Нұрлан Албан: Сайлауға барам деп, басым бәлеге қалды
Әнші Нұрлан Албан кейінгі кездері үнемі қоғамдық мәселелерге белсене араласып, азаматтық пікірін ашық айтып жүр. Әншінің сахнаға көп шықпай жүруінің себебі осыда емес пе? NEGE тілшісі Нұрлан АЛБАНДЫ әңгімеге тартқан еді.
– Соңғы рет әлуметтік желідегі парақшаңызға ашулы бейнежазба жариялап едіңіз. Сіздің шамыңызға тиіп жүрген кім?
– Қазір қазақ қоғамы екіге бөлінді. Бірі – қазіргі тыныс-тіршілікке көңілі толмайтындар болса, екіншісі – «Жаңа Қазақстан» деп жасампаздықты жырлайтындар.
Үйде жатып алып «алма піс, аузыма түс» дейтін ағайындарға таңым бар. «Ниет етпек – пендеден, нәсіп етпек – Алладан» деген бар ғой. Егер ниет етпесең, саған кім жағдай жасап береді. Егер шынымен Жаңа Қазақстанды, дамыған Қазақстанды көргіміз келсе, бірінші өзіміз әрекет жасауымыз керек.
Сол әрекеттің бастамасы саналатын сайлауға қатысуға барып едім, басым бәлеге қалды. Ол менің азаматтық құқығым ғой. Дауыс берген сәтімнен жүктеген бейнежазбамды көргендер түрлі сөздер жаудырған. Осы зығырданымды қайнатты.
Бірақ, біздің көңіл деген не тәйірі, шәйі орамал кепкенше ғой...
– Кейбір әріптестеріңіз «Біз неге бір Қазақстанды екіге бөліп қарастыруымыз керек?» дегенді айтып жүр. Ал өзіңіз осы Жаңа Қазақстан деп жалпақ жұртқа жарияланған ұраннан жақсылық күтесіз бе?
– Үмітсіз шайтан ғана. Ал біз тумысымызда адам болып жаратылған соң, үмітімізді өшіруге тиіс емеспіз. Сондықтан жаңашылдықтан үміт күтемін. Оның нәтижесін мен көрмесем де, кейінгі ұрпақ, өскелең жастар көреді деген сенімдемін.
– Біздің елде өнер мен мәдениет өзге салалардың тасасында қалғандай көрінбей ме?
– Бұрын мемлекет басшысының жолдауы не болмаса үндеуі болады десе, мән бермейтін едім. Бірақ соңғы жылдары «не айтады екен?» деген ниетпен қызығушылық танытып жүрмін. Дегенмен, астын сызып айтатындай, қазақ өнеріне қатысты ештеңе естімедім.
Десе де үміт өшпейді, оның да кезегі келер. Ал ұлағатты ұстаздарға, ақ халатты абзал жандарға басымдылық беріліп, жалақылары өсіп, еңбектері ақталып жатқаны көңіліме қуаныш ұялатты. Сонай-ақ сәулет өнеріне, оның ішінде құрылысшыларға, ауыл шаруашылығына және сол шалғайдағы қарапайым қызметкерлерге көптеп мойын бұрса деген өтінішім бар.
– Қашан көрсең әкімдікті торып, наразылық танытып жүретін аналар мәселесі шешіліп қойды ма, қалай ойлайсыз?
– Әрине, «ел боламын десең бесігіңді түзе» деген. Ал, сол бесікті тербететін аналарамыз екені анық. Сондықтан аналарға арнаулы бағдарлама керек-ақ. Бірақ оның да кезегі келеді деп ойлаймын.
– Қоғамдағы тағы қандай мәселелер сізді алаңдатып жүр?
– Іштегі запыранымды ақтарып салғаныммен, ол орындала қоймайды ғой. Бірақ бірте-бірте шешімін табатын шығар. Әйтсе де көңілім толмайтын дүниелер өте көп.
– Өзіңіз шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазсыз. Бүгінгі өнерге таласы бар жастардың құлшынысы қалай?
– Иә, бүгінгі күні Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде «Драма актері» мамандығы бойынша дәріс беремін.
Биыл куратор ретінде бірінші курстың студенттерін қабылдап алдым. Тобымда 24 шәкіртім бар.
Олардың оқып-білуге деген құштарлығы қанат бітіреді. Көңілім толарлық дәрежеде.
– Жоғары білімі болса да, театр мен ансамбльдерден жұмыс таппай жүрген жастардың жайына алаңдамайсыз ба?
– Бұл, әрине, мемлекеттік деңгейде шешілетін дүние.
– Өнер мен мәдениет саласына қандайда бір реформа қажет пе?
– Өзімнің пайымым, ішкі жоспарларым жетіп-артылады. Бірақ оны ашып айтпаймын, себебі идеям ұрлана ма деп қауіптенемін. Басы бар ма, жоғары жақта осы саланың тұтқасын ұстағандар өздері ой қосып, соны жүзеге асырсын.
– Ал жекке шығармашылықты ысырып қоюыңызға не себеп?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, менің әнім де, сәнім де – колледждегі шәкірттерім. Бар білгенімді соларға үйретіп, төрт жылдан соң аман-есен қанаттандырсам, соның өзі жұлдызымның жанғаны деп есептеймін.
– Әжелеріңіз қайда жүр?
– Ансамбльмдегі ол кісілер маған Құдайдың берген сыйы ғой. Шүкір, алды 87-ге келді. «Нұрлан, қашан жаңа ән жаздырамыз?» деп сұрап тұрады.
Пандемиядан соң енді ғана ес жиып жатырмыз ғой. Бұйырса, сахна төрінен тағы көрінетініміз сөзсіз.