Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ: «НУРИКАМАЛДЫ» ғана емес, «АЛТЫНАЙДЫ» да иемденіп кеткісі келгендер болған

Әлеуметтік желіде біраз әннің авторы Арман Қайназаровтың көшеде түнеп жүргені туралы бейнежазба тараған. Онда ол кезінде Ұлықпан Жолдас, Қыдырәлі мен Қарақат, Абай Бегей сынды әншілерге ән шығарып бергенін айтады. Тіпті, кейбіреулер «композитор жігіт «Нурикамал» әнінің де авторы екен» десті.
Бұл ақпарат әннің сөзін жазған ақын Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫНА да жетіпті.
– Ханбибі апа, көше кезбесіне айналған Арман Қайназаров есімді композитор жігітті марқұм жолдасыңыз Тұрдықылыш Ізтаев әнін, ал сіз сөзін жазған «Нурикамал» әнінің авторы дегенді шығарып алыпты жұрт. Бұл әннің ерлі-зайыптылардың туындысы екенін білмейтіндерге не дейсіз?
– Бұл тарихи ән болып кетті ғой. Әлеуметтік желіде талқыланып жатыр екен. Оқыған, көзі ашық адамдардың бәрі біледі. Біреулер «Ол баланың аузынан ондай сөз шыққан жоқ. Олай айтуы мүмкін емес. Бұл әннің шыққанына 35 жылдан асты, ол жігіт әлі 35-ке келмеген» деп айтып та жатыр.
Көңілдеріне келмесін, қазір блогер дегендер шықты. Тыныш жатқан жыланның құйрығын басады. Ол балаға жақсылық жасағысы келсе, жасай бермей ме? Сол жігітке «Нурикамал» әнін шығардым» деп айтты дегізіп, бүкіл елді шулатты. Арман Қайназаров туралы жазған адамның өзі оңбаған екен. Сол сөзіне жауап беруі керек. Жарайды, жас кезінде орындаған екен. Кім орындамай жатыр? Бірнеше буын шырқап келе жатқан ән ғой.
А.Қайназаров.
– Бірақ ол жігттің дәл солай айтпауы да мүмкін ғой. Кейбір ақпараттарда «Нұрикамал» әнін орындаған деп жүр...
– Әрине, орындауы мүмкін. Жас кезіндегі суретіне қарасам, әп-әдемі жігіт. Әжептәуір дауысы бар екен. Пасық, сасық адамдар сол балаға ішкізіп, сондай дәрежеге жеткізген деп ойлаймын. Оның аузынан «Нурикамал» әнін жаздым» деген сөзді ешкім естімеген. Бұл әнді кез келген адам, тіпті шетелдіктер де орындап жүр. Орындағанның бәрі автор емес қой.
Бірде ауылдың отырысында даңғойлау, көкіректеу бір жігіт «Алтынай» әнін орындады. Артынан «Бұл кімнің әні?» деп сұрасам, «Менің әнім» дегені. Содан мен де қоймай «Не үшін жаздың бұл әнді?» демеймін бе? «Әйелімнің аты – Алтынай. Соған арнап сөзін де, әнін де өзім жаздым» дейді шімірікпестен. Сосын «Алтынайдың» сөзінің авторы – алдыңызда отырған адам, әні сазгер Құралай Сәтмұхамбетованыкі» дедім. Қипақтап, сасып қалды. Бірақ сол адамның ұялғанына да көзім жетпейді.
1991 жылы Қырғызстанның Ош қаласында Құрманжан датқа деген қырғыз ханшасының мерейтойы өтті. Сол тойға Оңтүстік Қазақстан облысынан екі адам делегат ретінде шақырылдық. Бірі – мен. Екіншісі, облыстық атқару комитетінің хатшысы.
Жан-жақтан қонақтар келгенде белгілі ғой, оларды әрі-бері алып жүретін бір адамды бекітіп қоятыны. Маған бектілігені Қырғызстанның арақ-шарап зауытының директоры Алтынай Сулайманова деген келіншек екен. Алтынай деген қырғыздың мөлдіреп тұрған қызы. Өзі басшылық ететін зауытта 10 мыңдай адамды басқарады әйел болса да. Осыдан-ақ оның мықтылығын байқай беру керек шығар.
Алтынай тек шенеунік ғана емес, жүрегі жұмсақ, көзінен сағынышы төгілген, мейірімді, бауырмал, сондай бір әдемі қыз болып көрінді маған. Ошта 3-4 күн болдық. Бір-бірімізге бауыр басып қалыппыз, қайтатын кез жетіп, қоштасып жатқанда көзінде Алтынайдың көзіне мөлтілдеп жас келіп қалды.
Жалпы біздің табиғатымыздағы жоғалтқан нәрсеміз – біреуді жақсы көру, қоштасарда көзге жас алу. Қазіргі заманда сирек кездесетін адами қасиеттер. Содан Шымкентке дейін көлікпен 12 сағаттай жол жүрдік. Жол бойы Алтынай көз алдымнан кетпеді. Қимас туысыммен қоштасқандай сезімде келе жаттым. Ыстық та ізгі сезімдерге толы қимастық осы сапарда өлең жолдарына айналған-ды сол жолы. Міне, «Алтынай» әні солай туды.
Сондай-сондай надандар ел арасында кездесіп тұрады. Мұндайларды құлақ естіп, көз үйреніп қалды ғой. Десе де, білетін адамдардың өзі «Көрдіңіз бе, апа? «Нурикамал» әні туралы осылай деп жатыр ғой» деп ақпаратты жіберіп жатыр.
«Басқа-басқа, сенің күмәнің бар ма?» деймін ғой күйіп-пісіп. Сондай екіжүзді адамдар болады. Соны маған айтқанша өзі жауабын бермей ме? «Оттамасын» дедім. Тыныш өмір сүргізбейді ғой. Алды-артын ойламай айта салады. Бірақ қаперге алмадым десең де, көңілде кірбің қалады.
– Өмірлік жұбыңыз болған Тұрдықылыш Ізтаев екеуіңізді «Нурикамал» әні арқылы махаббаттың қос шынарларына ескерткіш орнатты деуге бола ма?
– Солай шығар. Екі ғашық та бірінен кейін бірі өмірден кетті ғой. Бірақ ән қалды. Және мен қалдым уақытша. Ән қартаймайды екен, біз қартайдық!
Ханбибі Есенқарақызы мен Нурикамал Сейтжанова.
– Сонау жылдарға саяхат жасайықшы. «Нурикамал» әнінің жазылу тарихын біздің де оқырмандарға айтып беріңізші.
– Біз көктемде бала-шағамызды ертіп, достармен табиғат аясына шықтық. Үш қызыммен гүл теріп жүргенде жұбайыма көзім түсті. Бір төбешікте темекіні бұрқыратып тұр екен. «Мынаған не болды?» деп ойладым. Көп өтпей самаурын да қайнады. Тұрдыекең шайдың алдында Нурикамалды биге шақырды. Ол бас тартты. «Менің күйеуім шақырғанда биге шықпайтын бұл қандай әйел?» деп таңырқадым. Сосын жұбайымның ғашық болғанын аңғардым.
Сол күні табиғат аясына бірге барғанымызбен, қайтуымыз бөлек болды. Үйге келген соң жатын бөлмеде балалармен жаттым. Кенет пианиноның дауысын естідім. Бір ерекше әннің өмірге келгенін сездім. Жұбайым оны қайта-қайта ойнады. Әні бар, бірақ сөз жоқ. Тек ыңыл ғана. Сосын ол отырған бөлмеге барып, қалам мен қағаз сұрадым. Тұншығып, жарыққа шыға алмай жатқан сөзін жазбақ болдым.
«Аспандағы ай ма дедім,
Жастық шағым қайда менің?
Жүрегімді елжіреткен,
Жаным, қандай жайдары едің», – деген өлең жолдары ойыма келді. Қағазға түсірдім.
«Осы ма айтқың келгені?», – дедім. Ол «осы» деп қысқа қайырды. Әуеніне сөзі үйлесе кетті. Ары қарай тағы екі шумағын қағазға түсірдім. Сосын ол әнді мәтінімен бірге айтып көрді. Ұнатты, маған да ұнады. Кейін арада біраз уақыт өткен соң мен Нурикамалға бұл әннің өзіне арнап жазылғанын айттым.
Ол кезде біз онымен дос ретінде араластық. Дегенмен, Нұрикамалды көргеннен кейін күйеуімнің талғамына риза болғам. Ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Осылайша, «Нурикамал» әні дүниеге келді. Бұл әнді Естайдың Қорланы сияқты бағаладым. Бұл әнді алғаш болып Құрман Шойымбеков орындаған. Кейін Фариза Оңғарсынованың сұрауымен Кенжеғали Мыржықпай шырқады. Бүгінде бұл ән халыққа Жұбаныш Жексенұлының орындауымен танымал.
– Сонда сізде ешқандай қызғаныш сезімі болмады ма?
– Оның несін қызғанасың? Мен түсінбеймін сондайды. Ол бір келіп-кететін сезім ғой. Ал егер нағыз махаббатқа айналса, басқа әңгіме. Алдынан да өтіп «Егер махаббат болып жатсаңдар, үйленіңдер» деп айттым. Бірақ кетпегеніне қарағанда, өтпелі сезім болғаны ғой. Әйтпесе екеуіне де жағдай жасалды. «Дара жол» хабарында жүргізуші қызымнан «Сен де анаң сияқты болар ма едің?» деп сұрағанда, ол «Жоқ, ондай шешімді анам ғана қабылдай алады. Мұндай оқиғаның қайталануы мүмкін емес. Ешкім анамдай бола алмайды» деп жауап берді. Сол кезде қазіргі мәжіліс депутат Қазыбек Иса: «Күйеуінің ғашығына арналған әнге сөз жазып беру Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде болмаған нәрсе», – деп еді. Осы екі пікір көңіліме қонды. Адамға кеңдік керек. Оны Алла тағала береді.
Қазір әннің жарық көргеніне 30 жылдан асты. Бірақ дау таусылмайды. Адамдар неге сондайға құмар? Тырнақтың астынан кір іздеп, шұқылап, жүйкесіне тиеді. Не керегі бар? Ән ұнады ма, орында. Ұнамады ма, айтпа.