13 Ақпан 11:50
...

Жамбыл Жабаевтың Киевтегі ескерткіші сүріле ме?

Жамбыл Жабаев
Фото: Olexiy Zozulya, Sviatoslav Pusiev

Украина Ұлттық жад институты Киев қаласындағы қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевқа қойылған ескерткішті демонтаждау мәселесіне қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды «Украина — Центральная Азия» Telegram каналы. 

Алматы, NEGE. Соңғы уақытта бірқатар белсенділер ескерткішті алып тастап, Жамбыл атындағы көшенің атауын өзгерту туралы ұсыныс жасаған болатын. Олардың пікірінше, кеңестік кезеңмен байланысты нысандар қайта қаралуы тиіс.

Алайда жүргізілген талдау нәтижесінде Украина Ұлттық жад институтының басшысы Александр Алферов Жамбыл Жабаевтың тұлғасы ресейлік империялық саясаттың немесе коммунистік тоталитарлық режимнің символы болып саналмайтынын мәлімдеді. Сондықтан оған деколонизация туралы заң талаптары қолданылмайды.

Алферов сондай-ақ Жамбылдың бірқатар өлеңдерін Украинаға арнағанын айтты. Оның кейбір шығармаларын украин ақындары Павло Тычины мен Мыкола Бажан және басқа да қаламгерлер аударған.

«Тәуелсіз Украинада қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың есімін топонимикалық нысанға беру және оның құрметіне ескерткіш орнату Заң тұрғысынан коммунистік тоталитарлық режимді немесе ресейлік империялық саясатты дәріптеу әрі ақтау болып саналмайды. Бұл нысандар аталған режимдердің символикасына жатпайды, керісінше украин және қазақ халықтары арасындағы мәдени байланыстар мен ізгі дәстүрлерді білдіреді», — деді Александр Алферов.

Институт өкілдері Жамбылдың 1917 жылғы революцияға дейін-ақ танылған қазақ ақыны екенін атап өтті. Киевтегі ескерткіш пен көше атауы кеңестік идеологияны насихаттау емес, Украина мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстардың белгісі ретінде бағаланып отыр.