10 Желтоқсан 14:23

Карина Абдуллина көптен жасырған күйеуін көрсетті

Фото:
 – дауысы ерек әншілердің бірі. Кейінгі кезде сахнадан сирек көрініп, уақытының басым бөлігін бала тәрбиесіне арнаған әншімен

Карина АБДУЛЛИНАNEGE тілшісі тілдескен еді. Әншінің көпке көрсетпей жүрген жары кім? Инстаграм арқылы танысқан жігіт қалай өмірлік серігіне айналды? Оқып көріңіз!

– Карина, алда Жаңа жыл мерекесі жақындап қалды, түрлі кештерге, түсірілімдерге шақырып жатқан болар?

– Иә, түрлі мерекелік түсірілімдерге шақырады. Бірақ соңғы жылдары оларлың бәріне құрақ ұшып бара беруді доғардым. Неге десеңіз, біздің арналар түсірілім атаулыға қатысқаның үшін ешқандай ақы төлемейді. Оның үстіне пәлен жерден шақырып жатыр екен деп, елбек қағып бара қоятындай жастан өттім ғой. Көрінген жерден төбе көрсетіп, біреулерге сахнадан алшақтамағанымды дәлелдеуге тырыспаймын да. Сондықтан алтын уақытымды текке құртпай, балама арнағаным дұрыс па деймін. Бірақ қандайда бір жанға бақыт сыйлау мақсатында ұйымдастырылатын қайырымдылық шаралардан қалмауға тырысамын. 

– Айтпақшы, ұлыңыз Альберт ендігі мектепке барған болар, сабақ үлгерімі қалай?

– Иә, биыл бірінші сыныпқа барды.

– Анасына тартып, өнер адамы болғысы келмей ме?

– Ұлым менің «Певица и саксафон» атты әнімді жиі айтады. Сондай-ақ алда домбыра үйренгісі келеді. Күмбірлеген күйлер мен домбырамен айтылған қазақша әндерді ұйып тыңдайды. Бірақ «әртіс емес, архитектор боламын» дейді. Әлі бала ғой, бәлкім, өсе келе таңдауы өзге мамандыққа түсер.

– Білуімше, кезінде атағы жер жарған ағайынды Абдуллиндердің бірі сіздің атаңыз екен. Соған қарағанда, сізге әншілік қанмен дарыған сияқты ғой?

– Кеңес Одағының Халық әртісі, баритон дауысты Ришат АБДУЛЛИН – менің атам. Ал тенор дауыс иесі болған Мүслім АБДУЛЛИН – атамның туған ағасы.

Ришат атам мен он екі жаста өмірден өтті. Бірақ ол кезде аталарымның ұлы адамдар болғанын білмедім, кейін өсе келе күйтабақтарын тыңдап, олар туралы жазылған түрлі материалдармен танысқан соң барып, жай адамдар болмағанын ұғындым. Сөйтіп, бір кездері Болат марқұм (Сыздықов – ред.) екеуіміз ағайынды Абдуллиндердің әндерінен тұратын әнжинақ шығарған едік. 

– Қазіргі таңда өнер сахнасына көптеген жаңа бағыттар келіп жатыр. Тасада қалмау мақсатында көп тер төгу қажет болып жатқан шығар?

– Мен қазір тұрақтылық кезеңіне аяқ бастым. Сондықтан ешкімді таң қалдыруға тырыспаймын. Шүкір, осы уақытқа дейін шығармашылықта көптеген жетістікке жеттім. Ендігі салмақты, балетті туындылар жазуға кірістім.

Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы ғой. Осы ретте түрлі әншілерді көріп, бұрын-соңды естімеген түрлі жанрдағы туындыларды тыңдап жүрміз.

Біздің кезімізде радио мен телеарналар ғана бар еді, оның өзінде оған екінің бірі шыға бермейтін. Ал қазіргі жастарға талантын таныту оңайырақ көрінеді. Бірақ бүгінгідей алып бәсекелестік орнаған ортада суырылып алға шығу үшін супер талантты болу керек шығар. 

Дегенмен, біздің кезіміздегі әндер тыңдарман жадынан өшкен жоқ. Тіпті, кейбір қыз-жігіттер оларға кавер жасап, қайталай орындап жатады. Бұл біздің еңбегіміздің еш кетпегенін білдірсе керек.

– Сонымен, әншісі көп музыка индустриясында даму бар ма, әлде тоқырау басталды ма?

– Қазір музыка индустриясы айтарлықтай дамығанымен, өнер тоқырауға ұшырауда. Ашығын айтқанда, ән өнерінде деградация басталды. Себебі, музыкалық білімі жоқ, оның құдіретіне бойлай алмайтындар сахнада жүр.

Нағыз музыканттар болған, болады және бола да береді. Бірақ олар танымал бола ма, жоқ тасада қалып қоя ма, міне, осы жағы күмән тудырады. Қазіргі заманның кемшін тұсы осында болып тұр.

– Қателеспесем, соңғы альбомыңыз «Приезжай» деген атпен 2018 жылы шыққан еді. Жаңа жинақты қашанға жоспарлап отырсыз?  

– Жинақ шығару жайлы жоспарым жоқ. Себебі, қазір ән жазып жатқан жоқпын. Қоржынымда жүзден аса авторлық композициям мен симфониялық туындыларым бар. Ондағы әндердің көбісі «Мюзикола» тобының тұсында жазылған. Іздеген адам музыкалық кеңістіктерден жүктеп алып, тыңдай береді.

Балетті туындыларым тамаша жемісін бергендіктен, қазір либреттолар жазуға басымылық беріп жүрмін. Оның үстіне мен үйіп-төгіп тапсырысқа жаза беретін жандар қатарынан емеспін. Әр туындым өзімнің өткерген тағдырымнан, ішкі күйзелістерімнен  туындайды. «Арман жолдар», «Сен мұңыңды бер маған» сынды әндерім осы сөзімнің айғағы.

– «Арканы судьбы» туындысынан соң «Астана Балет» театрынан тапсырыс түспеді ме?

– Тапсырыс деуге келмейтін сияқты. Себебі, мен ол туындымды бірінші болып өзім апарған едім. Қазір театр емес, автор өзі жазғанын ұсынатын уақыт келді ғой. Сіз айтып отырған туындымды сахналағаны үшін «Астана Балеттің» сол кезгі басшысына зор алғыс айтамын.

Әрине, бұл жерде хореографтың да еңбегі басым, өйткені қойылым жоғары деңгейде көрініс тапты. Қазір көптеген балетті туындыларға қатысты ойлар бар. Бірақ алдыңғы жазғанымдай дәрежеде дей алмаймын.

– Болат Сыздықов өмірден өткен соң жеке әнші ретінде шыға бастадыңыз. Қазір продюсермен жұмыс істеп жүрсіз бе?

– Болат екеуіміз «Мюзикола» тобының кезінде де еш продюсерсіз барлық жұмысты тізе қоса отырып, өзіміз атқаратынбыз. Сондықтан біреудің көмегіне арқа сүйейтіндей емес, жинаған біршама тәжірибем бар.

Тіпті, кейбір әріптестерім: «Талантты жігіт пен қыз тауып алып, неге өз алдыңа продюсер болып,  «Мюзиколаны» қайта жаңғыртпайсың?» – деп жатады. Бірақ Болаттың туа біткен талантты музыкант екенін ескерсем, ондай топты қайта жасақтау мүмкін емес сияқты көрінеді.

Бір жағынан жас таланттармен жұмыс істеп, оларды аяқтан тұрғызу – оңай шаруа емес.

– Болат сиықты айнымас досыңыз болған Батырхан Шүкеновке арнаған туындыңыз бар ма?

– Әрине, Болат пен Батырхан менің қос қанатымдай еді, қапыда айырылып қаламыз деп кім ойлаған. Оларға сағыныштан арнаған өлең жолдарым өте көп. Тағдырға тосқауыл бар ма, бүгінгі күні өткен күндердің белгісі болып қалған әндерімізді тыңдап, альбомдарды ақтарып, жиі есіме алып отырамын. 

– Ақын ретінде сізді не шабыттандырып, не  көңіліңізге қаяу түсіреді?

– Жас кезімде басымнан өткерген сезімдерім, ғашықтық, құмарлық деген сезімдер қаламыма арқау болатын. Ал адамның ақылы толысып, жасы келген сайын өзге құндылықтарды сезіне түседі екен.

