Сатыбалдыға қатысы бар делінген Балқаш жағасындағы кәсіпорын 126,6 млн теңгеге сатылымға қойылды

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы «Топаз-НС» ЖШС-дегі мемлекеттік 100% үлесті сату бойынша аукцион жариялады. Бастапқы баға – 126,6 миллион теңге.
Алматы, NEGE. Бұл кәсіпорын 2022 жылы мемлекет меншігіне өткен. Оны БАӘ-де тіркелген Bridge Capital Investments Limited шетелдік компаниясы сыйға тартқан. БАҚ дерегі бойынша, аталған компания бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдыға және кәсіпкер Рашит Махатқа қатысы бар делінеді.
«Топаз-НС» 2012 жылы құрылған. 2013 жылы компания пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, тау-кен, мұнай-химия және химия салаларында жобалау мен өндіріс жүргізуге лицензия алған. Сондай-ақ ол магистральды мұнай-газ құбырларын пайдалануға да рұқсатқа ие.
Кәсіпорын балансында Балқаш байыту фабрикасы бар. Ол көл жағалауынан небәрі 400 метр қашықтықта орналасқан және 742 мың шаршы метр аумақты алып жатыр.
Мемлекет фабриканы қайта іске қосу үшін инвестор тартуға мүдделі. Сонымен бірге нысанның Балқашқа жақын орналасуы оны туристік немесе демалыс нысанына айналдыруға мүмкіндік береді. Мәселен, аумақта санаторий, демалыс базасы немесе балалар лагері салу нұсқалары да қарастырылуда.