Кэнсел мәдениеті: қазақстандықтар танымал адамдарды жаппай сынауға неге бейім?
Қазір қоғамда «cancel culture» қозғалысы кең етек жаюда. Бұл қозғалыстың науқаны сонау Батыс елдерінен шыққан. Оның негізгі көздегені – мәдени этикалық нормаларды бұзған танымал адамдарды бойкоттау. Мәдени кәнсіл бізге керек пе, одан келер пайда қандай деген сынды сұрақтардың жауабын білу үшін Nege.kz тілшісі мамандарды сөзге тартқан еді.
Ежелден келе жатқан құбылыс
PR маманы Ақсұлу Саңғалидың сөзінше, мәдени кәнсіл – халқымызда бұрыннан келе жатқан дүние. Есекке теріс мінгізіп жіберу, ауылдан аластатуды кәнсілдеудің формасына жатқыза аламыз. Бүгінде ол тек басқа форматқа айналды.
– Оған не ықпал етті дегенге келсек, әуелі цифровизацияны айтамыз. Қазір медиатұтыну ауқымы да, түрі де өзгерді. Қысқа ақпарат, дипфейк, мемдер, хайп дегендер дәстүрлі, тексерілген ақпараттан басып озды. Бұл эмоцияның ақылды жеңуіне әкелуде, яғни қоғам өзінше анализ жасауына уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Екіншіден, «вирустық наразылық». Көбіне халық арасында «егер дәстүрлі құралдар жұмыс істемесе, мен дәл қазір қолымнан келгенін жасаймын, яғни онлайн кәнсілдеймін» деген ұстаным байқалады. Әділдікке деген сұраныс басым. Үшіншіден, стратегиялық коммуникацияның әлсіздігі. Біз өте кең, кешірімді, пейілі таза халықпыз. Қателігін мойындағанның «басын алған» емеспіз. Қазақстандық кейстердің көбінде кризис орын алғанда дұрыс жолға қойылмауы салдарынан жағдай өршіп кетіп жатты, – дейді маман.
Қазақтардың триггері тіл ме?
Иә, мәдени кәнсілге көбіне-көп медиа тұлғалар, әнші мен қайраткерлердің ұрынары белгілі дүние. Алайда солардың қатарында белгілі сауда желілері мен тамақтанатын орындардың да аттары бар. Мәселен тілге байланысты Magnum сауда желісінің курьері тұтынушымен болған оқиғадан кейін жұмыстан шығарылғаны дүйім жұрттың ызасын келтірді. Кейін бұл қоғамдық реакцияны тудырып, адамдар Magnum сауда желісіне енді бармаймыз деп жатты.
Естеріңізде болса тағы да осындай тілге қатысты жағдай осы жылдың қаңтарында Qazaq Coffee кофеханасында болып еді. Дүкеннің рейтингі бір жұлдызға дейін төмендеп, жүздеген адам бойкот жариялады.
Chocolife компаниясының негізін қалаушы, бизнесмен Рамиль Мухоряпов та тіл мәселесіне қатысты пікірі үшін біраз хейттің астында қалғаны бар. Бір-ақ күнде оның сервистерінен жаппай бас тартқан халық бұл оқиғаны мәдени бойкоттың ең көрнекі мысалына айналдырды.
Әлеуметтанушы Айдар Хамиттің сөзінше, елімізде құндылыққа қатысты тақырыптардың әлі де өте сезімтал екенін көрсетеді. Ел болып біреуді қоғам тізбегінен шығарғымыз келсе нақты аналитикалық шолу мен кейстер қажет.
– Иә, Қазақстан қоғамында «cancel culture» ұлттық, діни және саяси сезімталдықпен өте тығыз байланысты. Әсіресе ұлттық кодты, дәстүрді, мемлекеттік тілді немесе дінге қатысты құндылықтарды қозғайтын кез келген пікір халық арасында жылдам резонанс туғызады. Мұндай тақырыптар тарихи және мәдени маңызы жоғары болғандықтан, оларға қатысты айтылған сын немесе бейтарап көзқарастың өзі кейде «қоғамдық қысымға» себеп болады.
Жалпы алғанда, біздегі «cancel culture» көбіне рационалды талдаудан гөрі ұжымдық эмоцияның әсерімен жүретіндіктен, ұлттық, діни, саяси факторлар оның негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр, – дейді әлеуметтанушы.
Ел аузындағылар
Ел төңірегінде түрлі кезеңде қатаң сынның нысанасына айналып, мәдени кәнсіл статусында жүргендер аз емес. Соңғы 2-3 жылдың ішінде бірталай тұлға қара тізімге енді. Мәселен, атышулы актер Серік Шәріп қалыңдығына қол көтергенін жұрт ұмыта қоймас. Оның қатысуымен түсірілген фильм, сериалдардың премьерасы тоқтатылып, қазір тым-тырыс отыр. Кейіннен Әлішер Елікбаев Серікті сұхбатқа шақырады. Оны «ақтауға тырысты» деген пікірлер айтылып, оған да жаппай сын қарша борайды. Ақыры ол да мәдени cancel толқынының әсерін сезінді.
Соңғы уақытта Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанның жеке өміріндегі даулы жағдайы әлі де қоғамның назарында. Мөлдірдің ашық подкастқа шығып, отбасылық мәселелерді бүкпесіз айтуы, сол оқиғаға негізделген фильм түсіруі әңгімені одан әрі қыздырды. Кино көрсетіліміне келген он шақты көрерменмен сөйлескенімізде, олардың төртеуі Мөлдір Мұқанды қолдау үшін арнайы келгенін айтты. Қалғандары жай ғана фильмді көруге келгенін айтқанымен, олардың да сөз арасында Мөлдірдің жағдайына түсіністік танытқаны байқалады. Жалпы көрерменнің реакциясы қоғамның мұндай оқиғаларды ашық қабылдай бастағанын, танымал тұлғалардың жеке әрекеттері көпшіліктің көз алдында бағаланатынын және әділеттілікке деген сұраныстың күшейгенін көрсетеді.
Пайдасы бар ма?
Сарапшы Анар Канафинаның сөзінше, бұл – қазіргі қоғамның көрінісі. Біз қаласақ та, қаламасақ та болатын, болып жатқан үрдіс.
– Қазақстандағы бас тарту мәдениеті көп жағынан маңызды функцияны атқарады, қоғамдық талаптар мен үміттердің индикаторы ретінде қызмет етеді. Мұндай жағдайларда бизнес пен қоғам қайраткерлері өздерінің беделіне нұқсан келтіретін тәуекелдерді білуі, ақпарат ағынын бақылауы, контекстті түсінуі және кез келген қоғамдық немесе жеке кездесулерге мұқият дайындалуы керек, – дейді ол.
Батыста соңғы жылдары «uncancelling» деп аталатын жаңа термин пайда болды. Бұл үлкен даудан кейін бұзылған беделді қалпына келтіру процесін білдіреді. Кейбір қоғам қайраткерлері шынымен де уақыт өте кәсіби ортаға қайта оралып, өз имиджін түзетіп жатқандар бар.
– Алайда бұл жол ұзақ еңбекті, жүйелі жұмысты және психологиялық төзімділікті талап етеді. Осы жерде «бедел жылдар бойы қалыптасып, бір сәтте опырылады» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Сонымен қатар, бас тарту мәдениетінің (cancel culture) оның нысанасына айналған адамдардың психикалық денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін ерекше атап өткен жөн. Мәдени кәнсіл мен кибербуллинг екеуі – егіз ұғым. Әлеуметтік желілердегі топтық қысым, агрессия толқындары, келеке-мазақ, қорқыту, жеке ақпаратты әшкерелеу сияқты әрекеттер ауыр психологиялық салдарға әкелуі мүмкін, – деп ескертті сарапшы.