Шухрат факторы. Еуразиялық банк НЕГЕ мемлекет қарызын қайтара бастады?
«Еуразиялық банк» в 2024 жылғы таза кірісінен 30 миллиард теңгені мемлекетке қайтарып береді. Акционерлері былтырғы табыстан дивиденд алмайтын болды. Бір қызығы, осы жылдың қаржылық көрсеткіштері мәз болмаса да банктің директорлар кеңесін басқаруға келген Шухрат Ибрагимов осындай шешімге барып отыр. Мемлекет үшін бұл әрине жақсы. Ал банк үшін қалай болмақ?
Биыл қаржылық құралдардың әділетті бағасы қайта есептеліп, ол Еуразиялық банк балансына ауыр соққы болып тиді. 2025 жылдың алғашқы алты айында банктің таза кірісі 30,5 миллиард теңге көрсеткен. Бірақ қаржылық есептілікте қорытынды кіріс минусқа кіріп кетіп, керісінше 1,2 миллиард теңге шығын көрсетіп тұр. Бұл қаржылық құралдардың әділетті бағасының қайта есептелгенімен байланысты.

Осыған қарамастан, банк акционерлері былтырғы 84,9 миллиард теңгені банк балансында қалдырып, одан мемлекеттік қарыздың бестен бір бөлігін қайтармақ. Бұған дейін банк мемлекетке 150 миллиард теңге қарыз болып келсе, енді қарызы 120 миллиард теңгеге азаяды.
-
-
Тақырыпқа орай: НЕГЕ негатив? Еуразиялық банктің болашағы бар ма?
-
Мемлекеттік қарызды қайтару қаржылық тұрақтылықты арттыру бағдарламасы аясында шығарылған облигациялардың бір бөлігін қайта сатып алу арқылы жүреді. Сонда Еуразиялық банк номиналдық құны 100 теңгеден болатын 300 миллион облигацияны жинақталған, бірақ төленбеген сыйақысымен бірге сатып алатын болады. Осылайша мемлекетке 30 миллиард теңге қайтпақ.

«Еуразиялық банк» АҚ акционерлері банктен бірнеше жылдан бері дивиденд көрмей келеді. Бірақ соның арқасында олар банк капитализациясын жақсартып, қазір оның үлестірілмеген кірісі 348 миллиард теңгеге жетті. Осы жылдың нәтижесі былтырға қарағанда жақсы болады деп болжай алмаймыз. Керісінше 85 миллиард теңгелік таза кіріске банк енді жете алмайтын сияқты.
Ал жаңа жылдан кейін банк саласына салынатын корпоративті табыс салығының мөлшері 20 пайыздан 25 пайызға өсетінін ескерсек, келесі жылы Еуразиялық банкке мемлекеттік қарызды көбірек қайтару оңайға тимейді.
Еуразиялық банк әзірге мемлекетке қарыз болып отырған төрт банктің бірі. Басқалармен салыстырғанда борышы көп емес. Қазіргі таңда мемлекетке Нұрбанк 46,8 миллиард теңге, Еуразиялық банк 120 миллиард теңге, Bank RBK 176,8 миллиард теңге, ал Alatau City банкі 950,2 миллиард теңге қарыз.