13 Қазан 15:04
...

«Әке, мына жақ оңай емес екен...» – Әскерде НЕГЕ «құпия қаза» көбейді?

Дедовщина
Фото: Коллаж NEGE

Соңғы үш жылда Қазақстанда әскери борышын өтеп жүріп көз жұмған сарбаздар саны 270-ке жеткен. Соңғы бір жарым айдың ішінде төрт сарбаздың өмірі қиылды. Бейбіт күнде Отан қорғауға аттанған жастардың өлімі елді есеңгіретіп, қоғамды алаңдатып отыр.

27 қыркүйек күні Қызылорда қаласынан Алматы облысы, Қарасай ауданындағы шекара қызметіне келген 19 жастағы Нұрасыл Әнуарбекұлы тура бір аптадан соң өмірімен қоштасты. Күні кеше Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Маңғыстау облысында әскери қызметтегі 20 жастағы Еркебұлан Сағындықтың газға уланып көз жұмғаны айтылды. Бұл – бір жарым айдағы әскердегі төртінші қаза. Ал соңғы үш жылда 270 сарбаз әскерде қаза тапқан. 

Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары әділет полковнигі Мақсат Қазиев 2025 жылы ақпанда былай мәлімдеген болатын:

«Бұл цифр 2023 жылы сәуір айында Парламент қабырғасында айтылды. Статистикаға сүйенсек, онда 2020 жылы – 78 әскери қызметші, 2021 жылы – 96 әскери қызметші, 2022 жылы – 85 әскери қызметші қаза болды. Олардың ішінде 91 әскери қызметші қызмет барысында қаза тапқан, ал қалған 179 әскери қызметші қызметтен тыс уақытта көз жұмған, бұл – жалпы санының 66 пайызы», – деп түсіндірді М.Қазиев ОКҚ өткен брифингте.

ҰҚК Шекара қызметінің дерегінде жауынгер Нұрасыл Әнуарбекұлының өлімінің себебін «менингококцемия» деп көрсеткен. Алайда, сарбаздың жақындары оның осы аурудан өлгеніне сенбейді. NEGE тілшісіне түсініктеме берген олар  әділдік іздейтінін жеткізді. 

әскердегі сарбаз
Фото: ғаламтордан

Нұрасыл Әнуарбекұлы – Қызылорда қаласының тумасы, отбасының кенжесі болған. Анасынан біраз жыл бұрын айырылған отбасының тірегі әкесі екен. Сол себепті Нұрасылдың басты арманы әкесіне қолғабыс болып, көлік әперу еді. Әкесі де ұлын әскерге мақтанышпен, үлкен сеніммен шығарып салғанын айтады. 

– Балам Нұрасылды жақсы көңіл-күймен, өзінің еркімен әскерге жібердік. Бізде үміт те, үрейде болды. Бірақ, балам шекара қызметкері боламын деген арманын алдына салып, шешім қабылдады. Құжат жинау кезінде медициналық сақтандырудан толық өтті. Оның өзі бір айға жуық уақытқа созылды. Ол уақытта денсаулығында ешқандай кінәрат болмады. Баланы сап-сау жібердік.

Бір күн бұрын хабарласып: «Әке, мына жақ оңай емес екен», – деді. Ағасына хабарласып, «мен әскери қызметкер бола алмаймын, мына жақ адам келетін жер емес екен» деп айтқан. Біз қайдан білейік, бәріміз басу айтып, шыда дедік. Бұл оның бізбен соңғы сөйлесуі, соңғы сөзі де болатын. Басқа ештеңе айтпады», – дейді Әнуар Қыдырәлиев.

Нұрасылдың туыстары оны ашық мінезді, ақкөңіл, әрдайым әділдікті қалап тұратын адал жан еді деп сипаттайды. Бір отбасының қабырғасын қайыстырған қазаға марқұмның туыстары Шекара қызметінің «менингококцемиядан қайтыс болды» деген себебіне сенбейді. Жақындарының сөзінше, Нұрасыл әскерге дейін де, қызмет барысында да дені сау болған. Оның ауырып жатқаны туралы да ешқандай хабар келмеген.

сарбаз
Фото: ғаламтордан

– Маған әскери бөлім таңғы сағат 6:40-та хабарласып, қазаны хабарлады. Бірден әскери бөлімге жеттім. Бірақ мәйітті көрсетпеді, мәйітханаға жіберілгенін айтты. Ол жаққа барсам, келмеді деп, бес сағат бойы бастарын алып қашты. Нұрасыл бұрын-соңды ауырмаған, есепте тұрмаған, медициналық тексеруден де сәтті өткен бала еді. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шықты. Бірақ біз ол нәтижемен келіспейміз. Себебі мен өз көзіммен баланың денесін көргенімде денесі толығымен бөртіп кеткен еді. Баланы қолдан өлтіріп отыр. Нәзік жерінен ұрды ма, соқты ма, күмән көп. Бірақ, нақты жауап жоқ», – дейді нағашы ағасы Еркін Аблах.

Сот сараптамасы Жедел респираторлық инфекция (ОРИ) деп қорытынды шығарған. Аталған факті бойынша Алматы қаласы Наурызбай ауданының полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеу тіркеліп, қызметтік тексеріс басталған. 

Осылайша, соңғы 1,5 айда Маңғыстау, Алматы және Жетісу өңірлерінде 4 сарбаз қаза тауып, тағы бірнешеуі психикалық ауруханаларға жеткізілді. Ресми нұсқалар әртүрлі болғанымен, қоғамда әскердегі әлімжеттік пен сарбаздардың психологиялық күйіне байланысты алаңдаушылық күшейіп отыр.

Әскери сарапшы Жанат ЕРЕЖЕПОВ жастар арасында әскери қызмет дұрыс насихатталмай жатқанын, оның салдары үлкен қауіпке айналып бара жатқанын айтады. 

Полковник
Ж.Ережепов. Фото: ғаламтордан

– Әскердегі сарбаз өлімі қазір өткір мәселелердің біріне айналды. Қоғам әскерге қауіп көзі деп қарайды. Осы ретте азаматтарды қызметке физикалық тұрғыда ғана емес, моральдық және психологиялық жағынан да даярлау қажет. Себебі қорқытып, зорлықпен орындалған жаттығудан нәтиже шықпайды. Бұл – бір.

Екіншіден, әскери бөлімдердің ішкі тәртібі мен тәрбие жүйесін күшейтіп, бақылау тетіктерін нақты жолға қою қажет. Бүгінде елімізде өлім көрсеткіші бар, бірақ, нақты шешімі жоқ. Әрбір қайғылы жағдай терең зерттеліп, шын себебі ашылуы тиіс. Сонда ғана біз себеппен емес, салдармен де күресуге мүмкіндік аламыз. Мұндай шаралар жай ғана қауіпсіздік қана емес, елдің болашағына деген үлкен жауапкершілікке жол сілтейді, – дейді сарапшы. 

Ал бүгін Мәжіліс мінберінде де қазақ армиясындағы өлім-жітім мен әлімжеттік жағдайлары талқыланды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья ДЕМЕНТЬЕВА Мәжілістің үкімет сағатында әскердегі қайғылы жағдайларды қозғап, Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне сұрақ қойды.

– Бұл оқиғаларды жекелеген жағдай ретінде қабылдау – қате. Бұл бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан тәрбие жұмысының жүйелік мәселесінің бар екенін көрсетеді. Қазір әскери борышын өтеп жүрген сарбаздың анасы ретінде мынаны сұраймын: бейбіт күнде аналар ұлдарын әскерге жіберуге қашан қорықпайтын болады?, – деді депутат. 

Сауалға Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан ЖАЗЫҚБАЕВ әскерде сарбаздар қаза таппауы үшін жасанды интеллект негізінде тәулік бойы және анонимді түрде әскери қызметшілер мен олардың отбасына стресс әрі күрделі жағдаймен күресуге көмектесетін Telegram-бот әзірленіп, іске қосылғаны жайында айтты. Оның айтуынша, жоғары оқу орындарымен бірлесіп психологиялық әдістемелер әзірлеу қарастырылып жатыр. Сондай-ақ оларды Қарулы күштерге бейімдеу және психология студенттерін әскери бөлімдерде тәжірибеден өткізу басталғанын хабарлады.

Генерал
Ш.Жазықбаев. Фото: ғаламтордан

Министрлік әскердегі мәселелерді шешуді жас сарбаздарды психологиялық тұрғыда дайындаудан бастау қажет деп есептейді екен. Алайда Мәжіліс депутаты Дания ЕСПАЕВА бұл тәсілдің ескіргенін, ендігі әскери жүйеге кешенді шаралар мен қатаң бақылау қажет екенін айтты.

– Егер бұл мәселені тек психологтар арқылы шешу мүмкін болса, ол әлдеқашан шешілер еді. Мұнда, әрине, жұмысты сіздердің әскери бөлімдеріңізде жүргізу керек, – деді депутат.

Әскер – ерлік пен тәртіпке баулитын мектеп. Алайда бұл ұлы мақсаттың орындалуы үшін ең алдымен сарбаздың өмірі мен қадір-қасиеті мемлекет үшін ең жоғары құндылық ретінде танылуы қажет. Адам өмірі ескерілмеген жерде тәртіп те, тәрбиенің өзі де маңызынан айырылады. Отанды сарбаз қорғайтыны бәрімізге белгілі. Ал, Отан қорғаушыларымызды кім қорғайды? Бүгінгі күні бұл сұрақ тұтас ел көкейіндегі ашық сауалға айналып отыр.