Зарина Омарова: Әкемді өзге некедегі балаларынан қызғанбаймын...
Эстрада жұлдызы Зарина ОМАРОВА көптен бері көрінбей кетті. Ол НЕГЕ сахнадан жырақтады? Жеке өмірінде қандай өзгеріс болды? АҚШ-та тұратын әкесі Марат Омаровпен қарым-қатынасы қандай?
NEGE тілшісі әншінің өзімен тілдесіп, суыртпақтап сыр тартқан еді.
– Зарина, біраздан бері көрінбей кеттіңіз. Қазір ұл-қызыңыз өсіп қалған шығар? Уақытыңыздың басым бөлігін шығармашылыққа арнап жатқан боларсыз?
– Әрине, солай. Қазір көптеген ән жаздырып, уақытымның басым бөлігін студияда өткізудемін. Дегенмен, оның бағасын беру патша көңілді тыңдарман құзырында.
– Сіз бала тәрбиесімен үйде біраз уақыт отырып қалдыңыз ғой. Қазіргі шоу-бизнестің таң қалатын тұстары көп пе екен? Не өзгеріпті?
З.Омарова отбасымен. Фото: әлеуметтік желіден.
– Біз енді өзгерістер тоғысында туған ұрпақпыз ғой, сондықтан көзқарасымыз да басқаша. Ал қазіргі жастар көзіңе тіке қарап тұрып, ойындағысын бетің бар, жүзің бар демей ашық айтып салады. Тіпті, өзің ыңғайсыз жағдайға тап болатын кездер болады. Өзіміз үлкен кісілердің бетіне тіке қараудан ұялып, сөйлеуге именетін едік...
– Мұны қалай қабылдадыңыз?
– Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені үлкенді сыйлаған адам ешқашан жаман болмайды. Әр нәрсенің ақиқатын айтудың да мәдениеті болады.
Өз басым әжемнің қолында өскен соң ба, кісінің көңіліне қарап, басын, жасын сыйлап тұрамын. Әлі де сол тәрбиеден, мінезімнен танған жоқпын. Кішірейдім екен деп, жерде қалмадым.
Қазір жаңа бағытта жүрген жастар өнер сахнасында ұзақ жылдан бері келе жатқан аға-әпкелерімізді көргенде, амандаспай өте шығатынын байқадым. Осындайды көргенде қарның ашады екен. Мұны тәрбиесіздік деп есептеймін.
– «Әндер жаздырып жатырмын» дегенді айттыңыз, дегенмен қазір кавер жасауды әдетке айналдырғандайсыз. Бұл Заринаның көңілінен шығатын төл туынды таппай жүргенін білдіре ме?
– Маған қазіргі айтып жүрген кавер әндірді орындау «Хабар» арнасы тарапынан ұсынылған. Бір жағынан өзімді түрлі жанрда сынап көргеннің әбестігі жоқ болар дедім.
Мәселен, ел арасына кеңінен тарағанына қарағанда, Мирас ЖҮГІНІСОВТІҢ репертуарындағы «Зымыран» әнін орындауым көптің көңілінен шыққан тәрізді.
– Айтпақшы, осы «Cover Show»-дан соң кейбір әнші мен авторлар арасында біраз келіспеушілік туындап жатқан көрінеді. Мирас сіздің қайталай орындауыңызды қалай қабылдады?
– Жалпы ол бағдарламаның талабы бойынша ұйымдастырушылар маған бірнеше ән ұсынды. Өздері авторлар мен орындаушылардан рұқсат алғанын, сондықтан ешкім етегіме жармаспайтынын ескертті. Солай деген соң бірден Мирастың орындауындағы әнге таңдау салдым.
Шығарылым эфирден көрсетілген соң, оған арнайы хабарласып «бұдан былай әлгі әнді орындай беруіме бола ма?» деп рұқсат сұрадым. Ол: «Жоқ, қарсы емеспін, айта беріңіз», – деді. Сөйтіп, мен салған «Зымыран» одан әрі зымырай түсті.
Бір жағынан жұрт қалта телефондарына жүктеп ала бастады. Осыдан соң өзі сөз берген Мирас хабарласып, «порталдардан алып тастайсыз ба?» дегенді айтты. Оны да түсінуге болар.
– Әкеңіз Марат Омаровтың АҚШ-та жүргенін білеміз. Қазір үшінші некесінен туған кенже қызы Бибімариямның өнерін ұштап жатқан көрінеді. Сізде әкеге деген қызғаныш сезім жоқ па?
– Бұрын жеткіншек кезімде болған шығар. Қазір ондай ойдан аулақпын, себебі өзім де – ұл мен қыз тәрбиелеп отырған анамын.
Қызған-қызғанба, әр баланың өзіндік несібесі болады деп санаймын. Сондықтан Бибімариям сіңлімнің биіктен көрінуіне әрдайым тілектеспін.
Фото: әлеуметтік желіден.
– Айтпақшы, Зульфия деген тағы бір сіңліңіз бар екенін естідік. Әкелеріңіз бір болғандықтан, ізін суытпай онымен де жиі хабар алмасып тұратын боларсыз?
– Зульфия осында, Астанада тұрады. Жуырда ұзаттық. Әкем алыстан келе алмаған соң құдалықтан бастап, барлық тойға қатысты жоралғының басы-қасында өзім жүрдім. Зульфияның анасымен де жақсы қарым-қатынастамын.
Тағдырды біз жасамаймыз ғой, оның үстіне мен әкемнің тұла бойы тұңғышы болғаннан кейін, қолымнан келгенше бауыр-сіңлілерімді береке-бірлікке жұмылдыруға тырысамын.
– Әншіліктен құр алақан еместігін алға тартқан ол сіңіліңіз өзіңізбен қоса дуэт орындауы мүмкін екенін айтқан еді...
– Зульфияның негізі мамандығы – актриса. Айтқаныңыздай, әнді де бір кісідей шырқайтын өнері бар. Сондықтан, бұйырса, ол творчестволық тандем де шығып қалар.
– Димаш пен Иманбек еліміздің атын шарықтатып тұрғанымен, ішкі сахнамыздың сәні бәрібір келіспей тұрған сияқты ма, қалай ойлайсыз?
– Біздің өнер сахнасындағы бір олқылығымыз – талантты өз ішімізде танымай, шетелде жұлдызы жанған соң барып қана мойындайтынымыз.
Дегенмен, әлі де бұл жігіттерімізге қарасты сын айтатындар қатары бар. Шетелдің түрлі композиторларымен, музыканттарымен жұмыс жасап жүргеніне қарап, «Ойбай, қытайшыл» немесе «ресейшіл болып кетті» дейтіндер бар көрінеді.
Бірақ олар қолды бір сілтеп, мүлде шетелге кетіп қалмады ғой. Жан-жақты дамып, ізденіс үстінде жүр. Бұл – өнер адамы үшін қалыпты құбылыс. Қалаберді ел ішінде концерттерін беріп, отандастарын қуантып, жұрттың батасын алып жүр. Сондықтан бұл қос талантымызды сөккендерді өз басым құптамаймын.
Ал, олқылық турасынан айтар болсам, қазіргі әншілерге кәсіби тұрғыда даму керек сияқты.
– Бүгінгі хит деген туындылардың болмысы бөлек, жат сияқты көрінбей ме?
– Қазіргі хит атаулының өміршеңдігі жоқ. Тым жеңіл сөз бен әуенге құрылған соң ба, ұзаса 1-2 ай үздіксіз тыңдалады, одан соң ұмытылып қалады.
Мысалы, менің әкемнің бір ғана «Анашым» атты әнін алып қарайықшы, әлі күнге жиын-тойларда айтылады. Яғни, ел жадынан шыққан жоқ деген сөз. Байқауымша, тез танылған ән, тез ұмытылады екен.
– Сіздің күйеуіңізді көпшілікке көрсете бермейтініңізді ескерсе керек, сыртыңыздан ажырастырып қоятындар көп...
– Менің күйеуім жұрт көзіне түскенді жақтырмайды. Әйтпесе, Құдайға шүкір, татумыз.
З.Омарова жұбайымен.
– Қазіргі таңда әншілікке де салым керек қой. Қаражат жағына келгенде күйеуіңіз көмектесе ме, әлде ел қатарлы тойдан тапқан-таянғаныңызды айналдырып жүрсіз бе
– Декреттік демалыстан соң ә деп сахнаға шыққанда күйеуім қолдау көрсетті. Ал қазір шақыратын концерттер мен той-томалақтар бар. Ән жаздыру мен сахналық көйлектерімнің шығынын сондай шақыртулар арқылы жауып жүрмін.
– Замандас қыз-келіншектердің көбі бақыттың кілтін түрлі тренингтерден іздеп жатады. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Қазір ақыл айтқыштар көбейіп кетті ғой. Бұл біреулердің табыс көзі шығар. Мені де түрлі тренингтерге шақырып жатады, бірақ үнемі барудан бас тартамын.
Өз басым бұрынғы тәрбиенің нәрімен сусындап өстім. Одан еш жамандық көрмедім. Әрине, қазіргі уақыттың талабы мүлде басқа. Бірақ қалай дегенмен, қазіргі коуч-тренерлер бұрынғы ата-әжелеріміз айтқан ақыл-кеңесті ұмытпаса екен деймін. Менің білуімше, аталы сөз ешкімді тура жолдан тайдырмайды.