22 Қазан 13:25
...

Психиатр-нарколог: «Нашақорлық – таңдау емес, дерт»

Нашақорлық
Фото: Ғаламтордан

Қазақстанда есірткімен күрес және нашақорлықтың алдын алу бағытында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. 2 ай бұрын Қазақстан үкіметі жанынан арнайы Республикалық штаб құрылған болатын. Бұл штабтың мақсаты – нашақорлықтың алдын алу, есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту және тәуелді жандарға нақты көмек көрсету. Штабты Премьер-Министр Олжас Бектенов басқарады. Жаңа құрылым мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, емдеу мен оңалтуды жақсартуға бағытталған кешенді шараларды әзірлейді. 

Осы орайда NEGE тілшісі жоғары санатты дәрігер-психотерапевт, психиатр-нарколог Ләззат Бақытбаевамен сұхбаттасып, жастар арасындағы есірткіге тәуелділік төңірегінде сөйлесіп көрді. 

нарколог
Фото: Жеке мұрағатынан

– Ләззат Жұмағалиқызы, қазіргі кезде қандай есірткі түрлері кең тараған? Есірткіге көбіне кімдер тәуелді?

– Қазір синтетикалық есірткілер, «тұз», мефедрон көп тарап жатыр. Сондай-ақ бәс тігу, ойынға тәуелділік дерті де белең алып барады. Негізінен, есірткіге тәуелділердің орташа жас шамасы 23 пен 40 аралығында. Бірақ соңғы уақытта 14–16 жастағы жасөспірімдердің ата-аналары да дабыл қағып жатыр. Бұл тәуелділіктің жасарып бара жатқанының айғағы.

– Жастардың есірткіге әуестенуінің себебі неде деп ойлайсыз?

– Оған себеп көп. Мысалы, бос уақыттың көптігі, жалғыздық, жасөспірім кезеңдегі дағдарыс, жаңа нәрселерге қызығушылық. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратылатын синтетикалық есірткілер де қызығушылықты арттырады.

– Қазақстанда нашақорлықпен күресу жұмыстары қаншалықты дамыған?

– Аймақтарда психикалық денсаулық орталықтарының жанында наркологиялық бөлімдер жұмыс істейді. Кейбірінде әлеуметтік оңалту бөлімдері де ашылған. Аймақ ішінде Павлодардағы орталық – ең озығы. Павлодар қаласындағы Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығының бұл салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар, ең алдыңғы қатарлы орталықтардың бірі. Жеке клиникалар да ашылып жатыр, бірақ олардың қолжетімділігі мен сапасы әртүрлі.

– Нашақорларды жазалау керек пе, әлде емдеу керек пе? Сіз не дейсіз?

Есірткі
Фото: gorelka-optimus.ru

– Әрине, емдеу керек. Нашақор бұл қылмыскер емес, ауыр күйзелісте жүрген адам. Оны тек емдеп қана қоймай, бүкіл отбасымен де психологиялық жұмыс жүргізу қажет. Себебі тәуелділік отбасылық жүйеде пайда болатын құбылыс. Тәуелділікке шалдыққан адам толықтай өзгеруі мүмкін мінез-құлқы, ойлау жүйесі, өмірге деген көзқарасы. Ол бұрынғы өзін жоғалтып алады. Сондықтан мұндай адамдарды жазалау арқылы емес, түсіністік пен қолдау арқылы қоғамға қайтару керек.

– Нашақорлықтан толық айығу мүмкін бе?

– Нашақорлық – бұл созылмалы, қайталану қаупі жоғары ауру. Толық жазылып кету қиын, бірақ ұзақ мерзімді ремиссияға (бір жылдан астам уақыт бойы бас тарту) қол жеткізуге болады. Статистика бойынша, тек 25% адам ғана мұндай ремиссияны сақтай алады. Бұл көп емес, бірақ үміт бар.

– Республикалық штаб бұл мәселені шешуге ықпал ете ала ма?

Есірткі
Фото: Ақорда

– Бұл дұрыс бағыттағы қадам. Бірақ, нақты нәтиже қандай әдіспен жұмыс жүргізілетініне байланысты. Егер тек жазалау мен қысым болса, нәтиже бермейді. Ал егер сенім орнатып, адамға көмектесуге ниетті екенімізді көрсетсек онда бұл үлкен өзгерістерге себеп болуы мүмкін.

– Профилактика жағынан қандай әдістер тиімді деп есептейсіз?

– Мектеп бағдарламасына есірткіге қарсы арнайы курс енгізу қажет. Балалар кез келген тақырыпта ашық сөйлесе алуы керек. Сонымен бірге, ата-аналар да дайындалуы тиіс баламен тіл табысу, қолдау көрсету дағдыларын меңгеруі қажет. Қарым-қатынас болмаған жерде, ешқандай алдын алу шарасы көмектеспейді.

– Қазақстанға үлгі бола алатын шетелдік тәжірибе бар ма?

Есірткі
Фото:worldpopulationreview

– Халықаралық тәжірибеге келсек, бірнеше елді атап өтуге болады:

Португалия 2001 жылы барлық есірткі түрін декриминализациялады. Есірткі қолданған адам қылмыскер емес, науқас ретінде қаралады. Оларды емдеуге және оңалтуға жібереді. Нәтижесінде нашақорлық деңгейі едәуір төмендеді. Исландияда жастар арасында есірткі қолдану деңгейі өте төмен. Мұнда мемлекет тарапынан спорт, өнер, білім салаларына инвестиция салынып, әрбір жасөспірімге тегін үйірмелерге қатысу мүмкіндігі беріледі. Ата-аналармен байланыс нығайып, отбасымен бірге уақыт өткізуге ерекше көңіл бөлінеді. Оңтүстік Кореяда нөлдік төзімділік принципі қолданылады. Азамат шетелде есірткі қолданса да, елге оралған соң жауапқа тартылады. Сонымен қатар, мектептерде нашақорлықтың алдын алуға арналған интерактивті бағдарламалар бар.

Бұл елдердің тәжірибесі алдын алу, білім беру, қолдауға негізделген кешенді жүйенің тиімді екенін дәлелдейді.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанда нашақорлық деңгейін төмендету үшін қандай үш нақты қадам қажет?

– Біріншіден, мектептерге тұрақты түрде жүргізілетін антинаркотикалық бағдарлама енгізіп, аптасына бір рет психологпен кеңесулер мен тренингтер ұйымдастыру қажет. Екіншіден, емханаларда созависімділікпен (отбасы мүшелері) жұмыс істейтін психотерапевт кабинеттерін ашу. Үшіншіден, түзету мекемелерінде нашақорлықпен ауыратындармен жұмыс істейтін арнайы психолог қызметін енгізу.