USD
USD
USD

Almaty Superski таңдаулы топқа арналған курорт ретінде қабылданбауы керек – Аида Балаева

Көкжайлау жері Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамынан шығарылмайды және ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін толық сақтайды.

.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Бұл жөнінде премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Ол Almaty Superski жобасын егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

Оның мәлімдеуінше, соңғы жылдары табиғи, экологиялық және тау туризміне қызығушылық ерекше артып келеді. Тек 2024 жылы ғана Қазақстанның ұлттық парктеріне 2,8 млн адам барған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. 

«Заманауи әрі дер кезінде жасалған инфрақұрылым болмаған жағдайда туристер ағынының артуы ретсіз туризмге жол ашып, табиғатқа түсетін салмақты арттырады және адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді», – дейді Аида Балаева.

Ал Almaty Superski жобасы жеке инфрақұрылымды салу мәселесі ғана емес, оның сөзінше, бұл – Алматының болашағы, Қазақстанның барлық туристік саласының дамуы, таулардың азаматтар үшін қолжетімділігі, адамдардың қауіпсіздігі және Іле Алатауының бірегей табиғатына жауапкершілікпен қарау.

Аида Балаева заманауи инфрақұрылым ережелер, лимиттер, тиімді жоспарланған бағыттар, экологиялық мониторинг және экологиялық мәдениет арқылы табиғатқа түсетін жүктемені азайтуға тиіс екенін айтты.

«Табиғат тек қағаздардағы тыйымдардан емес, нақты жерде дұрыс ұйымдастырылған басқару арқылы сақталады. Алматы тау кластерін дамыту ісінде осы ұстаным басшылыққа алынуы керек», – деп атап өтті премьер-министрдің орынбасары.

Сондай-ақ ол Көкжайлау аумағы Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктің құрамынан шығарылмайтыны және ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін толық сақтайтынын баса айтты.

«Жоба жеке коттеждер мен виллаларды салуды көздемейді. Жоба экологиялық талаптар толық орындалған жағдайда ғана іске асырылуы мүмкін. Оған ғылыми және қоғамдық бақылау, әрбір жауапты орындаушының дербес жауапкершілігі қатар жүруі тиіс. Экологиялық қауіпсіздік қосымша шарт немесе кейін қаралатын мәселе болмауы керек», – деді Аида Балаева.

Бұл ретте Үкімет өкілі Almaty Superski жобасының әлеуметтік маңызына да тоқталып өтті. Жоба әртүрлі азаматтар тобының, оның ішінде балалы отбасылардың, қарт адамдардың және қозғалысы шектеулі жандардың тауға қолжетімділігін кеңейтуі мүмкін.

«Бұл жоба таңдаулы топқа арналған курорт ретінде қабылданбауы керек. Дұрыс іске асса, ол еліміздің барлық азаматына ортақ қоғамдық инфрақұрылымға айналуы мүмкін. Сонымен қатар жоба қазіргі туристік нүктелерге түсіп отырған салмақты азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде негізгі туристік ағын да, көлік жүктемесі де, коммерциялық белсенділік те көбіне Шымбұлақ аумағына шоғырланған. Медеу – Шымбұлақ – Көкжайлау – Құмбел бағыттарын өзара байланыстыратын жүйе туристер ағынын тиімді бөлуге, жекелеген аумақтарға түсетін қысымды азайтуға және демалысты қауіпсіз әрі қолайлы етуге жол ашады», – дейді ол. 

Аида Балаева қала тұрғындарының, экологтардың, сарапшылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің пікірі маңызды екенін айта келе,  қоғамдық талқылаудың эмоцияға емес, нақты деректерге, ғылыми сараптамаға және Алматы мен тұтас елдің ұзақ мерзімді мүддесіне сүйенуі қажет екенін атап өтті.

Қазір оқып жатыр

Отбасы банк «Бәйтерекке» 100 млрд теңге дивиденд төлейді

Отбасы банк

56 құрылыс компаниясы жалған жұмыс тәжірибесімен мемлекеттік сатып алуларға қатысқан

жалған тәжірибе, мемлекеттік сатып алу

Атырау тұрғындары қаладағы ауа сапасына шағымданды: экологтар тексеру жүргізді

Атырау

Мәжіліске Қытай Парламентінің басшысы келді

.