Тоқаев пара беруге уәде еткендерді де қылмыстық жауапқа тартуды көздейтін заңға қол қойды
Қазақстанда енді пара беруге уәде еткендер де қылмыстық жауапқа тартылады.
Астана, NEGE. 12 маусымда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңға енгізілген түзетуге қол қойды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды», – делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Заңнамаға енгізілген негізгі өзгерістер бойынша туыстар мен өзара байланысты тұлғалардың бірге қызмет атқаруына қойылатын шектеулер күшейтіледі. Мысалы, бір ведомствода басшының жиендері, балдыздары, құдалары, қайын ағалары және күйеу балаларының бірге жұмыс істеуіне тыйым салынады.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға қызметтік өкілеттіктерін жеке басының мүддесі үшін пайдалануға тыйым салынады.
Мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Бұған қоса заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілігі артады.
Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарға қатысты шектеулер нақтыланады: өмір бойы жұмысқа орналасуға тыйым салу мемлекеттік функцияларды орындауға байланысты лауазымдарға қатысты қолданылады.