«Жалғыз ұлымды әскерге жібергеніме өкінген кезім болды» – Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева

Бірер күн бұрын Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздың анасы ретінде әскердегі суицид, сарбаз өліміне қатысты мәселені қозғап, Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне сұрақ қойды. Ол шешілмей келе жатқан тәрбие жұмысының жүйелік проблемаларының бар екеніне назар аударды.
NEGE тілшісі талайдың көңілін күпті еткен түйткіл жайында депутатты әңгімеге тартты.
– Наталья, бұған дейін де айтылып, жазылып жүрген әскердегі әлімжеттік, сарбаз өлімі туралы өткір мәселені көтердіңіз. Сіз бұл тақырыпқа балаңыз әскерде болған соң ғана қозғау салдыңыз ба?
– Әрине, ол да бар. Айдың аманында баласынан айырылып, жаны қиналған аналардың мұңын жеткізгім келді. Үкімет сағатында өткен «Құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбы бойынша өткен отырыста еліміздің ата-аналарын алаңдатқан әскердегі сарбаздардың жағдайы, өлім дерегі туралы сауал жолдадым. Жалпы, күзгі және көктемде міндетті әскери шақырылым жүзеге асады. Заң бойынша 27 жасқа дейінгі ер азаматтар әскери борышын өтеуі тиіс. Қазір менің ұлым Маңғыстау облысының Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері бөлімінде отандық борышын өтеп жүр. «Қазақи ортада қазақша үйренсін» деп осы өңірге әдейі жібердік. Әуелгі кезде қатты алаңдап, уайымдадық. Өйткені, кез келген ата-ана үшін баласының жырақта жүруі мазасыздық әкеледі.
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде сарбаз өлімі мен әскери бөлімде болып жатқан түрлі оқиғалар туралы жиі жарияланып жүр. Бір жағынан қорқасың. Былайша айтқанда, Құдайға сыйынып жібергенім рас. Осы уақытқа дейін ұлымның басында түрлі жағдай болды. Барлығы жақсы, ойдағыдай дей алмаймын. Өйткені, бір айдай жас сарбаздар мектебінде бейімдеуден өтті. Балам басында қатты қиналғанын айтты. Себебі, әскери өмірді күнделікті тұрмыспен салыстыруға болмайды. Екінші жағынан басқа сарбаздармен, командалық құраммен тіл табысу оңай емес. Әр адамның мінез-құлқы, менталитеті басқа. Қазір бір жылға таяп қалды. Аман-есен келуін күтіп отырмыз.

– Әскердегілер «депутаттың баласы» екенін білді ме?
– Олар білсе де, «депутаттың баласы» деп басынан сипаған жоқ. Алғашқы екі айда ұлым «Неге әскерге жібердің? Мені жек көресің бе?» дегенде жылап алғанмын. «Жалғыз ұлымды әскерге бекер жібердім бе?» деп өкінгендей сезімде болғаным рас.
Бірде ұлымнан: «Сенде қандай да бір өзгеріс бар ма?», – деп сұрағанымда: «Бұл өмірде ешкімді аяуға болмайтынын түсіндім. Мені аяған жоқ және мен де аямаймын», – деп жауап берді.
Ал қазір ұлым әлдеқайда есейді, өмірге деген көзқарасы мүлдем басқа. Бұрынғыдай еркелігі жоқ, алға қойған мақсаты нық, жоспары айқын.
– Әскерге барған сарбаздар отбасынан, туыстарынан жиі ақша сұрай береді екен. Ондай болды ма?
– Бұл жөнінде ештеңе білмеймін. Ақшаны не себепті сұрататынынан да хабарым жоқ. Менің ұлым ақша сұраған емес.
– Жалпы, сарбаздың суицид жасауына, әлімжеттіктен көз жұмуына нақты қандай фактор себеп?
– Соңғы уақытта әскери бөлімдерде тіркеліп жатқан сарбаз өлімі әлімжеттіктің кесірінен бе, басқа ма, оны нақты білмеймін. Мұны ешкім ашып айтпайды. Бұл олардың ішкі тәртібі, жағдайы деуге болады. Меніңше, бірнеше себеп бар.

Біріншіден, сарбаздың отбасында болатын әртүрлі жағдай. Әр сенбі-жексенбі күні сарбаздарға ата-анасымен сөйлесуге мүмкіндік беріледі. Сол кезде анасы не жақын туысы отбасындағы ауыр жағдайды абайсызда айтып қояды. Ол әскерде жүріп, қандай көмек бере алады? Сосын күйзеліске түсіп, жанын қоярға жер таппауы мүмкін. Депрессияға ұшырап, әрқандай ойға батуы ықтимал. Мұның бәрі сарбаздың психикасына кері әсер етіп, өзіне қол жұмсауға итермелесе ше?
Сондықтан ата-ана отбасында болып жатқан түйткілді, ситуацияны айтудың қажеті жоқ. Егер жеткізгісі келсе, ең алдымен командиріне немесе командалық құрам өкіліне хабарласып «Ұлыма осы жағдайды дұрыстап айтсаңыз» деу керек. Ал олар бұл хабарды психологпен бірге түсіндіріп, естіртеді.
Екіншіден, жеке командалық құрамның ішінде болатын қандай да бір түсінбеушілік немесе дөрекі қарым-қатынас. Мұны «дедовщина» деп айтады. Бірақ қазір мұндай қарым-қатынас жоқ деуге болады. Өйткені, әр түрлі шақырылым бойынша келген сарбаздар борышын бірге өтемейді. Меніңше, әлімжеттікті жасайтын келісімшарт бойынша жұмыс істейтін сержанттар. Әлімжеттік жасай ма, қысым көрсете ме, білмеймін. Бірақ оларға сондай құзыреттілік берілген. Өздерін әскердегі патша, сол жердің Құдайы санайды. Оларды ешкім бақылап жатқан жоқ. Алайда, қанша жерден айтылса да, мәселе шешілмейді.
Тағы бір жайт – бүгінде келісімшартпен ешкім жұмыс істегісі келмейді. Себеп – жалақысы 200 мыңдай ғана. Есесіне, зорлық-зомбылық, әлімжеттік солардан шығады. Бір сөзбен айтқанда, әскерде ешқандай тәртіп жоқ.
– Сіз осы тұрғыда Қорғаныс министрінің орынбасарына нақты сұрақ қойдыңыз. Жауапқа көңіліңіз толды ма?
– Негізі басқаша жауап күткен едім, көңілім толмады. Қорғаныс министрінің орынбасарына «Командалық құрамның өкілдерімен қандай жұмыс атқарасыздар және қандай да тәртіп орната аласыздар ма? Олармен жұмыс істейсіздер ме? Оларды дұрыс таңдау үшін арнайы критерийлер бар ма, жоқ па?» деп сұрадым. Ал вице-министр Шайх-Хасан Жазықбаев «психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету жағынан жағдай жасалған» деп басқа мәселені айтып кетті. Яғни, нақты сауалға нақты жауап берілмеді. Меніңше, олар нақты мәселені көре алмайтын сияқты немесе сол түйткілдің түбіне жете алмай жүр. Егер әскерде өлім-жітім жойылсын десек, астарына үңіліп, терең зерттеу жүргізуіміз қажет.
Бұлай кете бермеуі керек. Болашақта жағдай өзгереді деген ойдамын. Өйткені, әртүрлі трагедиялық жағдайға тап болған сарбаздар, оның ішінде мүгедек болып қалған сарбаздарға тұрақты төлемақы төленуі тиіс. Қазіргі заңға сәйкес, төлемақы өте төмен. Осыны талқылап, заңға өзгеріс енгізу керек.

– Сарбаз әскер қатарына алынғанға дейін комиссиядан өтіп, физикалық, психикалық жағынан толықтай тексеріледі. Алайда, өлімді суицидке, яғни өзіне-өзі қол жұмсауға әкеп тірейді. Сонда қалай?
– Әскердегі психологтардың кәсіби біліктілігі өте нашар, деңгейі төмен екенін нақты айтуымыз керек. Олар депрессияға ұшыраған сарбаздың жағдайын түзете алмайды. Әріптесім Дания Еспаева: «Психолог арқылы ғана шешуге болса, бұл мәселе баяғыда шешілген болар еді. Әрине, бұл жерде әскери бөлімдер де жұмыс істеу керек», – деп дұрыс айтты. Сарбаздың өліміне не түрткі болды? Осының салдарын түпкілікті зерделеу қажет.
Әрине, сарбаз әскерге дейін ондағы өмірдің қандай болатынын түсінуі тиіс. Яғни, отбасы, ата-анасы үйінде жүргенде психологиялық жағынан дайындап, қолдау көрсету керек. Мәселен, өзім баламмен бір жыл бойы жұмыс жүргіздім. Мәселенің алдын алып, психологиялық демеу бергендіктен әскерге дайын болып кетті.
– Сонда соңғы үш жылда ажал құшқан 270-тен астам әскери қызметкердің бәрі өзіне қол жұмсайтындай психикалық жағынан әлсіз бе?
– Әр адамның жағдайы әртүрлі. Өзіне-өзі қол жұмсауға бару оңай нәрсе емес. Бәлкім, біреу жасаған қысым мен әлімжеттік соған итермелеген шығар. Тіпті, жеке өміріне қатысты әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Айталық, отбасында бір ауыр жағдай болып немесе әскерге дейін жүрген қызы тастап, басқаға тұрмысқа шығып кетуі мүмкін. Десек те, әскерде әйтеуір бірдеңе болып жатқаны анық. Әлгінде айтқанымдай, әлімжеттік сол сержанттардан шығады.
– Бұдан кейін ата-ана баласын қалай әскерге жіберіп, тыныш отыра алады?
– Қазір көшеден ұстап әкету әрекеті тыйылды. 1414 нөмірінен хабарлама келеді. Сен ашсаң да, ашпасаң да, ескерту жасалды деп саналады. Бір жағынан ана ретінде баланы әскерге жіберу керек деген ойдамын. Ол үшін әскери тәртіпті өзгертуіміз керек.