3 Қараша 17:05
...

БҰҰ: Журналистерді өлтіру оқиғаларының 85%-ы құпия күйінде қалады

в
Фото: AP Photo / Bebeto Matthews

Әлем бойынша журналистерді өлтірген он оқиғаның тоғызы ашылмай құпия күйінде қалады. Мұндай деректерді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді. 

Астана, NEGE. 2023 жылдың тамыз айынан 2025 жылдың мамырына дейінгі аралықта ЮНЕСКО 163 журналистің өлтірілгенін тіркеді. Ақпарат құралдарының 109 қызметкері, оның ішінде 12 әйел қақтығыс аймақтарында қаза тапты. Негізінен Газа секторында (46), Суданда (13) және Украина аумағында (8).

Журналистерді өлтіру оқиғалары соғыс жүрмейтін елдерде де жалғасып жатқаны атап өтілді. ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, Мексикада жағдай көптеген қақтығыс аймақтарына қарағанда қауіпті: аталған кезеңде онда 15 БАҚ қызметкері қаза тапқан. Журналистерді өлтірудің расталған ең көп жағдайлары араб мемлекеттерінде тіркелді (82), одан кейін Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері (34), Африка (5), Азия-Тынық мұхиты аймағы (30) және Еуропа мен Солтүстік Америка (12) орналасқан.

Гутерриштің айтуынша, БАҚ қызметкерлеріне қарсы қылмыстар сол күйі ашылмай қалады. Мәселен, қылмыстың ашылу көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда бір пайызға төмендегенімен, журналистерді өлтірудің 85 пайызы әлі күнге дейін құпия күйінде қалған. 

«Шекарасыз репортерлер» ұйымының деректеріне сүйенсек, 2023 жылдан 2025 жылға дейін әлемде кемінде 1163 журналист қамауға алынған, олардың 568-і әлі күнге дейін 48 мемлекетте қамауда отыр. Журналистерді тұтқындаудың барлық деректерінің жартысына жуығы Беларусь, Қытай, Израиль, Мьянма және Ресей Федерациясына тиесілі.

Соңғы жылдары бірқатар елдерде заңнаманы теріс пайдалану күшейді, оның ішінде жала жабу туралы заңдар (адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялау), терроризммен күрес туралы заңдар және қауіпсіздік саласына қатысты, халықаралық құқық нормаларына сай келмейтін өзге де заң актілері бар.

«Еркін және тәуелсіз журналистика – қоғам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі және журналистер әлемнің кез келген жерінде еркін, бейтарап әрі қорқынышсыз жұмыс істеуге тиіс. Соған қарамастан, әлемде журналистерге жасалатын шабуылдар жалғасуда», – деді Антониу Гутерриш өз баяндамасында.

Бас хатшы журналистер тап болып отырған мәселелерді шешу үшін жедел әрі тиімді шаралар қабылдау ерекше маңызды екенін атап өтті.