Бишімбаевтың анасы 1 млн доллар үшін туысымен соттасып жатыр
Астана қаласында алаяқтық бабы бойынша сот басталды. Сотта Қуандық Бишімбаевтың анасы туысын 1 млн доллар иемденіп алды деп айыптады
Астана, NEGE. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша қаралуда. Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова өзінің туысы Бекзат Кемелованы айыптап отыр.
«Айыпталушы Бекзат Кемелова Альмира Нұрлыбекованың 990 000 доллар сақтап отырғанын біліп, оның ұлы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс тергелуіне байланысты күйзеліске түскен жағдайын пайдаланып, Антикор қызметкерлері оның мүлкі мен ақшасын тәркілеуді жоспарлап отыр деп сендіріп, ақшаны жасыру үшін өзіне беруге көндірген», – деп мәлімдеді сотта мемлекеттік айыптаушы.
Айыпталушы Кемелованы адвокат Игорь Вранчев қорғайды. Ол бұған дейін Қуандық Бишімбаевқа қатысты сотта Нүкеновтер отбасының мүддесін қорғаған. Айтуынша, мұндай жағдай болмаған, ал Бишімбаевтың анасы ұлына қатысты іс кезінде туыстары көмектесуден бас тартқан соң сотқа жүгінген.
«Барлығы екі отбасы арасындағы жанжалдан басталды. Оның себебі — менің қорғауымдағы адамның күйеуі, бұрынғы сот-медициналық сарапшы, Бишімбаевтар отбасы сұраған көмектен бас тартқан. Яғни Салтанат Нүкенова ісі бойынша белгілі бір келісімдер жасап, Қуандық қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кететіндей етіп көрсетуге көмектесуден бас тартқан», — деді адвокат.
Ал, бұған дейін Бишімбаевтардың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов NEGE ақпарат құралына берген сұхбатында Альмира Нұрлыбекова туысына сеніп, 1 млн долларын бергенін айтқан.
Тергеу амалдары жүріп жатқанда Бишімбаевтардың үйіне Бекзат Кемелова келіп (туысы Қайрат Кемеловтің әйелі – ред) «Антикорда жұмыс істейтін күйеубаламнан естіп-білдім, «Қуандықтың туыстарының үйіне тінту жүргізеді екен. Тізімде 30 адам тұр, тек біздің ғана фамилия жоқ» деп айтты. Сондықтан үйіңізде қымбат, бағалы дүниелер немесе ақша болса, бекерден-бекер күйіп кетпесін. Одан да біз алып, сақтап берейік. Керек кезде аласыз ғой...» деп сендіріп әрі психологиялық қысым жасап, қорқытады» - , дейді Бишімбаевтардың адвокаты.
Ғазымжановтың айтуынша, сот өтіп, Қуандық Бишімбаевқа жаза тағайындалған соң, Альмира Нұрлыбекова несиесін, шығынын төлеу үшін туысынан ақшасын сұрайды. Бірақ неге екені белгісіз, күнде «ертең», «келесі апта» деп жүріп, ақыр соңында «Бізде ешқандай ақша жоқ. Біз сіздерге ештеңе бере алмаймыз» деп сөзінен тайқып шыққан.
Содан кейін Бишімбаевтар 2024 жылдың қазан айының басында құқық қорғау мекемелеріне шағым түсірген. Ал, адвокаттың сөзінше, Бекзат Кемелованың ақшаны алғаны туралы WhatsApp желісінде жазылған хаттар мен куәгерлер бар.