Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: полиция қызметкеріне қатысты тергеу аяқталды
Алматының әл-Фараби даңғылында наурызда үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты іс бойынша полиция департаментінің қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
Астана, NEGE. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның әрекетсіздігі Zeekr автокөлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына әкеп соқтырған.
«20 мамырда Алматы қаласы полиция департаменті қызметкеріне (полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі) қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы (Ауыр зардаптарға алып келген қызметтік әрекетіздік) бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүргізілуде», – деп хабарлады департамент өкілдері.
Сондай-ақ қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі (Лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) тыйым салынған сериядағы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін заңсыз беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқаны мәлім болды.
Еске салсақ, Алматыдағы жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Әл-Фараби даңғылында Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен ішіндегі екі қыз қаза тапты. ІІМ мәліметінше, адам өліміне әкелген жол апатына күдікті Zeekr жүргізушісі апат кезінде жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған.
Жол апатынан кейін полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Жол апатында күдікті ретінде танылған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі 7 сәуірде ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды.
Бұл іс бойынша алдын ала сот отырысы 28 мамырға белгіленді. Іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралады.