Референдум Референдум
17 Ақпан 14:07
...

Burger King екі менеджерін жұмыстан шығарды

Бургер кинг
Фото: depositphotos.com

Burger King Kazakhstan аутизмі бар қызметкеріне қатысты тағы да ресми мәлімдеме жасап, қоғамда резонанс тудырған жағдайға байланысты компанияның екі менеджері жұмыстан шығарылғанын хабарлады.

Референдум

Астана, NEGE. Мәлімдемеде әлі тергеу жүріп жатқаны және компанияның кемсітуге, Қазақстан Республикасы азаматтарының қадір-қасиетіне, намысына тиетін кез келген сөз бен әрекетке үзілді-кесілді қарсы екені атап өтілген. 

«Біздің қызметкеріміз Әлібек Қаратайдың қатысуымен болған қоғамдық наразылық тудырған жағдайға байланысты келесіні хабарлаймыз.

Біз елімізді, жұмыс істейтін жерімізді, мәдениетімізді және халқымызды құрметтейміз. Лауазымына қарамастан, әрбір қызметкерден осыны күтеміз.

Басшылықтың қабылдаған шешіміне сәйкес, аумақтық менеджерлер Сергей мен Анастасия енді компания қызметкерлері емес», – делінген хабарламада.

Компания қатаң корпоративті стандарттар мен қадір-қасиетті құрметтеу қағидаларын ұстанатынын мәлімдеді. Осы стандарттарды бұзатын кез келген сөз немесе әрекет брендтің ұстанымын көрсетпейтінін және ұйымның іскерлік, этикалық қатынас талаптарына қайшы келетіні баса айтылған.

Сондай-ақ Әлібектің анасы Жанат Қаратайға жағдайды шешу үшін хабарлама жолданғаны мәлім болды.

«Біз Жанат Қаратайға келесі қадамдарды жүйелі түрде талқылап, жағдайды шешу үшін хабарлама жолдадық.

Burger King Kazakhstan әңгімелесуге және жауапты шешім қабылдауға дайын ашық компания болып қала береді. Біз барлық қызметкерлеріміз үшін құрмет, қауіпсіздік және тең мүмкіндіктер мәдениетін нығайтуды жалғастырамыз», – делінген компания мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бұған дейін Burger King-тің жаңа басшыларының бірі аутизмі бар аспаз Әлібек Қаратайға қысым көрсетіп, жұмыстан шығуға мәжбүрлегенін жазған едік. Әлібектің оқиғасын желіде анасы баяндаған болатын. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, ел тұрғындары Burger King-ке бойкот жариялады. 

Референдум