USD
USD
USD

Маңғыстауда алғаш рет шала туған нәрестелердің көзіне күрделі ота жасала бастады

Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында өңір тарихында алғаш рет шала туған нәрестелерге ретинопатия диагнозы бойынша жоғары технологиялық офтальмологиялық ота жүргізіле бастады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

.
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Астана, NEGE. Аталған мақсатта перинаталдық орталықта заманауи медициналық диодты «АЛОД-01» лазерлік аппараты іске қосылды. Жаңа құрылғы шала туған нәрестелер арасында жиі кездесетін ретинопатия ауруын ерте кезеңде анықтап, дер кезінде тиімді ем жүргізуге және балалардың көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Заманауи қондырғы «Аяла» қайырымдылық қорының бастамасымен, сондай-ақ «Galamat» серіктестігі, Qazaq Oil компаниясы және «220 Вольт» компаниясының қолдауымен алынды.

.
Қоғамдық коммуникация орталығы

Облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Епенованың айтуынша, бүгінде өңірдегі шала туған нәрестелердің басым бөлігі осы орталықта ем қабылдайды.

«Бүгінде облыстағы шала туған нәрестелердің 92%-ы осы орталықта ем алады. Кей жағдайларда аудандық немесе ауылдық жерлерде дүниеге келген сәбилер санитариялық авиация арқылы орталығымызға жеткізіледі. Осы уақытқа дейін орталығымызда жаңа туған нәрестелерге, соның ішінде өмірінің алғашқы 28 күнінде неонаталдық хирургиялық көмектер көрсетіліп келді. Негізінен асқазан-ішек жолдарына жасалатын күрделі оталар орындалды. Енді бүгіннен бастап көздің тор қабығына жасалатын лазерлік оталарды да өзімізде жасауға мүмкіндік туып отыр. Бір ғана нәресте дүниеге келсе де, оған дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Біздің мақсатымыз – әрбір сәбидің дені сау болып өсіп, жарқын болашаққа қадам басуына мүмкіндік жасау», деді Жапырақ Епенова.

Бұған дейін ретинопатия диагнозы қойылған нәрестелер ем алу үшін Алматы және Астана қалаларына жіберілетін. Өткен жылдың өзінде 7 нәресте осындай жолмен жіберілген. Енді жоғары мамандандырылған медициналық көмек өңірде жергілікті деңгейде көрсетіліп, облыстың барлық аудан және қалаларынан келетін шала туған нәрестелерді қамтуға мүмкіндік беріп отыр.

.
Қоғамдық коммуникация орталығы

Қазіргі уақытта екі нәресте отаға дайындалды. Алғашқы оталар арнайы шақырылған медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР шала туған нәрестелер ретинопатиясы бойынша жетекші маман Әсел Шарипованың қатысуымен өтеді.

Сонымен қатар орталық мамандарының бірі екі жыл бойы осы бағытта білімін жетілдіріп, консервативті және хирургиялық көмек көрсету бойынша толық дайындықтан өткен.

«Қазақстанда жыл сайын 20 мыңнан астам шала туған нәресте дүниеге келеді. Ретинопатияны емдеуде кей жағдайларда дәрігерлерде қажетті көмекті көрсету үшін небәрі 24-72 сағат қана уақыт болады. Егер осы уақытты өткізіп алса, бала көру қабілетін толық жоғалтуы мүмкін. Бүгінде лазерлік емдеу – шала туған нәрестелердегі соқырлықтың алдын алудың ең тиімді тәсілі болып саналады. Операцияның ұзақтығы баланың жалпы жағдайына, аурудың сатысына және көз торының зақымдану деңгейіне байланысты болады. Орта есеппен ота 20 минуттан 2 сағатқа дейін созылады», – деді Әсел Шарипова.

Айта кету керек, ретинопатия – тор қабығындағы қан тамырларының зақымдануы немесе дұрыс дамымауымен байланысты ауыр көз ауруы. Дер кезінде емдемесе, көру қабілетін жоғалтуға әкелуі мүмкін.  

Статистикалық деректерге сәйкес, ретинопатия көбіне шала туған және салмағы төмен нәрестелер арасында кездеседі. Атап айтқанда, салмағы 1000 граммға дейін туған нәрестелердің 60-80%, 1000-1250 грамм аралығында туған балалардың 40-60%, 1500 граммға дейін туған балалардың 35% дейін, ал 1500 граммнан жоғары туған нәрестелердің 5-6% көз торының жетілмеуі тіркеледі.

Қазір оқып жатыр

2024 жылғымен бірдей шықты. Ағайынды Тастекейлер былтыр НЕГЕ көтеріле алмады?

TAS

Денсаулық сақтау саласының үздігі Бақыт Түменова дүние салды

Бақыт Түменова

«Қайрат» бас бапкерімен қоштаса ма?

.

Аймағамбетов дәрігерлерді даярлауды 7 жылға дейін ұзартуды ұсынды

медунивер