Адамдар көп өлуде. Алматы әкімдігі НЕГЕ Президент тапсырмасын орындамады?
Алматы қаласының сұмдық экологиялық жағдайынан адам өлімі артып, бала туу көрсеткіші азайып, мықты IT-мамандардың көбі мегаполисті тастап, шетелге қоныс аударуда. Тұрғындар жағдайын жақсарту бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев міндеттеген негізгі тапсырмалар – экология, көлік кептелісін шешу, транспорттық каркас құру бағыттарында қала әкімі Дархан Сатыбалды 2025 жылы өкінішке қарай ештеңе бітірмеген.
Өткен жылы бірде бір ірі жоба аяғына дейін жетпеген. Нәтижесінде, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарасақ, 2025 жылдың 11 айында Алматы қаласында 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда адам өлімі 2,4 пайызға артып, 11 344 жанға жеткен. Бұл тым көп. Ал бала туу көрсеткіші 7,4 пайызға төмендеп, 18 025 нәрестеге дейін азайған. Алматы халқы сырттан келетін миграцияны есептемегенде азайып бара жатыр. Былтыр халықтан 6,6 триллион теңге салық жинаған Алматы әкімдігі өте түсінікті, қарапайым мәселелерді шеше алмай отырғаны сұрақ тудырады. НЕГЕ?

Алматы 2019 жылы бастап, 2023 жылы аяқталуы тиіс болған Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту жұмыстары 2025 жылы да бітпеді. Сонда 6 жыл бойы небары 3,2 шақырым ғана жолды сала алмай жатыр. Алып мегаполис әкімдігі бір жыл бойы көшенің ортасында тұрған жоғарғы вольтты электр бағанын орнынан қозғалта алмай отыр. Бір жылда 365 тәулік, ал тәулікте 24 сағат бар екенін ескерсек, осы 365 тәулікте мердігер компания мен оны бақылап тұрған әкімнің орынбасары не істеп жүрді деген сұрақ туындайды. Соның кесірінен, Момышұлы көшесінің (Райымбек даңғылынан төмен учаскесінде) алапат көлік кептелісі күннен-күнге рекорд жаңартуда.
2025 жылдың қысынан қалмай газға ауысуы тиіс ЖЭО-2 (ТЭЦ-2) биыл тағы да көмір жақты. Оны толық газға ауыстыру 2025 жылдың желтоқсанына дейін бітіп, осы қыста қала экологиясы жақсаруы тиіс еді. Іс жүзінде оған қажет жабдықтардың бірнешеуі әлі қалаға әкелінбеген. Мердігер қытай компаниялары каркасты арматуралау кезеңіне ғана жеткен. ЖЭО-2-ні газға ауыстыру зиянды қалдықтарды 37 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін азайтуы тиіс еді. Әкімдік жұмыстарды дұрыс бақылап, қажетті шарасын жасамағандықтан, осы қыста да алматылықтар ауада қалқып жүрген 37 мың тонна зиянды заттарды жұтуға мәжбүр.

Алматы ауасы соңғы үш жылда ешқандай өзгеріске ұшырамаған. Яғни ештеңе жақсармаған. Көзге көрінбейтін ұсақ шаң – PM2.5 көрсеткіші әлі де баяғы 50–60 микрограмм деңгейінде қалып тұр. Сол шаң өкпеге жиналып, ауру шақырады. Соның салдарынан өткен жылы адамдар өлімі арта бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «норма 10 микрограмм» дейді. Алматыда бұл көрсеткіш нормадан 5–6 есе көп. Бұл – күніне 10 шылым тартқанмен бірдей әсер.
-
-
Тақырыпқа орай: Енді Алматы көшелерінде троллейбустардың жүрмейтіні рас па?
-
2025 жылы Алматы қаласы Абай көшесін батыс бағытқа қарай тек қаланың шекарасына дейін созылды. Бірақ транспортты каркас мәселесі олай шешілмейтіні анық. Абай даңғылын БАКАД-қа шығарғанда ғана қаладан көліктердің тез шығып кетуі реттелер еді. Бұл бағытта Алматы облысымен бірлескен шаралар жасалмаған. «Біздің территория емес» деген желеумен барлығын облысқа сілтей салғаны байқалады. Бірақ Абай даңғылындағы Сайын көшесінен бастап батысқа қарай қала шекарасына дейін созылып тұрған кептеліс тікелей Алматы қаласының проблемасы екенін ұмытпау керек. Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысындағы бағдаршамды реттеу немесе көпірлік эстакада салу мәселелері мүлде қолға алынбаған, жоспарда да жоқ.

2025 жылы Алматы әкімдігі қаладағы көлік қозғалысын реттеу бойынша ешқандай тұшымды шешім қабылдамады. Өзге шаһарлар батыл шешім қабылдап, кей көліктер орталыққа кіріп, кейбірі кіре алмайтындай механизмдер ойлап, мектептер мен мекемелердің басталу уақытын сырғытып, қолынан келген әрекетін жасап жатса, Алматыдағы ахуал мүлде өзгермеген. Осы орайда, алыстағы Сингапур мен Еуропаны зерттемей-ақ, Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке телефон шалып, кеңес сұрай салса да болатын сияқты.
Бір сөзбен айтқанда, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Президентке есеп беруге көбірек дайындалып, мүлде басқа әлемде өмір сүріп жүрсе, Алматы қаласы өз халқымен, зиянды экологиясымен, кептелісімен мүлде басқа әлемде өмір сүріп жатыр.
Үкіметтің биылғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы атқарушы билік жұмысының нәтижесі халықтың жағдайының артуымен бағаланады деп ескерткен болатын.
Өкінішке қарай, Алматының былтырғы негізгі нәтижесі – адам өлімінің көбеюі болып отыр.