19 Қараша 11:37
...

Салық төлемей пәтерін жалға беріп жүргендерді не күтіп тұр? Маман пікірі

Тұрғын үй
Фото: NEGE

Қазақстанда пәтерін салық төлемей, жасырын түрде жалға беріп жүргендер аз емес. Олар нені ескеруі тиіс? Салықты жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ төлеуге бола ма? Салықтан жалтарғандарға заң бойынша қандай жаза қолданылады? NEGE тілшісі осы және басқа да сұрақтардың жауабын адвокат Қайрат Шопановтан сұрап білді.

Қайрат Шопановтың айтуынша, пәтерді жалға беруден алынатын табысқа қатысты салық төлеу талабы бұрыннан бар, бұл жаңа норма емес. Пәтерін жалға беретін тұлғалар міндетті жалпы декларациялау енгізілгенге дейін де салық төлеуге міндетті болған. Сонымен қатар 270 нысанды өз бетімен табыс табатын барлық азаматтар тапсыруы керек. Бұл талапқа мүлікті жалға беруден табыс табатындар да кіреді.

«Жылжымайтын мүлікті жалға беретін азаматтар ең алдымен қызметті қандай тәртіпте жүзеге асыратынын анықтап алуы қажет. Мәселен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы ма, әлде тіркелместен бе? Осы таңдауға қарай төленетін жеке табыс салығының мөлшері де өзгереді», – деді адвокат.

Сондай-ақ жеке табыс салығының көлемі таңдалған салық режиміне сәйкес есептеледі. Табыс көлемін ескере отырып, азамат мүлікті жалға беруді кім ретінде (жеке тұлға ма немесе жеке кәсіпкер ретінде ме) жүзеге асыратынын анықтап алуы қажет.

Сонымен бірге адвокат жалға алушылармен міндетті түрде жазбаша түрде жалдау шартын жасауды ұсынады. Шартта тараптардың барлық құқықтары мен міндеттері көрсетілуі тиіс. Жалдау шартының болуы жалға алушымен туындауы мүмкін дауларды шешуге ғана емес, мемлекеттік органдар алдындағы құқықтық мәселелерді реттеуге де көмектеседі.

Салық қалай есептеледі?

Қайрат Шопановтың айтуынша, егер азамат жылжымайтын мүлікті жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жалға берсе, онда жылдық табыстан 10% мөлшерінде салық төлейді.Бұл жағдайда әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік салық және басқа да төлемдер алынбайды. Салықты есепті жылдан кейінгі жылдың 25 қыркүйегіне дейін, ал декларацияны есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, салық төлеуді мысалға алатын болсақ: егер сіз 1 бөлмелі пәтерді жалға беріп, ай сайын 200 мың теңге алсаңыз, бір жылдағы табыс 2,4 млн теңге болады. Сол табысқа сәйкес 10% салықты есептесек, 240 мың теңге шығады. Яғни, жыл соңында дәл осы соманы төлеу қажет.

2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі енгізіледі және салық жүктемесі 4% көлемінде болады.

Егер мүлік жеке кәсіпкер ретінде жалға берілсе, онда төленетін салық мөлшері таңдалған салық режиміне байланысты анықталады. Салық режимін таңдау барысында жылдық болжамды табысты ескеру қажет. Себебі жалдау ақысы әртүрлі, сәйкесінше азаматтардың кірісі де әртүрлі болуы мүмкін.

«Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жалға берушілер табыс салығынан бөлек, бюджетке басқа да міндетті төлемдер (міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, медициналық сақтандыру жарналары) төлейтінін білуі тиіс. Таңдалған салық режиміне сәйкес салықтарды заңда белгіленген мерзімдерде төлеу, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органына тиісті декларацияларды уақытылы тапсыру қажет. Сонымен бірге, жыл сайын салық заңнамасына өзгерістер енгізілетіндіктен, оның ішінде бюрократиялық рәсімдерді азайтуға және салық жүктемесін төмендетуге бағытталған түзетулер де болатынын ескере отырып, салық саласындағы жаңалықтарды қадағалап отыруға кеңес берер едім», – дейді ол.

Салық қызмет түрі жүзеге асырылатын тұрғылықты жері бойынша, екінші деңгейлі банктер арқылы төленеді.

Қайрат Шопанов
Қайрат Шопанов, Фото: жеке мұрағатынан

 

Салықтан жалтарғандарға заң тұрғысынан қандай жаза қолданылады?

Маманның айтуынша, жалға берушілер мүлікті жалға беруден түсетін табысты уақтылы көрсетпегені немесе салықты төлемегені үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Жауапкершіліктің түрі төленбеген салық сомасына байланысты.

Аз мөлшерлі берешек болған жағдайда салық органының өзі ескерту жасап, тиісті хабарлама жіберуі мүмкін. Оны уақытылы орындау қажет.

«Мысалы, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 277-бабында салық төлеуден жалтарғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде жеке тұлғаларға айыппұл қарастырылған. Ал егер төленбеген салықтың жалпы көлемі 50 000 АЕК-тен асып кетсе, бұл қылмыстық қудалауға әкелуі мүмкін», – дейді адвокат.

Мұндай жағдайда аталмыш тұлға Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 236-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Билік пәтерін жасырын түрде жалға беретіндермен күресуде   

Бұған дейін де пәтерін жалға беріп келгендер салық төлеуге міндетті еді. Соған қарамастан, тұрғын үйді салық төлемей, жасырын түрде жалға беріп жүргендер де баршылық. Енді Қаржы министрлігі салық төлеуден жалтарып жүргендердің ізіне түсіп, мәселесін майшаммен қарайды. Министрлік 74 мемлекеттік органның базасына қосылып, Мемлекеттік кірістер комитетінде BigData жүйесін іске қосты.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов журналистерге жалдау ақысынан түскен табысты жасырып жүргендерді қалай анықтайтынын түсінікті тілмен айтып берген еді.

«Салық органдары камералдық бақылау жүргізіп, деректерді салыстырады. Мысалы, егер жеке тұлғаның атында 10 пәтері болса, өзі тек біреуінде тұрса, қалған 9 пәтер шартты түрде жалға беріліп жатыр деп есептелуі мүмкін. Бұл мәселелер ПИК және учаскелік инспекторлармен бірлесе қадағаланады. Сонымен қатар, егер пәтер иесі ай сайын мобильді аударымдар арқылы бір сомада төлемдер алып отырса, бұл да салық органдарының назарынан тыс қалмайды», – деді Біржанов.

Демек, салық органдары салық төлеуден қашып, бірақ пәтерін жалға беріп жүргендерді қалай да анықтайды деген сөз.