ҚТЖ топ-менеджерлеріне 1 млрд теңгеден астам сыйақы төленген: компания басшысы мән-жайды түсіндірді
«Қазақстан темір жолы» компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов 2025 жылдың қорытындысы бойынша топ-менеджерлерге төленген 1 млрд теңгеден астам сыйақыға қатысты журналистер қойған сұраққа жауап берді.
Астана, NEGE. Бұл ретте БАҚ өкілдері компанияның қарызы 4 трлн теңгеден асқанын, ал сәуір айынан бастап билет бағасы 7%-ға қымбаттағанын атап өтті.
Алдыбергеновтің айтуынша, билет құны тек инфляция деңгейіне сәйкес көтерілген, ал топ-менеджментке сыйақы таза пайда тапқан жағдайда ғана төленеді.
«Өздеріңіз білетіндей, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚТЖ-ның таза пайдасы 2,1 есеге өсті, яғни, 2024 жылы пайда шамамен 185 млрд теңге болса, 2025 жылдың соңында 340 млрд теңгеге жетті. Бұл сомаға тек басқарма мүшелеріне төленетін қаражат емес, сонымен қатар директорлар кеңесі мүшелерінің төлемдері, демалыс ақысы, жалақы және басқа да төлем түрлері кіреді», – дейді ҚТЖ-ның басқарма төрағасы.
Ол төлемдер туралы шешімді директорлар кеңесі қабылдайтынын және бұл мәселе үш сатылы тексерістен өтетінін атап өтті.
Айта кетейік, компанияның табысы өскенімен, оның басым бөлігі қарыздарды өтеуге кетеді. Бұған дейін басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев компания қарызы 4,7 трлн теңгеден асқанын ресми түрде растады. Бұл шамамен 10 миллиард доллардан асады.