«Саяси соқырлық деген осы емес пе?!» – Ақын Ханбибі Есенқарақызы Шымкент қаласының басшыларына наразы

Белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы әлеуметтік желідегі парақшасында «Сәрсеннің сәтсіз істері» деген атпен Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтың назарын аударатын жазба қалдырды.
Ақын шаһардағы шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді талқыламақ болып, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбекке бірнеше рет телефон соқса да, тұтқаны көтермегенін айтып, мәдени ошақтардың басындағы келеңсіздіктерді тарқатып берген.
– Ханбибі апай, сіздің әлеуметтік желіге жазған жанайқайыңызды оқыған біраз адам жергілікті өңірдің мәдениеті мен идеологиясында қордаланып қалған түйткілдерге біршама қаныққан сияқты.
– Бәрі ойланбай істелген тірліктің салдары ғой. Осы өңірге 50 жыл қызмет етіппін. Шымкент қаласының байырғы тұрғынымын. Мәдениет саласында 40 жыл, басшылық қызметте 30 жыл қызмет атқардым. Өзім Шымкенттегі «Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған музейді 15 жыл басқардым. Сол музейдің аяғынан тік тұруға еңбек еттім. Ақыр аяғы мынандай жағдай болып, музейдің аты жойылып кетті. Жергілікті атқамінерлер бес музейді біріктіріп «Музейлер бірлестігін» құрыпты. Тарихи маңызы бар, Тәуелсіздігіміздің айнасы болған бұл музей де ортақ қазанға қосылыпты. Бүгінде ешқайсысы дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Тіпті, директорларының отыратын орны да жоқ. Сол баяғы өзім мұрындық болып салдырған ғимараттағы кабинетімде бес музейге қарайтын бір басшы отыр екен. Жалпы, бұл музейдің де жұмысы соңғы кезде қобырап, халық үшін жұмыс істеген емес. Бұл – бір.
Екінші, филармония туралы тілге тиек еттім. Мұнда да 10 жыл жұмыс істегенмін. 1882-1986 жылдары салынған ғимарат «Тарихи ескерткіштерді қорғау» статусына ие бола тұра, сонау 1994 жылы жекешеленудің тырнағына ілінгенде сотқа жүгініп, мемлекетке қайтарғанымды және бес министрдің табалдырығын тоздырып жүріп, оған композитор Шәмші Қалдаяқовтың есімін бергізгенімді біреу білсе, біреу білмес. Қазір сол филармония Шымкентте болғанмен, Шәмшінің аты Түркістанда қалықтап жүр ме? Филармонияны да құртып «концерттік бірлестік» қылып жіберген. 200 адамды құрайтын Филармония қызметкерлерінің бәрін Түркістанға көшіру мүмкін бе?
Үшінші – былтыр 95 жылдығын атап өткен Ж.Шанин атындағы театрдың жағдайы. Театрға жаңа директор Қайрат Қарғабаев келгелі аншлаг болып, ерекше жан біткен еді. Үш-төрт айдан кейін оны да жұмыстан шығарып жіберген. Бізде жұмыс істейтіндерге күн жоқ. Егер әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек мықты идеолог болса, көпшілікке, халыққа жұмыс істеп жатқан маманды сақтап қалуы керек емес пе?!

Шығармашылық адамдары морт келеді. Ол жігіттің жалынып, жағымпазданатын қасиеті жоқ болуы керек, сірә. «Жарайды, істемесем, істемей-ақ қояйын» деді. Ал енді не болды?
- Оқи отырыңыз: Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ: «НУРИКАМАЛДЫ» ғана емес, «АЛТЫНАЙДЫ» да иемденіп кеткісі келгендер болған
«Осы бірлестіктер түбімізге жетті» деген жанайқайымды білдірдім. Себебі, алдыңғы айтқан екеуіне де өзімнің қатысым бар. Жазбамды оқып, пікір білдіргендер көп. Соған қарағанда жалғыз менің ғана емес, жұрттың көкейінде жүрген мәселе болса керек. Бірақ бұған дейін батылы жетіп, қозғауға ешкімнің шамасы келмеген. Маған кеп тіреліп тұрғаннан кейін жаздым. Айтатын бір адам болуы керек қой.
– Жалпы, мәдениет ошақтарының басын біріктіріп, бірлестік құрудағы негізгі мақсат не деп ойлайсыз?
– Оны «оптимизация» деп айтады екен. Сонда бес музейдің төртеуінің директоры болмайды да, айлық үнемделеді. Бірақ Шымкенттегі бес музей бес бағытта.
Мысалы, осы оңтайландыру Алматыда да болды. Мұнда мемуарлық музей көп. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, тағысын тағы музейлер бар. Бұлардың бәрі – «ағайынды», яғни тақырыбы, бағыты бір. Иә, бұл музейлерді оңтайландырып, бірлестік жасауға болады. Ал Шымкенттегі бес музейдің бір-біріне қатысы жоқ қой. Айталық, «Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған музей республикада алғашқы болып ашылған. Кезінде өз міндетін атқарды. Енді бұл мүлгімейтін шамшырақ ескерткіш болып қалуы керек еді. Тарихты қалай қолдан өшіріп тастаймыз?
Екіншіден, биыл Ұлы жеңістің 80 жылдығы атап өтілмек. Сондықтан «Ерлік» музейі өз алдына бір музей болуы тиіс. Соғыста опат болған жауынгерлерді есте сақтау мақсатында салынған «Ерлік» музейі де алдыңғы музейдің кейпін киген. Жарайды, «Ерлікті қосуға болар. Ал енді «Ескі қалашық» тарихи-мәдени кешеніне («Цитадель») 2 млрд-тан астам қаржы жұмсалса да, бес-алты жылдан бері ешқандай оң көрсеткіш жоқ. Баспасөз мәслихатын өткізген әкімнің идеология жөніндегі орынбасары «80-нен астам жәдігер адамдардың қолында жүр» депті. Сонда мәдени кешеннің жұмысына неге бақылау жасамайды? Әлі көзге көрінер жұмысы жоқ «Ескі қалашық» тарихи-мәдени кешенін «Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған музейге қалай қосуға болады? Саяси соқырлық деген осы емес пе?!

– Демек, Шымкент қаласында мәдениет саласы ақсап жатыр демекшісіз ғой...
– Ақсап жатыр. Бүкіл республикада жоқ Салт-дәстүр орталығын да құртып, бүгінде қызметкерлері Түркістан сарайының дәлізінде отыр екен. Олар да маған жан-жақтан жазып жатыр. Бүгін осы орталықтың директоры хабарласып: «Апай, көрген күніміз күн емес. Бізге ғимарат салып береміз деген еді, әлі жері де белгіленген жоқ. Қыс бар, жаз бар, біз қашанғы дәлізде отырамыз? Сіз бізді жазбаңызда айтпай кетіпсіз», – дейді мұңын шағып. «Айналайын, сендердің далада қалғандарың есімде жоқ» деп жатырмын. Көрдің бе, мен қамтымай кеткен қаншама мәселе бар.
– Әлеуметтік желідегі жазбаңызда: «Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбекке бірнеше рет телефон соқтым. Алмады...» депсіз. Осы жазбадан кейін хабарласып, кездесуге шақырды ма?
– Иә, қанша рет хабарластым, телефон тұтқасын көтерген емес. Енді желідегі жазбамнан кейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қайта-қайта қоңырау шалып жатыр. «Телефон көтермегеннің қандай болатынын білсін» деп, енді мен алмай қойдым. Сол кезде «Апай, жай хабарластыңыз ба? Күрделі мәселе болса келіңіз, ақылдасайық» деген бірауыз сөз айтпады ғой.
Сосын зиялы деген біраз журналистсымақтарға телефон шалып: «Осы мәселе күрделеніп кетті. Мұны бірге көтерейік те» деп едім, бәрі жалт бұрылды. Қазір зиялы қалмапты ғой. Қашан біреуге тәуелді болып едім? Мұны өзім-ақ жазайын деп шештім.

Журналист Бақтияр Тайжан хабарласып: «Апай, мен әкім орынбасарына сізді қабылдасын деп айтайын», – дейді. «Айналайын, мен әкім орынбасарының қабылдауына араға кісі салып баратын адам емеспін. Сенің мұндай қызметің керек емес. Өзім-ақ бара аламын, өзім-ақ айта аламын. Егер тыңдамаса, қазір ақпарат құралдары, әлеуметтік желі деген жақсы нәрсе болды ғой. Елдің бәрі жанайқайын сонда жазып жатыр» дегем. Бұл министрліктің құлағына шалынатын шығар. Егер өтірігі болса, әкім орынбасары Сәрсен Құранбекке хабарласып, анықтап алсын. Жазбамда жеке басына тиетін бір сөз жоқ. Оның саяси сауатсыздығы ғана айтылды.
– Бұған дейін бізге берген сұхбатта қазіргі тұратын пәтеріңіз музейге айналып кеткенін, «егер жер үйім болса, кейін нағыз мұражайға айналатынын» айтып едіңіз. Бұл құлаққағысты жергілікті атқамінерлер қаперіне алмады ма?
– Идеология тобыққа түсіп жатқан кезде ақын-жазушылардың бағасының қай дәрежеде екені белгілі ғой. Мұны сонау 2004 жылы жазушы Қасым Қайсенов Шымкентке келгенде: «Оңтүстік – бай өлке. Бай жігіттері көп. Бір ақын қызды торғайдың балапанындай этажға қонақтатпай, жер үй салып беруге болады ғой», – дегенін айтып едім ғой.
Былтыр желтоқсан айында Жазушылар одағының 90 жылдығына барғанымда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеке қабылдап, 75 жылдық мерейтойымммен құттықтады. Сол кезде: «Сізге бір коттедж салып беру не тұрады? Әкімге айтамын», – деп қалған еді. Одан бері қанша уақыт өтті. Тым-тырыс. Идеология жөніндегі орынбасардың әрекеті мынандай болған соң, әкімі не қылар дейсің? Құдайға шүкір, далада емеспін, үйім бар ғой. Жеделсатысы жоқ, түсіп-шығуым қиын демесең, сол үйде тұрғалы 30 жыл болды. Алайда, адамдардан көмек күтіп, үміт ететін жайым жоқ. «Білсе білер, білмесе қойсын» деп жүріп жатырмын.
Міне, 75-ке келдім, өлмедім ғой. Арғы жағында не қалды дейсің? Әйтеуір, мемлекеттік стипендия тізіміне қосып жатыр. Оны да алатын адам қалмаған шығар-ау...