілді. Бұл мемлекеттік деңгейдегі тарихи және рухани еңбектің мойындалуы болды.
Театрдың тарихы 1932 жылы Владивостокта Қиыр Шығыс аймақтық корей театры ретінде құрылғаннан басталады. Сол кезеңде Корея Жапонияның отарлығында болып, ұлттық мәдениетке көптеген шектеулер енгізілген еді. Сондықтан да бұл театр шет жерде корей мәдениетін сақтап, дамытуда маңызды рөл атқарды.
1937 жылы корей ұлтының Қазақстанға және Орта Азияға қоныс аударуына байланысты театр екі бөлікке бөлінді. Бір бөлігін Қызылордаға, екіншісін Ташкентке жіберді. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында Қызылордадан театр Үштөбеге көшірілді. 1950 жылы Талдықорған облыстық корей музыкалық-драма театры Ташкент труппасымен қайта қосылды. 1959 жылы театр Қызылордаға оралып, ал 1968 жылы толықтай Алматыға қоныс аударды да, республикалық корей музыкалық комедия театры атанды.

Шығармашылық ұжым театр өнерінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін 1982 жылы ұжым «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сонымен қатар театр көптеген мақтау қағазы мен халықаралық дипломдарға ие болды.
90 жыл ішінде театр сахнасында 270-тен астам спектакль мен концерттік бағдарлама қойылып, олардың қойылымдарын 6 миллионнан астам көрермен көрген. Театр актерлері отандық және шетелдік кино мен телебағдарламаларда да өнер көрсетеді. Репертуардың негізін ұлттық корей драматургиясы құрайды, сонымен қатар қазақстандық және шетелдік авторлардың туындылары қойылады. Барлық қойылымдар корей тілінде, ілеспе аудармамен ұсынылады.

Театр тек посткеңестік кеңістіктегі корейлердің мәдени орталығы ғана емес, мәдени саясат нәтижесінде қалыптасқан этномәдени феномен ретінде де маңызды орын алады. Қазіргі ұжым бұл театрдың өнер жолын жалғастырып келе жатқан бесінші ұрпақ әртістері деуге болады.
Театрдың ерекше қасиеті – ондағы корей ұлттық өнерінің көптеген жанрдың бір жерде тоғысуы. Олар – «Самульнори» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, корей биі балет труппасы, вокалдық солистер және драмалық труппа. Әртістер базалық өнер білімінен бөлек, Қазақстанда және халықаралық серіктестік бағдарламалар аясында шеберлік сабақтары мен курстардан тұрақты өтіп тұрады. Театр шығармашылығы драмадан фольклорлық пен классикалық концерттерге дейін кең спектрді қамтиды.
Бүгінде республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының шығармашылық қызметі өрістеп келеді. Театр жыл сайын үш жаңа премьералық қойылым ұсынады. Бұл қойылымдардың бағытына келсек, бір спектакль қазақ драматургиясына негізделсе, екіншісі – шетелдік авторлардың шығармасына, ал үшіншісі – корей ұлттық немесе заманауи драматургиясына сүйеніп дайындалады. Қойылым тақырыбы мен бағыты көп жағдайда белгілі бір мереке немесе маңызды күнге орай таңдалады.
Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының режиссері Екатерина Пеннің айтуынша, театрда үш шығармашылық бөлім бар: вокал тобы, драмалық труппа және балет ұжымы.
«Осы бөлімдердің өзара үйлесімі театр репертуарының жанрлық байлығын қамтамасыз етеді. Театр сахнасында пластикалық қойылымдар, вокалдық-драмалық спектакльдер, музыкалық концерттер мен театрландырылған қойылымдар көрерменге ұсынылады. Театр репертуары заман талабына сай жаңарып, қазіргі қоғамда өзекті болып отырған мәселелерге үн қатады. Қойылымдар жанрлық тұрғыдан алуан түрлі әрі көркемдік жағынан жан-жақты бағытта жасалады», – дейді театр режиссері Екатерина Пен.
Айта кету керек, қойылымдар ішінде қазақ халық аңыздарына негізделген туындылар ерекше орын алады. Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры желісімен қойылған «Махаббат поэмасы» спектаклі осыған дәлел. Қойылымның режиссері – Дина Жұмабай. Бұл туынды Республика күніне арналған арнайы шара аясында 24 қазан күні сағат 19:00-де қайта көрсетіледі.

Сондай-ақ, 2022 жылы тұсауы кесілген «Қобыланды» спектаклі – пластикалық-драмалық жанрдағы ерекше қойылым. Оның қоюшы режиссері әрі балетмейстері – Анна Цой.
Бүгінде театр заманауи қазақ драматургтерімен де тығыз шығармашылық байланыс орнатқан. Атап айтқанда, жазушы-драматург Дулат Исабеков пен журналист Жұмагүл Солтиева сынды белгілі авторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асырды. Бұл театрдың өміршең, заманауи драматургиямен тікелей жұмыс істеуге дайын екенінің айғағы.
Балаларға арналған қойылымдардың ішінде «Алдар Көсе» ертегісі ерекше танымалдылыққа ие. Бұл туынды жас көрермендердің сүйікті спектакліне айналып үлгерген.

Корей этносы өкілдерінің театрға деген қызығушылығы үнемі жоғары деңгейде. Олар көбінесе театрландырылған көріністер мен би концерттерін көруге келеді. Сонымен қатар, театр Оңтүстік Кореяның белгілі режиссері Кан Тэ Сик мырзамен және басқа да халықаралық театр ұжымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Кореядан келген қонақтар тек қойылымдарды ғана тамашалап қоймай, театрдың тарихымен, жергілікті корей қауымының мәдениетімен тереңірек танысуға да ынталы.
Көрермендер театрдың репертуарын әрдайым жылы қабылдайды. Әсіресе, қазақ драматургтерінің шығармаларына театр қандай интерпретация жасайтыны ерекше қызығушылық тудырады. Мұндай қойылымдарда корей және қазақ мәдениетінің үйлесімі анық сезіледі. Бұл – театрдың басты артықшылықтарының бірі әрі көркемдік күшінің дәлелі.