Мәселен, үнемі үйімнің жанынан бір үйсіз кезбені көретінмін. Бір күні неге сондай күйге түскенін білгім келіп, әлгі кісіні әңгімеге тарттым. Сөйтсем, жақсы өмір түгілі, анасы мен әкесін де көрмеген,  ешкімі жоқ жалғыз-жарым жан екен. Ал біз кейде барымызды бағалай алмай жатамыз. Міне, қоғамдағы өзегімді өртеген осындай мәселелер үзілген моншақтардай, өрілген өлең жолдарын тудырады. Өзім де туғандарымның көбісін жер қойнына тапсырдым, қасымда ұлымнан өзге жақындарымнан ешкім қалмады...

– Қоғамдағы тағы қандай мәселе жаныңызды жегідей жейді?

– Әр шығармашылық адамының қоршаған орта жайлы ойлары шығармашылығынан көрініс табады ғой. Соңғы он алты жылда Алматы қаласында тұрып жатырмын. Оның алдында келісімшарт бойынша он жыл Мәскеуде тұрдым. Шығармашылық сапармен де  түрлі елдерді араладым. Бірақ өз Отаныма, Алматыма жетпейді екен. Себебі, осы жерде балалығым өтті, осы жерде мектепті бітіріп, тұрмысқа шығып, асықтай ұлымды дүниеге әкелдім.

Көңілімді құлазытатын бір мәселе – шаһарымызда түрлі ғимараттар салынып жатқанмен, халыққа қажетті ауруханалар мен мектеп құрылыстарының саны артар емес.

Мысалы, менің ұлым баратын мектептегі бірінші сыныптың өзінде екі жүзден астам бала оқиды екен. Бұл – мектеп санының аздығының айқын көрінісі. Көшеге шықсаң, құжынаған көліктен аяқ алып жүре алмайсың. Кім біледі, уақыт өте келе бұл олқылықтар да түзелер. Әйтеуір еліміздің тыныштығы үшін Жаратқанға жатсам-тұрсам алғыс айтамын. Ел-аман болсын деймін! 

– Air Astana компаниясының борттық мәтіндерінен сіздің сыңғырлаған дауысыңызды естіп жатамыз. Беделді әуе компаниясымен байланыс орнатудың сәті қалай түсті?

– Сізге бір қызық айтайын. Менің әке-шешем әртістер болғандықтан, ол кісілер үнемі шығармашылық сапарда жүретін. Сондықтан мен әжемнің қолында өстім. Ол медицина ғылымдарының докторы әрі балалар дәрігері болды. Сол кісінінің науқастың кеуде қуысын тыңдайтын стетоскоп атты құрылғысын құлағыма тығып алып, тыңдайтын басын аузыма тақап: «Құрметті жолдастар! Біздің ұшақтың бортына қош келдіңіздер...» – деп тоқтамай сөйлейтін едім.

Сол арманым отыз жылдан кейін орындалып, 2014 жылдан бастап әуе компаниясының ұшақтарында хабарланатын мәтіндерді оқи бастадым. Сондай-ақ қауіпсіздік жайындағы роликті де екі тілде дыбыстаймын.

Компаниямен әлі де серіктестігім жалғасуда. Бұйырса, жаңа жылдан кейін тағы Air Astana-ның жаңартылған борттық мәтіндерін орыс және қазақ тілдерінде оқитын боламын.

  

– Естуімше, жарыңыздың мамандығы дәрігер көрінеді. Өнеріңізді қаншалықты түсінеді?

– Бізді муызка табыстырды. Марко менің әндерімді тыңдап, концерттеріме қалмай келіп жүрген екен. Сөйтіп, инстаграмда жеке парақшамды ашқанда менің өнеріме жоғары баға беретінін және тұрақты тыңдармандарымның бірі екенін жазды. Содан уақыт өте келе бір-бірімізден хат-хабар алмасып, жақын араласа түстік.

Мамандығы оташы болса да, музыканың тілін жақсы түсінеді. Сенсеңіз, әлі күнге дейін күнделікті таңертең оятқышындағы «Шаги у порога» деген әніммен ұйқысынан оянады.

Тегтер: