22 Қазан 14:17
...

Өктем Алтаев: Сахнада жүргендердің 85 пайызының таланты жоқ

Фото:

Тоқырау 90-жылдары Өктем Алтаевтың әндерінсіз той-томалақ өтпейтін. Қазақтың әр қуанышына жан бітірген өнер иесі бүгінде сахнадан алыстап кете қоймады.

Ө.Алтаев шуы көп шоу-бизнесте танымал хитмендердің тасасында қалған жоқ па? NEGE тілшісі әншімен сұхбат құрды.

– Сіз өнерге сонау тоқсаныншы жылдары келдіңіз. Білуімше, музыкалық техникалар тапшы еді. Қазір бәрі бар. Қызыға қарайтын шығарсыз?

– Әрине, біздің сахнаға шыққан уақыт пен қазіргі кезді салыстыруға келмейді, айырмашылық жер мен көктей. Басымызда түрлі идея болғанымен, тапшылық салдарынан оны жүзеге асыру қиын болды. Кәсіби аспаптар жоқтың қасы еді. Ал қазіргі жастардың музыкалық білімі болмаса да, жоғары технологиялардың арқасында түрлі әуен жазуға мүмкіндігі мол.

Мысалы, өз басым сол шақтарда бір ән жаздыру үшін Қазығұрттан ат терлетіп Шымкентке баратынмын. Ол жақта америкалық аспабы бар Мақсат Шакуов деген ән өңдеуші болды, соған жиі қолқа салатынмын.

Мәселен, «Жаным» деген әнімді 1995 жылы бастап, бір жылда әрең жазып бітірдік. Өйткені құдайдың құтты күні электр жарығы сөніп қалатын. Сондай қиыншылықтарды өткергенім есіме түссе, қазіргі жастарға қызыға қарайтыным рас.

Бүгінгі қыз-жігіттерде қаражат көзінен өзге мәселе жоқ сияқты көрінеді. Оның өзінде еңбек жасаған жаннан пұл қашпайды. Ән жазатын студиялар да жетіп артылады. Тек жалқаулықты қойып, білек сыбана жұмыс істеп, алға ұмтылса  болғаны. Егер қазіргі мүмкіншілік біздің кезімізде болғанда, «небір шедевр туындылар жасар ма едік!» деп ойлаймын.

Бір кездері аяғы жерге тимеген өзіңіздей әншіге қазіргі шоу-бизнесте табандап тұру қиынға соғып жатқан жоқ па? 

– Ол кезде ақша табу деген түсінік мүлде болмады ғой. Әрине, талантты өнерпаздарды халықтың өзі қолдап-қолпаштап, концертке немесе той-томалағына шақыратын. Бізге сондағы қошеметтің өзі жеткілікті болатын.

Ал «шоу-бизнес» деген сенің ұлтыңа қарамайды. Ыңғайы келсе қалайда танымал болып, одан пайда тауып қалуға тырысады.  Сондықтан өзім құралпы замандастарыма ескі дүниеден жаңашылдыққа ойысудың ауырлау тигені рас.

Дегенмен, «мал жұтаса да, өнер жұтамайды» деген рас па деймін, халық бізді әлі де қолдап-қолпаштап отырады. Қазір сол шоу-бизнестің тілін игеріп әкеткенімнен болар, бүгінде продюсерлік жасап, жас таланттарды сахнаға қанаттандырып жүрген жайым бар.

– Ол уақытта әр ауылдың ансамбльдері болды, қалаберді қаладағы атағы дардай әртістер де гастрольдетіп ел ішіне жиі шығып тұратын. Қазір осындай үрдіс үзіліп қалған сияқты.

– Шыны керек, біз тоқырау жылдары тап болған қиыншылықтың зардабын әлі тартып келеміз. Кітапханалардың жабылғаны –оқырман санының азаюына, ал мәдениет үйлері мен музыкалық мектептердің жабылуы – сахна мәдениетінен айырылуымызға алып келді. Қазір әнші атаулыны көк жәшіктен ғана көреді. Оның өзінде эфирде жанды дауыста айтатын әнші де, фонограммамен айтатын әнші де бәрі бірге сапырылысып жүр. Халық кімнің талантты, кімнің жалған екенін білмей қалды. Осы жаныма батады.

– Сізді тыңдарман той әндерінің мәдениетін қалыптастырушы өнерпаз ретінде таныды. Бүгінгі қазақтың той-томалағында айтылып, жұртты билетіп жүрген ырғақты әндер легі көңіліңізден шыға ма?

– Бұрын бір жаңа ән естісек, «сөзі мен сазын кім жазды екен?» деп қызығушылық танытатынбыз. Ал қазіргі айтылып жатқан әндерді тыңдасақ,  қазақтың әні ме, әлде қырғыз бен өзбектікі ме дейтін халге жеттік. Бұл қазақ шоу-бизнесі мен той- бизнесін өзге ұлттың әндері жаулап алғанын анық көрсетеді.

Егер Мәдениет министрі болсам, қазақтың менталитеті мен мінезіне сай келетін әндерді ғана сахнаға шығарар едім.

Қараңызшы, мысалы егер тау халқының лезгинкасын естісек, бойымызда қызуқандылық пен өрлік пайда болатын сияқты көрінеді. Осы тәріздес әр ұлттың әнінің астарында өзіндік ырғақ пен мінез жатады. Менің қорқатыным да осы – біз өзге ұлттың әнін тыңдап, билеу арқылы  өзіміздің ұлттық мінезімізден айырылып бара жатқандай көрінеміз.

– «Ұялмаған әнші болады» дейтін қоғамда өмір сүріп жатқанымыз рас қой. Өнердің бұлайша қадірін кетіріп алуымызға не себеп деп ойлайсыз?

– Қазіргі жастарға өкпелеудің де қажеті жоқ па деймін. Өйткені, буы бұрқырап жұмыс жасап жатқан зауыт-фабрикалар жоқ. Егер ондай өндіріс ошақтары болғанда, өнерді нан табудың көзіне айналдырғандардың көбісі өз орнын тауып кетер ме еді.

Өз басым қазақ сахнасында жүргендердің 85 пайызы нәпақа табудың жолында жүргендер деп санаймын. Оларды шынайы талант иесі деп айтуға келмейді. Бүгінгі таңда той-бизнестің алға шығып кеткені де осы – тіршіліктің қамы. Өнерге таласы бар жастарға қанша жерден қарынның қамына бола жұмыс жасаса да, қазақ өнерінің дамуына үлес қосарлық ұлттық бояуы бар туындылар ұсынса деген тілегім бар.

– Жалпы елдегі өнер мен мәдениет саласында жүргізіліп отырған саясатқа көңіліңіз тола ма?

– Халықтың «аспандағы жұлдыздан жердегі жұлдыз көп» деп өнер адамдарынан жеріп кететін жөні бар. Себебі, әлеуметтік желіде болсын, «әу» деп төбе көрсеткеннің бәрін төбемізге көтере беретін жағдайға жеттік.

Жалғыз өнер емес, қай салада болсын шегірткелер қаптап кетті. Тыңдарманға нағыз талантты таңдап ұсынар жұмыстар жағы жеткіліксіз. Осы жағы қолға алынса деймін.

Бірақ, көпке топырақ шашпаймын. Нағыз өнердің сойылын соғып жүрген азаматтар да бар. Соларға деген насихатты көбейтсек игі болар еді.

– Көпшіліктің жадында жатталған «Не жаздым, жаным саған» атты әніңіз жауапсыз махаббатыңызға арналған екен. Жүрегіңізді тербеген сол ару туындының өзіне арналғанын біле ме?

– Ол қыз әннің өзіне арналғанын іштей сезді деп ойлаймын. Аты-жөнін жалпақ жұртқа жарияламадым. Бәлкім, соңынан  өкініш білдірген де болар, ол енді өз ішінде қалған құпия. Қазір ол кісінің де, менің де отбасым бар. Бірақ бір кезгі махаббатымыздың белгісі ретінде осы ән естелік боп қалды. Жалпы ғашық болу, сүю деген ғұмырлы құбылыс болғандықтан, мен бұл ән жүректерде өшпейді деп сенемін. Туындының өмірге келуіне себеп болғаны үшін ол адамға өмір бақи ризамын.

– Талай қыздың арманы болған Өктем Алтаевтың бүгінгі жары бір жағынан өзінің продесері дегенді естиміз. Осы рас ра?

– «Кез келген табысты ер азаматтың артында мықты әйел тұрады» дейді ғой.  Біз отбасымызбен өнерге ден қойғандықтан, келіншегімнің өзіме продюсер болып жүрген жайы бар. Өтетін концерттер мен той-томалақтардан түсетін шақыртулар мен келіссөздерді сол кісі өзі жүргізеді.

Ал жеті жасымда өнер сахнасына алып шыққан анам Сара Биназарқызын тұңғыш продюсерім санаймын. Бүгінде жасы 86-дағы анамнан әлі күнге дейін ақыл-кеңес сұрап отырамын.

– Ұлыңыз Бағжан да өнердің аламанына түсіп жүрген азамат. Виолончель аспабын өз еркімен таңдады ма, әлде өзіңіз жол көрсеттіңіз  бе?

– Ұлым жеті жасынан бастап Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде оқыды. Негізі виолончель деген аспапта ойнау екінің біріне қона бермейді  екен. Себебі, бұл аспапқа таңдау салған талантты алдымен саусағына қарап алатын болса керек.

Кезінде өзім де Шымкенттегі музыкалық училищеге құжат тапсырғанымда, қолымды көрген музыка маманының «виолончель тартуға жарайды екенсің» дегені бар  еді. Бірақ мен ол кезде оқуға түсе алмадым. Бір қызығы, ұлым да музыка мектебінде оқып жүргенде ұстаздары саусақтарының виолончельге келетінін айтқан көрінеді. Сөйтіп, осы аспапта ойнау бақыты ұлыма бұйырды.

Құдайға шүкір, қазіргі таңда балам әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетіп жүр. Бұған дейін Алматы қаласындағы бірнеше оркестрлерде қызмет атқарды. Енді өз алдына жеке шығармашылықпен айналысып, кештерін өткізіп жүр. Жуырда ғана еліміздің Оңтүстік өңірлерін аралап, елдің батасын алып қайтты. Алдағы қараша айының 11-інде Республика сарайында тағы бір музыкалық кешін бермек. 

– Сұхбатыңызға рақмет.

Тегтер: