22 Қыркүйек 11:32

Әнші-сазгер Марат Омаров НЕГЕ АҚШ-қа кетіп қалды?

Фото:
Белгілі әнші-композитор Марат Омаровтың көптен бері АҚШ-та тұрып жатқаны белгілі. Мұның себебін көпшілік сан-саққа жүгіртіп жүр. Осы ретте

NEGE тілшісі өнер иесінің өзіне хабарласып, мән-жайды сұрап білді.                 

– Сіз АҚШ-та тұрып жатқандықтан, Генаны қолдау үшін Лас-Вегастағы аренаға елімідің көк туын көтеріп, бірінші болып барғаныңызды білеміз. Жерлесіміз жеңілсе де, ол жақтағы жұрттың спортшымызға деген құрметі бәз-баяғы қалпында сақталған сияқты ма, қалай?

– Байрақты бәсекеде Генаның әлем назарын өзіне аударып шаршы алаңға шыққаны, ал Димаштың гимнді шырқағаны алып аренаға  дүниежүзінен жиналған қазақтардың кеудесіне ерекше қуаныш ұялатты.

Негізі өз көзіммен тамашалаған адам ретінде айтатын болсам, Альварес 6-раундтқа дейін айбар көрсетті, одан соң отандасымыз серпін алып, оның өзін  соққының астына ала бастады. Соңында сары баланың біздің батырдан артық еншілегені бір-ақ ұпай болды. Тіпті, қасымда отырған спорт мамандарының аузынан «Гена тез арада өзін жинап алды, сондықтан қазақстандық спортшы  басым түсті» деген пікірін құлағым шалды. Дегенмен, оны жеңілді деп шешсе де, бұған дейін еліміздің байрағын талай рет  көкке көтерді ғой. Оны жоққа шығаруға болмайды.

– Жалпы сіздің  АҚШ-та тұрып жатқаныңызға біраз уақыт болды. Бұл ұзақ мерзімді саяхат па, әлде сол жақта тұрақтап қалуды шештіңіз бе?

– Бұл жерде бүкіләлемдік композиторлар одағының ассоциациясы бар. Мен  2000 жылдан бері соған мүшемін. Бір жағынан БҰҰ-ның мәдени кеңесшісі болып тағайындалғанмын. Қазір осы мансабымның аясында түрлі мәдени шаралар ұйымдастыруға қолқабыс етіп жүрмін.

Бұдан бөлек, кенже Қызым Бибі-Мариям осында оқып, білім алуда. Сондықтан қызымды қолдау мақсатында қасында болсам деп, бір жағынан тарыдай шашылып жүрген қандастарымның басын қосып, туған тілі мен мәдениетінен ажырап қалмауына үлес қоссам деген ниетпен он айдан бері осында тұрып жатқан жайым бар.

– Әкеге тартып, өнер жолына түскен кенжеңіз болашағын қай елмен байланыстырмақ ойы бар? 

– Иә, қызым биге деген құштарлығының арқасында АҚШ-тағы танымал бишілер тобының құрамына енді. Бұған дейін ән де айтты, сурет те салды, тележүргізуші де болды. Соңында Нью-Йорк фильм академиясының кинорежиссура мамандығын таңдады. Арманы – Қазақстан жайлы түрлі туындылар түсіріп, еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрін әлемге таныту. Анығын айтқанда, АҚШ пен Қазақстан арасында достық көпір орнату.

– Айтпақшы, осыдан біраз жыл бұрын Азамат ұлыңыздың кіндігінен тараған некесіз немереңіз табылған еді. Азаматтық танытып, оған тегіңізді де бердіңіз. Ол бүлдіршіннің жағдайы қалай?

– Иә, Көзайым Түркістанда тұрып жатыр. Ұлым да барып, қалдарын біліп тұрады. Бибі-Мариям да өсіп, аяққа тұрған соң, соңымдағы іні-сіңлілеріме қолқабыс болам деп отыр. Алла соған жеткізсе деймін.

Біздің де арқа етіміздің арша, борбай етіміздің борша болып жүргені сол балалардың қамы ғой.

– Марат Омаровтың «Коронавирус, кет!» әні оның атын алты құрлыққа асқақтатып жіберді дейтіндер бар. Мұхиттың арғы жағына жол салуыңызға сол әннің септігі тиді ме?

– Әрине (күлді). Бұл әнімді қазір «Бақытты күндер» деген атаумен ағылшын тіліне аударып, арнайы бейнебаян түсіріп қойдым. Бұйырса, тұсауы кесіледі.

Жалпы, бұған дейін орындаған әндерімнің көбісін шет тіліне аудартып жатырмын. Соның айналасында көптеген жобалар жасалып жатыр.

– Айтпақшы, Астананың бұрынғы атауына ауысқанына елден ерекше қуанған екенсіз...

– Себебі, 1997 жылы Ақмоламыз астана болады деп жатқанда мен «Арман қала – Астана» әнімен «Азия дауысы» жобасына қатысып, лауреат атанған едім. Туынды сол кезде арман қуып Астанаға ағылған қаншама жастың гимніне айналғандай болды. 

Енді, жуырда Астана атауы қайтарылғанда «Маратжан, сенің әндерің қайта оралды» деп, елден қоңырау шалған әріптесетірім көп болды. Бұл – көңілге қуаныш ұялатады.  

– Жалпы қазір тыңдарман жеңіл әндерге құмар болып кетті. Бұл біздің елде ғана емес, жалпы әлем сахнасында етек алған жаһандық үрдіс секілді көрінеді. Осының астарына үңіліп көрдіңіз бе?

– Әрине, мойындауымыз керек, қазір күллі әлем жеңіл әндерге әуес болып барады. Енді уақыт талабы солай ма деймін...

– Мұхиттың арғы жағында тұрып жатсаңыз да тыншымай, түрлі трек жазып, жарыққа шығарып жүргеніңізді білеміз.  Елдегі кейбір қазақтардың ана тіліне деген құрметі көңіл көншітпей жатқанда, ағылшынша шүлдірлеген ол жақтың қазақтарына туындыңызды тыңдату қиын болып жатқан жоқ па?

– Бұл жақтағы қазақтардың елге деген сағынышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мысалы, алғаш «Анашым» әнін естігенде, жерлестерім көздеріне жас алып, бала-шағаларына елде қалған ата-әжелері, ағайын туыстары жайлы айтып, қалаберді менің кім екенімді таныстырып бәйек болды.

Өткізген творчестволық кештеріме келгенде балаларына қазақ тілін үйрету мақсатында шеберлік сабақ өткізуімді өтініп  жатқандар көп. Бір әттеген-айы – бұл жерде де қазақ тіліне деген насихат көңіл көншітпейді.  

Соның салдарынан кейінгі жылдары туған бүлдіршіндердің дені қазақша білмейді. Осы ретте елшілікте өтетін жиындарға барғанда, келген қазақ балаларына гимнді айтқызып, қазақ тілінде түрлі ән шырқатып, тілін қазақша сындыруға тырысамын.

– Түрлі штатта концерт бердіңіз. Барған жеріңізде қалай қарсы алды? Тарыдай шашылып жүрген қандастарымыздың басын қосу қиын болмады ма?

– Бір жақсысы, бұл жақтағы қандастарымыз қанша жерден жұмысбасты болса да, шақырған жерден қалмай, уақытылы келуге тысырады. Маған қосыла қазақша ән шырқап, соңынан бас қосаып әңгіме айтып, «елге барғандай болдық» деп арқа-жарқа болып тарқасады.

Бұйырса, Республика күніне орай Вирджиния, Вашингтон, Сан-Франциско қалаларына шақырып жатыр. Тағы да орта толып, бәріміз ана тілімізде шүйіркелесеміз деген сенімдемін.

– АҚШ-та тойға шақырып тұра ма?

– Әрине, шақырып тұрады. Жуырда ғана Лос-Анджелес пен Чикагоға екі отбасының қыз ұзату және тұсаукесер тойына шақырту алып, қатысып қайттым. Жүрген жерімде  ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге тырысамын.

Тегтер: