23 Қазан 16:43
...

Бұлбұл Расбекқызы: «Мұғалімге керекті басты қазына – білім»

Бұлбұл Расбекқызы
Фото: 7kun.kz
«Мұғалім – мектептің жүрегі» деп бекер айтылмаса керек. Ұстаз – білім беріп қана қоймай, жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік пен ізгілікке баулитын жанашырың. 

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, егін егіп, мал баққан шаруа да бәрі ұстаздан тәлім алған. 

Білім саласында болып жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздегі білім ошақтарына да оң өзгеріс әкелуде. Мәселен, Алматы қаласындағы №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталсақ, қай жағынан да көрсеткіші жоғары. Жаратылыстану бағытында білім беретін мектеп 2020 жылдан бері мамандандырылған лицей мәртебесіне ие болды. Яғни, дарын мектебі санатына кіретін мектепке 5-сыныптан арнайы байқау арқылы іріктеліп алынады.

№90 мамандандырылған мектеп лицейінің директоры Бұлбұл Расбекқызының айтуынша, қалада тура осы сынды 10 мектеп бар. «Біздің лицей 700 оқушыға арналған. Бірақ 1268 оқушы екі ауысымда білім алуда. Көптеген оқушы 6-сыныптан кейін Назарбаев зияткерлік мектебіне, Республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсіп кетеді. Сапалы білім алған оқушыға қайда барса да жол ашық. Біз бұған қуанамыз», – дегенді жеткізді.

Алайда, мектеп директоры Бұлбұл Расбекқызы бұл мектептердің артықшылығына үңіліп, мүмкіндігін толық зерттеуді қолға алғысы келеді. «Бұл мектептерде бар дүниені бізде жасауға бола ма? Оған қандай ресурс қажет? Егер мұны мектепке тәжірибе жүзінде енгізсек, оқушыларды бітіргенше сақтап қалуға бола ма?» деген сауалдарға жауап таппақ.

Бұлбұл Расбекқызы
ғаламтордан

Оның айтуынша, қазір білікті мұғалімге сұраныс жоғары. «Бүгінде педагогика мамандығын бітіріп жатқан жас мамандар көп. Бірақ әңгіме сапара келіп тіреледі.

Баламен жұмыс істеуге ынталы, олардың білімге деген қызығушылығын арттыратын ұстаздар қашан да сұраныста. Сондықтан арнайы байқау, тест арқылы жұмысқа қабылданған мұғалімге алдыңғы буын ұстаздар барынша тәрбиелеп, үйретуге тырысады. Себебі, бүгінгі жас маман ертеңгі ұрпақтың білімді болуының кепілі. Біз де жас болдық, әдістеме жағынан қателік те кеткен шығар. Мұндайда мектеп ұжымы жас маманның білімі бар екенін ескеріп, әрқашан қолдап жіберсе, одан білікті ұстаз шығатыны сөзсіз.

 Әрине, ең бастысы жұмысқа деген құлшыныс мұғалімнің өз тарапынан болуы керек. Ол үшін маман ұстаз болуға іштей дайын болуы тиіс», – дейді №90 мамандандырылған мектеп лицейінің директоры Бұлбұл Расбекқызы.

Соңғы жылдары қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заңның ұстаз қауымына берген ең басты артықшылығы неде? Бұл туралы мектеп директоры: «Кезінде педагогикалық білім беретін жоғары оқу орындарына түсу оңай болды. Мектепті төмен бағамен бітіргендер де мұғалімдікті оқып алды. Одан бөлек алмағайып кезеңде қаншама мұғалім жұмысын тастап, саудаға кетті. Соның салдарын бүгінге дейін көріп келдік. Енді осы кемшіліктің орнын толтыру үшін мемлекет ұстаз қауымының еңбекақысын көбейтіп, мәртебесін биіктетті. Бұрынғыдай мұғалім – құрметті мамандыққа айналып келеді», – деп жауап берді.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген мазмұнды сөзі қанша заман өтсе де, мәнін де, өзектілігін де жойған жоқ. Ал ойшыл әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенінің өзі көп нәрсені меңзейді. Әрине, бұл жерде білімнен кейін тәрбие басты орында. Бұл тұрғыда мектеп директоры Бұлбұл Расбекқызы:

Оқу-ағарту министрлігі дайындаған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасында баланың тәрбиесіне қатысты дүниенің бәрі қамтылған. Мектеп-мұғалім-ата-ана бірлесіп, осыны қолға алып, іске асырсақ тәрбиемен берілген білім де сапалы болады. Әр адам жауапкершілікті сезініп, қоғамды түзеуге атсалысуы керек. Сонда ғана еліміз көркейіп, дами түседі. Мемлекет еліміздің болашағы үшін көп шаруа жасап жатыр. Бұған дейін «Жайлы мектеп» жобасы бойынша еліміздің әр өңірінен білім ұялары ашылды. Қазір «Келешек мектеп» жобасымен де заманауи құралдармен жабдықталған мектептер бой көтерді. Мұның бәрі ел ертеңі – жас ұрпақтың болашағы, – дейді №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры Бұлбұл Расбекқызы.