8 Қазан 12:01

Динара Егеубаева, тәуелсіз журналист: Билік маған ұлым арқылы қысым жасамақ

Фото:

Көзі қырағы телекөрерменге Динара Егеубаевның есімі етене таныс. Соңғы жылдары көк жәшіктен емес, әлеуметтік желіден жиі көрінетін тележүргізушінің кәсіби қызметі айналасында біраз әңгімелер айтылып жүр.

NEGE тілшісі өткір ойларын ортаға салып жүрген Динара Егеубаевамен тілдесті.

Динара, жуырда Алматы қаласындағы Медеу ауданының полиция бөлімшесіне шақыртылғанызды және ол шақыртудың тікелей кәсіби қызметіңізбен байланысты екенін айтып, дабыл қаққан едіңіз. Сол мәселенің соңы не болды?

– 15 қыркүйек күні менің үйіме экстремизм және терроризммен күрес бөлімінен полицейлер келді. Олар суыт жүрістеріне белгісіз ер адамның 102-ге хабарласып, менің үйіме жарылғыш зат қойылғаны туралы айтқан хабары себеп болғанын мәлімдеді. Бірақ ол жерде жиырма жыл бұрын тұрып кеткен пәтерімнің мекенжайы айтылған. Сонымен, менен кешірім сұрауымды талап етті. Сондай-ақ тергеуші Олжас Ысқақов менің әлеуметтік желідегі барлық парақшаларыма жазылғанын және  не жазып, не қоятынымды бақылап отыратынын айтты. Әрі менің ұлымның үш жыл бұрын ДВК-ның чатына кіргенін есіме салды.

Ол кезде де Ысқақов (сол екенін кейін білдім) баламды кездесуге шақырмақ болған, бірақ ұлым кәмелеттік жасқа толмағандықтан, жалғыз жібермеген едім.

Сөйтіп, оған қоңырау шалып едім,  «ешқандай сауал жоқ» деп жылы жапқан болатын. Мен тіпті бұдан соң  ол жағдайды ұмытып та кеткенмін. Бірақ неге екенін, өткенді қайта есіме салды. Сондықтан неде болса әлгі тергеушінің келуі менің кәсіби қызметіме байланысты деп топшыладым. Ақыры маған шақырту беріп, куәгер ретінде Медеу аудандық ішкі істер бөліміне келуім керек екенін айтты. Мен дереу журналистерге шығып, полиция бөлімшесінің алдында баспасөз жиынын ұйымдастыратынымды хабарладым.

Фото: azattyq.org

Әріптестеріммен кездесуден соң заңгерлермен бірге ғимараттың ішіне кірдім. Жауап алу қырық минутқа созылды. Әңгіме басталмас бұрын бұл шақыртудың журналистік қызметіме еш қатысы жоқ екенін ескертті. Бар сұрақ жарылғыш зат қойылғаны айтылған хабарлама жайында болды. Дегенмен, өзім бұл биліктен болған қандайда бір ескертпе деп ойлаймын.

– Әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы саясаткерлермен сұхбаттасып жүрсіз. Осындай ашық әңгімені отандық арналардың бірінде жүргізу мақсатында басшыларына ұсыныс жасап көрдіңіз бе?

– Отандық арналар тікелей мемлекеттің бақылауында екенін жұрт жақсы біледі. Сол себепті телеарна атаулыға қолқа салу жағын ойламадым да. Маған қазір телевидениеден гөрі әлеуметтік желілер анағұрлым тиімді. Оның үстіне біреудің қаржылай қолдау көрсету арқылы редакциялық саясатыма қол сұққанын қаламаймын.

Айтпақшы, жуырда желідегі парақшаңызда елдегі қаңтар оқиғасы, кезектен тыс сайлау, реформа және  тәуелсіз журналистер мен азаматтық бедсенділерге  жасалып жатқан қысым сияқты елдегі бірқатар мәселелерді халықаралық деңгейде көтеруге мүмкіндік алғаныңызды айтып едіңіз...

– Біздің елдегі саяси ахуалды бақылап отырған бірнеше шетелдік дипломатпен жүздестім. Оларды  мемлекеттік көзқарастан тыс балама пікірлер қызықтырады. Сондақ-ақ қаңтардағы наразылық шерулерін басып-жаншу жайында батыстық басылымдарға сұхбат бердім.

– Полиция ескерту жасағанын айттыңыз. Ұлыңыз үшін қорықпайсыз ба?

– Әди қазір бала емес, менің кәсібімнің қиындығын жақсы түсінеді. Түрлі арандатушылықтар болуы мүмкін екенін де жақсы біледі, сондықтан әр нәрсеге сақтықпен қарайды.

Мен ұлымның басында туындаған кез келген оқиғаны маған жасалған қысым ретінде қабылдаймын. Себебі, билікті сынауға байланысты  кәсіби әрекетім біздің елде қауіпті екенін жақсы білемін.

Бұған дейін маған боттар мен ақшаға сатылған блогерлер арқылы түрлі шабуылдар жасалған. Көпшілік тәуелсіз журналистерге жасалатын қысымға мемлекеттік бюджеттен  қаражат бөлінетінін білу керек, яғни, оның бәрі біздің биліктің тапсырысымен орындалады деген сөз.

– Қаңтар оқиғасынан соң президент Қ.Тоқаевты жазықсыз құрбан болған жандар үшін жауап беруге тікелей эфирге шақырған едіңіз. Қандайда бір жауап болды ма?

– Жоқ, жауап қатпады. Президент тәуелсіз журналистпен бірге тікелей эфирге шығуға жүрексінеді деп ойлаймын. Әдетте президент әкімшілігі сұхбатқа арналған сұрақтарды тексерістен өткізіп, жауаптарын алдын ала даярлайды. Ал мен оған келіспеймін.

Кезектен тыс өтетін сайлауға қарсы болып отырсыз. Неге?

– Мерзімінен бұрын сайлау өткізу – заңға қайшы. Қазір мұндай науқан өткізудің қажеті жоқ. Бірақ Тоқаев көптің қалауымен емес, Назарбаевтың тағайындауымен келгендіктен, бұл оған легитимдікке қол жеткізуі үшін қажет. Ол қаңтар оқиғасы бойынша ашық тергеу жүргізуге, Конститицияны өзгертпеуге және саяси-экономикалық реформа жасауға уәде берді. Бірақ уәде орындалмады.

– Бір кездері «Хабар» арнасында қызмет еткеніңізді айтып, «Динара тонын теріс киіп, оппозиция болып шыға келді» дейтіндер бар. Бұл пікірге айтар уәжіңіз бар ма?

– Мен – бар болғаны тәуелсіз журналистпін. Қызметім саяси немесе оппозициялық деп бөлінбейді, тек ел үшін маңызды жайттарды жеткізуге тырысамын.

  Д.Назарбаева. Фото: ғаламтордан

– Жұрт айтқандай, бір кездері Дариға Назарбаеваның ең жақын  құрбыларының бірі болғаныңыз рас па?

– Жоқ, бұл өтірік. Мен бар болғаны 1996-1999 жылдары Д.Назарбаева басшылықта отырған кезінде «Хабарда» жұмыс істедім. Оны 1999 жылдың желоқсан айында соңғы рет көрдім.

– Белгілі журналист В.Познердің мектебінен өттіңіз. Бұдан өзге Прага, Ресей сынды алыс-жақын шетелде қызмет жасап, ТВ-ның бүге-шүгесіне қаныққан жайыңыз бар. Осындай  ұзақ жылғы тәжірибеңізге сүйенсек, Динараның бір өзі бір мектеп болып қалыптасқан сияқты ғой...

– Жеке мектеп ашатындай уақытым да, қаражатым да жоқ. Оның үстіне сырттан түскен өтініш те болмады. Бірақ жас журналистерге арналған түрлі тренингтерге қатысып, білгенімді бөлісіп тұрамын.  

Жалпы, біздің елде қоғамдық телеарна ашу жайлы әңгіме ұзақ жылдан бері айтылып келеді. Сіздің ойыңызша, қазір бұл мүмкін бе?

– Жоқ, мүмкін емес.  Мемлекет өзінің үгіт-насихатын тарату үшін көптеген БАҚ-ты бақылап, оған бюджеттен қыруар қаржы жұмсайды. Егер қоғамдық телеарна ашылса, қоғам сауалына жауап беруге тура келеді. Бұл біздің билік үшін үлкен тәуекел, сондықтан олар ондай ұсынысты қабылдамайды.

Қалай ойлайсыз, қазіргі таңда ТВ саласына таласы бар қыз-келішектерге төсек арқылы төрге озбай-ақ өз күшімен танылу мүмкін бе?

– Иә, өзім осының дәлелімін. Мұндай ұсыныстар болған кезде бірден жұмыстан шығып кеттім.

Әрине, қиын. Бірақ бұл төсек пен таныс-тамырсыз мансабыңды қалыптастыру мүмкін емес деген сөз емес. Тек мақсатқа жетудегі жолыңыз ұзара түседі.

Егер әйел өзіне сенімді болса және жоғары кәсіби қасиеттерге ие болса, міндетті түрде дегеніне жетеді.

Өзіңіз бұрын жұмыс істеп кеткен «31» мен «КТК»-ға қайта оралу ойыңызда жоқ па?

– Шынымды айтсам, әзірге телевидениеге оралу жоспарымда жоқ. Қазіргі кезде Ютуб желісінде жеке өзімнің арнамды жүргіземін.  Маған тәуелсіздігім маңызды.

Өзіңіз талай жыл жарнамалаған  Каспий банк ТМД-ның қаржы нарығында  құлашын кеңге жайған ірі банктердің біріне айналды. Бұл серіктестік сіздің қаншалықты жағдайыңызды жасап бере алды?

– Иә, қаламақым жоғары болды. Танымал есім мен жақсы репутация әрқашан қымбат тұрады.

Фото: vlast.kz

Сіз ойнаған «Киллер» фильмі Канн фестивалінде жүлде алған еді. Осыдан соң киноға түсуге ұсыныс түспеді ме? 

– Ұсыныстар болды, бірақ өзім бас тарттым. Біріншіден, мен киноға түскенді ұнатпаймын. Екіншіден, менде әртістік қабілет жоқ. Үшіншіден, «мен басты рөлді сомдаған жалғыз фильм Канн кинофестивалінде жүлделі орынды жеңіп алды» деп жауап бергенді ұнатамын. Бірақ бұл белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаевтың еңбегі екенін айта кеткен жөн.

– Көпшілік патриотизмді алдымен ана тілді білумен байланыстырады. Ал сіз үшін ұлтты сүю ең бірінші қандай қасиеттен тұрады?

– Әрине, өз тіліңді білуің керек.  Бірақ патриоттықты тілді білумен ғана өлшеу дұрыс емес.

Қаңтарда тергеу изоляторының қазақтілді қызметкерлері-ақ қазақты қинаған жоқ па? Керек десеңіз, Назарбаев та қазақша сөйлейді. Бірақ оларды осыған қарап, елінің патриоты деп айтуға келе ме?

Қазір тілді елді екіге бөлудің құралы ретінде қолданып жүр. Орыстың үгіт-насихаты осылай жүріп жатыр. Адамдарды тіліне қарай бөлетіндер оларға көмектесуде.

Мен қазақстандықтарды ұлты мен тіліне қарамастан, біріктіруге тырысамын. Біз – бір елдің азаматымыз және бәріміз бірдей жақсы өмір сүруге лайықпыз.

– Осы уақытқа дейін екі рет тұрмыста болдыңыз. Жаныңыз адал махаббатты қалайтынын айтасыз. Адамыңыз кездессе, «кеш» демейтін боларсыз?

– Әрине, махаббат жасқа қарамайды.

Тегтер: