18 Қазан 13:16

Есен Елеукен, Қазақстан КВН Одағының президенті: Бүкіл әлемге Ресейдің көзімен қарайтын секілдіміз...

Фото:

Қазақ КВН-ін Есен Елеукенсіз елестету мүмкін емес. NEGE тілшісі  талай жастардың басын «Жайдарманға» тоғыстырып, талантын шыңдаған  іскер азаматпен тілдескен еді.

– Жайдарманды жаңа форматта ұйымдастырып жатқан жайыңыз бар екен. Бұл жаңашылдыққа ойысудағы мақсат не?

 Бұл жаңашылдықтар «Жайдарман» тарихындағы жалғыз өзгеріс емес. Біз жыл сайын тәуекелге барып, түрлі эксперимент жасап келеміз. Себебі көңілді көтеретін жоба үнемі бірсарынды болса, осынша уақыт өз биігінде тұра алмас еді. «Жайдарманның» ерекшелігі де сонда болса керек, үнемі ізденісте жүреміз. Біз үшін  жаңашылдықты іздеу, креатив секілді дүниелер маңызды рөл атқарады.

 Өткен он жылмен салыстырып көрейікші, қазіргі әзілге құмар жастар мен бұрынғы түлектердің арасында айтарлықтай айырмашылық бар ма?

– Айырмашылық өте үлкен. Бұрын жастардың өз өнерін, шығармашылығын танытудың жолдары санаулы болды. Ал қазір интернет, әлеуметтік желілердің арқасында мүмкіндіктер сан алуан.

Қазір талантын танытқысы келетіндерге белгілі бір алаң немесе үлкен сахнаға шығу шарт емес, қолында смартфоны, әлеуметтік желіде парақшасы болса, бүкіл әлемді аузына қаратуына болады.

Сондықтан бұрын жастар «Жайдарманды» өз бағының бірден-бір трамплині деп есептесе, қазір көп ортаның бірі ретінде қарайды. Оның үстіне қазір құндылықтар өзгерген. Соған сәйкес жастардың да көзқарасы  түрліше қалыптасуда.

 «Тамаша» арнасын тізгіндеп, біраз уақыт өзіңізді медиа-басшы ретінде сынап көрдіңіз.  Бұдан соң ұсыныс түспеді ме, қазір «Жайдарманнан» өзге тағы қандай кәсіппен айналысасыз?

– Ұсыныстар түсті. Тіпті бірнеше телеарнадан түрлі бағытта – бас продюсер, креативті директор, кеңесші болуыма өтініштер болды. Бірақ, қазір өзіміз де үлкен жобаны қолға алдық.

Биыл JCI – «Jaidarman Creative Industry» құрылды. Оның мақсаты – елімізде креативті экономиканы, индустрияны дамытуға үлес қосу. Бұйырса, «Жайдарманнан» бөлек, басқа да жобаларды жүзеге асырмақ ойымыз бар. Ол аяққа тұрып, өз жолына түспейінше менде басқа жоспар болмайтын шығар.

 Уақыт ағымына сәйкес әзіл де түрлене түсті. Мәселен, қазіргі жастар стэндапқа ойыса бастады. «Жайдарман» бұл жанрдың тасасында қалады деп ойламайсыз ба?

–  «Жайдарманның» 20 жылдық ғұмырында отандық юмор жанрында көптеген жобалар дүниеге келді. Бірақ «Жайдарман» әлі өз биігінде келе жатыр ғой. Демек, стендаптың ығында қаламыз деген қорқыныш болуы мүмкін емес. Оның үстіне қазіргі қазақ стендабындағы жігіттердің дерлігі «Жайдарманның» мектебінен шыққандар. Тіпті жаңағы айтқан JCI арқылы бұл бағытқа да өз үлесімізді қосуымыз ғажап емес.

 «Жайдарманға» бүгінгі таңда қаржылай қолдау бар ма?

– Әрине, қазіргі кезде қаржылай қолдаусыз ешқандай жобаны іске асыру мүмкін емес қой. Дегенмен, шекеміз шылқып, мегажоба жасайтындай қаражат құйылып жатқан жоқ. «Аманат» партиясының «Jastar ruhy» жастар қанаты, арасында жергілікті әкімдіктерден және жекелеген демеушілердің арқасында «Жайдарман» дамып келеді.

– Кезінде «Нұр-Отан», яғни, қазіргі «Аманат» партиясы Республикалық жоғарғы лига сайыстарына бірнеше мәрте демеушілік жасапты. Осындай демеушілер тарапынан «ананы айтыңдар, мынаны айтпаңдар» деген сияқты шектеу болмай ма?

 Партия тарапынан ешқашан шектеу болған емес. Әрі-беріден кейін қалай әзілдесуді, қандай қалжың айтуға болатынын өзіміз де білеміз ғой. Жалпы өзгенің ақылына немесе кеңесіне мұқтаж болатын жастан кеттік қой. Бұл салада тіпті ардагерлердің бірі болып қалғандаймыз...

 Әлеуметтік желіде азаматтық пікіріңізді ашық айтып жүрсіз. «Есен, тыныш жүрсеңші» дейтіндер жоқ па?

– Кейде жоғары жақта отырған дос-таныстардың хабарласып, «аманшылық па?» деп сұрап қоятыны болмаса, «қатты кеттің» деп қағып қалған жағдай болған емес. Әрі-беріден кейін желіде жариялайтын жеке пікірлерім – билікке, мансапқа таластан емес, көрген жағдайларға күйінгеннен шығатын сөздер ғой.

 Ел азаматы ретінде алдағы сайлауды қалай екшелейсіз? Кімге дауыс бермек ойыңыз бар?

– Жалпы «Сен саясатпен айналыспасаң да, саясат сенімен айналысады» дейді ғой, бірақ сонда да саясатқа аса жолағым келмейді. Менің істеген жұмыстарым елге және жастарға септігін тигізіп жатса, сол менің саясатпен айналысқаным болмақ деп есептеймін.

Өйткені елге қызмет істеу үшін билікке жағаласып, саясаттың сойылын соғу міндетті емес.

Ал сайлауда кімге дауыс беруге келсек, бұл негізі әр азаматтың жеке пікірі болуы тиіс қой. Алайда, қазіргі кандидаттардан Тоқаевтан басқа ешкімді танымайды екем.

 Айтпақшы, жуырда  «Ешкімге қажеті жоқ ресейлік рубльді біздің елде айналымға енгізудің қажеті қанша?» дегенді айтып, арнайы пост жариялаған едіңіз. Біз бұдан өзге тағы неден ұтылып жатырмыз деп ойлайсыз?

– Біздің негізгі ұтылғанымыз – көрші елдің ақпараттық кеңістігінің астында отырғанымыз. Бүкіл әлемге солардың көзімен қарайтын секілдіміз. Бұл – тілімізден бастап, мәдениет пен руханиятымыздың өзгеруіне әкеліп соғады.

Егер өзім сойылын соғып жүрген сала бойынша айтар болсам, қазір бүкіл жетістігімізді, жаңа жобаларымызды ресейліктермен салыстырады, солармен өлшейді. Егер бізде әралуандық болса, креативті индустрияда жаңаша белеске шығар ма едік деген ой келеді. Ал саяси-экономикалық жағын менен өзгелер айта жатар.

 Тұрсынбек Қабатовпен араңызда біраз келеңсіз әңгіме болып еді. «Ер шекіспей бекіспейді» деген. Қазір аман-сәлемдеріңіз түзелген болар?

– Тұрсынбек екеуміз бет-жыртысқан жоқпыз. Арамызда өзара түсінбеушілік болғаны рас. Бірақ, қазір соның бәрін ойлап отырсам, болмайтын пендешік екен. Бәлкім, жастықтың жалыны да шығар. Әйтпесе екеумізге жетпейтін дүние жоқ қой.

Шүкір, қазір жақсы араласып тұрамыз. Жұртқа «біз жақсымыз» деп көз қылу үшін емес, бір терінің пұшпағын илеп жүрген азаматтар ретінде кездесеміз. Жалпы, бұрын да Тұрсынбекті жау көрген емеспін. Тіпті, ол туралы артық ой, арам пиғылым болмаған. Өйткені ол қазақтың бағына біткен, өнерлі, дарынды азаматы. Бір салада жүргесін бәселестік орнаған шығар, бірақ екеуміздің де шығар биігіміз –  бір аудитория, бір қазақтың ортасы.

 Жұбайыңызды көптен жасырып, кейінгі кезде ғана жалпақ жұртқа көрсеттіңіз. Кейбіреулер мұны «қай келіншегін көрсетерін білмей жүр» деп дабыра да қылды. Қатардан  қалмай, бірнеше әйел алғандар қатарында сіз де барсыз ба?

 Сұрап қалған екенсіз, айтайын. Менің бір ғана әйелім бар. Басқаны ойлауға уақытым жоқ. Бір отбасыны асырап қарық қылып алсам да жарар.

– Бір сұхбатыңызда «КВН дұрыс жолға түсуіме себеп болды» деген екенсіз. Сонда жастық шақта қандай болдыңыз?

 Негізі ол сөзді «КВН менің жолымды, тағдырымды өзгертті» деп айтар едім. Себебі жастық шақта біреудің басын жарып, көзін шығарған қылығым болған емес. Әрине, бір адамға тән мінезім бар. Ал оған жастық асаулық қосылған кезде, шалқып сөйлеген кезіміз болған шығар. Дегенмен, тентектік қылып, абыройсыздыққа ұшырамаппын.

 Спорт журналисі болуды армандапсыз. Неге болмадыңыз? Өкінесіз бе?

– Аса қатты өкінбеймін. Кәсіби комментатор болып кетпесем де, сол маңда жүріп көрдік. Қазір медиа-футбол деген жоба шықты ғой. Сонда комментатор болып, шараны жүргізіп көргенім бар. Телеарналарда сарапшы да болып жүрміз. Сондықтан бұл тұрғыда өкінішім бар деп айта алмаймын.

Тегтер: