19 Қараша 14:40
...

Әнші Нұржан Қалжанды белгілі сазгер НЕГЕ сотқа бермек?

Фото:

Нұржан Қалжан – дауысы ерек әншілердің бірі. Әнші біраз жыл сахнадан көрінбей кетті. Мұның себебі неде? Оны сахнадан кім шеттетті? Н.Қалжанды сотқа бергелі жатқан кім?

NEGE тілшісі әншімен сұхбаттасып, біраз жайтқа қанықты.

– Нұржан, өзіңіз шырқайтын  «Бұлбұл құс» әні төңірегінде біраз дау шығып жатқан көрінеді. Осының анық-қанығын айтып бере аласыз ба?

– Бір отандық арнаның эфирінде алдымда сұхбат алып отырған екі журналисттің бірі әңгіме арасында «Бұлбұл құс» әні сіздің балаңыздай болып кетті ғой» деген еді. Мен де тосылмастан, аталған ән арқылы жұлдызым жанған соң, «иә, баламдай ғой» деп олардың сөзін қоштадым. Себебі, «Бұлбұл құс» арқылы талай концертке шақырту алып, талай жиын-тойда өнерімді паш еттім. Тіпті, мені көшеден көріп қалған жұрт та аты-жөнімді атамастан: «Сен әлгі «Бұлбұл құс» емессің бе» деп жатады.

Содан соң менен бұл әнді 91-тобының бір солисі «Хабар» арнасындағы «Cover Show»  бағдарламасында орындауға сұраған еді. Жастар ескі әнге жаңа дем бергісі келсе, одан неге бас тартайын деген ниетпен қарсы емес екенімді білдірдім.

Осы сөздерім үшін әннің авторы Ахметжан Рабжан мен ол кісінің продюсері «Әнді «баламдай» деп айтатындай және өзгеге орындауға рұқсат беретіндей сен кімсің?» дегенді айтып жатыр.

Әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жолдап кешірім сұрамасам, заң алдында жауап беретінімді ескертті.

– Ал сіз кешірім сұрауға дайынсыз ба?

– Кешірім сұрайтындай «әннің авторымын» немесе «сазын да, сөзін де өзім жаздым» деген сынды артық сөз айтқан жоқпын ғой. «Әнім» деп айтқан бір ауыз сөзге бола жазықты болдым ба?!

Мәселен, сіз де қандай да бір әншінің туындысына сүйіспеншілік танытсаңыз,  оның авторларын тізбектеп жатпай, бірден «сіздің мына әніңіз ұнайды» деп айтасыз ғой. Ауызекі тілде солай қысқа сөзбен жеткізіп үйреніп қалғанымыз жасырын емес қой. Оның үстіне «Бұлбұл құс» әнін айтқан барлық эфирде титрға міндетті түрде авторын жазғызамын. Орындаушы ретінде өз аты-жөнімді ғана көрсетіп, ол кісіні қалыс қалдырған кезім болған емес.

– Білуімше, аталған ойын-сауық бағдарламада бұл әнді «МузАрт Life» тобы да орындады. Олар автордан рұқсат сұрап па?

– Кавер деп аты айтып тұрған соң, рұқсат сұраудың қажеті жоқ па деймін. Онсыз да қазір біреудің кеше шыққан әнін ертең біреу шырқай беру тренд болып кетті ғой. Сол үшін кім-кімнің етегіне жармасып жатыр дейсіз...

– Осы кавер орындау арқылы жалпақ жұртқа танылып жатқан қыз-жігіттер жайында не айтасыз. Әлде, әркімнің төлқұжаты саналатын әні болуға тиіс пе?

– Өз басым кавер деген дүниеге түбегейлі қарсымын. Мәселен, қандайда бір өнерпаз жылдар бойы жанына жақын әнді әрең іздеп табуы мүмкін. Сөйтіп, оны нақышында орындап, аранжировка жасатып, жарыққа шығарып, жұлдызы жанғанда,  дайын асқа тік қасық болған біреу оны қайталай орындап, танымал болып шыға келеді.

Бұл – біреудің шайнап берген нанын жұта салумен тең.

Егер ескі әндерді жаңғыртып жатса, оны қос қолдап  құптар едім. Мысалы, Қанай бауырым Ескендір Хасанғалиев атамыздың «Бозторғайым» әніне жаңа дем сыйлады ғой. Сол сияқты, ел сүйген ескі әндерге ғана кавер жасаса, келісті болар еді. 

– Осы ретте сізге бүгінгі жастардың өнерге жолай қосыла салуы қиындық тудырмайтындай көрінетін болар?

– Әрине. Одан қалса, қазір өнерге таласы бар жандардың көбісі өзбек пен қырғыздың немесе армян халқының әндерін ұрлап алады да, оған қазақша сөз жазғызып, орындай береді. Тіпті, ол әндерін той-томалақ былай тұрсын, үлкен сахналарда да шырқап жүреді. Біз кезінде «Әнші балапан», «Арай», «Жас қанат», «Шабыт» сынды жобаларда бақ сынап барып қана үлкен сахнаға шығушы едік.

– Мемлекет тарапынан елде түрлі бағдарламалар қолға алынып жатады. Бірақ солардың қатарынан өнер мен мәдениеттің қалыс қалып жататыны жаныңызға батпай ма?

– Мысалы, күні кеше ғана  еліміздің еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова апамыз Астанада концерт берді. Сөйтіп, кешінің алдында  үлкен басымен бізге телефон соғып, билеттен түскен табыс шығынын өтей алмайтынын алға тартып, жол-пұлды өз қалтамыздан шығарып, ән салып кетуімізді өтінді.

Барған соң сахнада ұзақ жылғы еңбегін ескеріп, үкімет немесе жергілікті әкімдік тарапынан қандайда бір көмек болған-болмағанын сұрап едік, ешкім қол ұшын созбағанын айтты. Таң болдым. Бүгінгі жұлдыз санап жүрген әншілеріміз де ертең қартаяды ғой. Сонда қартайған адам мемлекетке керек емес пе?! Үлде мен бүлдеге орамаса да, осындай аға буын өкілдеріне тиісті деңгейде құрмет көрсетіп тұрса, өскелең ұрпаққа тәрбиенің үлгісін көрсеткені болмай ма...

– Жуырда сахнадан не үшін ұзақ жыл көрінбей кеткеніңіздің себебін айтып сұхбат берген екенсіз. Той-томалақ атаулыда ғана өнер көрсетіп, ал сахнаға шықпауыңызды ұзақ  уақыт депрессияға түскеніңізбен байланыстырыпсыз. Сонда сізді шоу-бизнесте ығыстырған біреу болды ма?

– Жоқ, жолымды кес-кестеген ешкім болмады. Өздеріңіз білетіндей, кезінде жол апатына түстік қой. Қапыда досымыз Русланнан (Бөлебай-ред.) айырылып қалдық. Осы жағдайдан соң енді есімді жинай бергенімде, әкем өмірден озды. Мені «Жас қанат» байқауына қатыстырып, бала жастан өнерімді шыңдаған сол кісі еді. 

Осындай қат-қабат қайғыдан соң еңсем түсіп,  өнерге деген қызығушылығым бәсеңсіп кетті. Жан әкемнің жетістіктерімді көре алмай кеткені жаныма батты.

Бірақ, қызымның «әке, неге ән жазбай кеттіңіз?» деген бір ауыз сөзі дем бергендей болды. Өзім де әке болған соң, балаларымның еңсесін жықпай, сұрауын орындау мақсатында сахнаға қайта шығуға бел байладым.

Міне, жуырда екі бейнебаян түсіріп, отандық музыкалық арналардың біріне апарып ұсындым. Сондай-ақ жаңа әндер жазып жатырмын.

– Сіздің табиғи даусыңызға тамсанатындар «Нұржан талантын таныта алмай жүр. Әйтпесе әлем сахнасында ән салатын бала еді» дейтіндер бар. Бұған не айтасыз?

– Жалпы менің өнерге келудегі мақсатым дүние жинау емес, халықаралық  байрақты бәсекелерге қатысу арқылы еліміздің атын асқақтату болатын. Бірақ, жеке өмірімде жаңа айтып өткендей жағдайлар болған соң, меселім қайтып қалды.

– «Игіліктің ерте кеші жоқ» деген ғой. Өткен уақыттың есесін қайтарып көруге тырыспайсыз ба?

– Мен «Шабыт» байқауынан бастап, елімізде ұйымдастырылатын конкурс атаулының көбісіне қатыстым. Талай бас жүлдені қанжығама байладым. Енді елден тысқары шапқылап, жастармен жағаласқым келмейді. Алты құрлықты мойындатқан Димашымыздың өзі неге тұрады?!

– «Өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді бағала» деген ғой. Өзіңізді осының қайсысына жатқызасыз?

– Өнерімді бағаладым деп айта алмаймын. Егер табиғат берген талантымды шыңдай білгенімде, бәрі басқаша болар ма еді?!

Димаш, Әміре сынды әншілер шыққан соң барып қана көпшіліктің құлағы жіңішке дауысты әншілерге үйрене бастады ғой. Әйтпесе, түрлі  эфирде «осы баланың дауысы қыздың дауысындай» деп тұқыртқан талай ағаларым болды. Кезінде осындай сынның астында қалған сәттерде әншілікті қойып кетсем бе деген ой да болды.

– Сізге елді елең еткізер ән айтқызып, сахнаға шығарған белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов еді. Қазір ол кісімен араңыз қалай?

– Бір кездері  түсінбестіктің болғаны рас. Балалықтың шалалығы болар, ол кісінің продюсерлік орталығынан кетіп қалдым.

Десе де Қыдырәлі ағама шексіз ризамын. Менің талантымды танып, сахнадағы жұлдызымды жаққан сол кісі болды. Өнер жолының қыр-сырымен таныстырып, қанатымды қатайтқан Қылдырәлі ағама алғыстан басқа айтарым жоқ. 

Тегтер: