Референдум Референдум
19 Ақпан 12:13
...

ForteBank-тегі былық: VIP-клиент өзі алмаған несиесін төлеуге мәжбүр болған

forte.kz
Фото: forte.kz

20 жыл бұрын кәсіпкер Олег Бахшян ForteBank-тен 1,37 млн доллар несие алған. Бірақ бірнеше айдан кейін оның атынан белгісіз біреулер құжаттарға қол қойып, несие сомасын шамамен екі есеге ұлғайтып, 2,4 млн долларға жеткізген. Ең қызығы, Бахшян бұл туралы тек 13 жылдан кейін ғана білген.

Референдум

Астана, NEGE. Бұл іс бойынша даулар бірнеше жылға созылып, жуырда Кассациялық сот Бахшянның пайдасына шешім шығарды. Біз оның адвокаты Вячеслав Джалдаевпен сөйлесіп, құжаттарды қолдан жасау кімге және не үшін қажет болғанын, сондай-ақ банктің қателігін қалай дәлелдегендерін сұрадық.

— Вячеслав мырза, оқырмандарымызға істің мән-жайын айтып берсеңіз.

— 2005 жылы менің клиентім Олег Бахшян ForteBank-тен 1,37 млн доллар несие рәсімдеп, кепілге Алматы қаласында көпқабатты тұрғын үйлер салуға арналған 10 гектар жер телімін қойған. Бұл жердің нарықтық құны несие сомасынан бірнеше есе жоғары болған.

Бірнеше айдан соң оның атынан белгісіз адамдар жалған құжаттар рәсімдеп, банктен қосымша 1,1 млн доллар несие алғандай етіп көрсеткен. Алайда Бахшян өз атынан мұндай өтініш жасалғанын да, несие сомасының ұлғайтылғанын да білмеген.

2017 жылы Олег Завенович несиенің негізгі сомасын да, пайыздарын да толық жауып болған соң, кепілге қойылған жер телімін босатуды сұрайды. Алайда банк бұл істі созбаққа салып, хат алмасу кезінде оның әлі де қарызы бар екенін айта бастады. Бірақ сол қарыздың нақты қанша екені айтылмайды.

Ең қызығы, 2018 жылы банк Бахшянға ескертпестен Жетісу аудандық сотына жүгініп, оның қатысуынсыз, жазбаша тәртіппен 350 млн теңге қарыз бен 10,5 млн теңге мемлекеттік бажды өндіру туралы шешім шығартып алған.

Банк Бахшянды іздедік, сот отырысы туралы хабарладық, бірақ ол келмеді деп мәлімдеген. Заңға сәйкес, егер адамға сот туралы ресми түрде хабар беріліп, бірақ ол келмесе, сот оның қатысуынсыз-ақ шешім шығара алады.

Осылайша, 2018 жылғы 13 сәуірде Алматы қаласының Жетісу аудандық соты Олег Завеновичтен «ForteBank» АҚ пайдасына 350 млн теңге қарыз және 10,5 млн теңге мемлекеттік баж өндіру туралы шешім қабылдаған.

Алайда Бахшян бұл шешімнен мүлде бейхабар болған. Ол еш күмәнданбастан банкпен хат алмасуды жалғастырып, нақты қарыз сомасын білгісі келіп, неге жер телімі кепілден босатылмай жатқанын түсінуге тырысқан. Банк болса, осы уақыт ішінде сотқа жүгінгенін де, шешім алып қойғанын да айтпаған. Тіпті банк сот шешімін бірден орындауға жібермей, үш жыл күткен.

— Неге?

— Сот шешімін мәжбүрлеп орындатуға үш жыл беріледі. Бұл талап қоюдың жалпы мерзімімен бірдей. Банк Бахшян сот шешіміне шағым беру уақытын өткізіп алады деп есептеген болуы керек. Шешім заңды күшіне еш кедергісіз енсе, кейін қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу басталар еді.

Банк сот шешімін орындауға тек мерзімі аяқталуға жақын қалған кезде ғана жіберген. Бірақ сол шешімнің көшірмесін Бахшянға бермеген.

Қарызды өндіру ісі басталғанын білген соң, біз бірден сотқа жүгініп, бұл істің қайта қаралуына қол жеткіздік.

— Сот қандай шешім қабылдады?

— Бұл іс бірнеше жыл қаралды.

2022 жылы бірінші сатыдағы сот Олег Завеновичтің пайдасына шешім қабылдап, несиені көбейтуге қатысты құжаттарды жарамсыз деп таныды. Сондай-ақ сот жеке қаулымен прокуратураға құжаттардағы қолтаңба қолдан жасалған болуы мүмкін екенін хабарлады. Апелляциялық сот та осы шешімді қолдап, өзгеріссіз қалдырды.

Іс тағы бірнеше рет түрлі сатыларда қаралды. Соңында, 2026 жылғы 29 қаңтарда Азаматтық істер жөніндегі Кассациялық сот Олег Завеновичтің пайдасына түпкілікті шешім шығарды.

Негізі, банк бұл істі оңай жеңе алар еді. Ол үшін сотта ақшаның Олег Завеновичке шынымен берілгенін дәлелдеу жеткілікті болатын. Ақша берілгенін қандай құжаттар растай алады? Клиенттің қолы қойылған қолма-қол ақша алу туралы өтініш және кассалық шығыс ордері. 

Алайда банк бұл құжаттарды сақтамаған. Олар бухгалтерлік құжаттар бес жыл ғана сақталады деген заңды алға тартып, құжаттар жойылды деген акт көрсеткен. Бірақ түпнұсқасын ұсынбаған. Оның үстіне, нақты қай құжаттардың жойылғаны белгісіз. Сондықтан бұл актінің өзі күмән тудырады.

Тағы бір маңызды мәселе – қарыз шартына жасалған қосымша келісім 2029 жылға дейін жарамды болған. Егер шарт әлі күшінде болса, онда банк ақшаның берілгенін дәлелдейтін құжаттарды неге жойған? Кез келген заңгер дау туындаса, дәл осы құжаттар қажет болатынын біледі. Ал банк несиенің берілгенін растайтын негізгі дәлелдерді өзі жойып жіберген.

— Олег Завеновичтің қолтаңбалары қолдан жасалғаны дәлелденді ме?

— Иә. Сараптама несиені көбейтуге қатысты құжаттардағы қолтаңбалар Олег Завеновичке тиесілі емес екенін нақты көрсетті. Сарапшылар олардың басқа адамдар тарапынан, түпнұсқа қолтаңбаға ұқсатып қойылғанын анықтады.

— Қолтаңбаны кім қолдан жасағаны және ақшаны кім иемденгені белгілі болды ма? Неліктен дәл Олег Бахшянның атына рәсімделген?

— Әзірге бұл сұрақтарға нақты жауап жоқ, тек болжам жасауға болады. Олег Бахшян банктің VIP-клиенті болған. Кепілге қойған жер телімінің құны несие көлемінен бірнеше есе асып түскен – кей бағалаулар бойынша 8 млн долларға дейін жеткен. Бұған қоса, даулы құжаттар пайда болардың алдында ол расымен де несиені көбейтуді сұраған, бірақ банк бас тартқан.

Жалған құжаттарға банк қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екенін кесіп айта алмаймын. Алайда барлық құжаттар банктің несиелік досьесінде сақталады. Қолма-қол ақша беру үшін клиенттің өзі келіп, кассалық құжаттарға қол қоюы тиіс. Яғни барлық рәсім банк ішінде жүргізіледі. Сондықтан егер бұл іске банк қызметкерлері қатыспаса, онда мұндай құжаттарды тағы кім рәсімдеуі мүмкін деген орынды сұрақ туындайды.

— Ақшаның жымқырылуын біреу тергеп жатыр ма?

— Соттың жеке қаулысы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Бізді бір рет шақырып, жауап алды. Біздің білуімізше, банк қызметкерлері де тергелген. Алайда сол кезде банк сот шешіміне шағымдана бастағандықтан, құқық қорғау органдары даудың түпкілікті шешілуін күткен болуы керек.

Қазір біз істі толық жеңіп, алғашқы және қайта жүргізілген комиссиялық екі сараптама да біздің пайдамызға шыққан соң, жан-жақты тергеу жүргізуді талап ететін боламыз. Бірақ ресми түрде біз жәбірленуші болып саналмаймыз. Шын мәнінде, ақша банктен ұрланған, ал банк сол жоғалған ақшаны бізден өндіріп алуға тырысқан

Nege.kz редакциясы ForteBank өкілдерінің де пікірін жариялауға дайын.

Тегтер:
Референдум