USD
USD
USD

«Қазақмыс» жұмысшыларының талабын арнайы комиссия қарайтын болды

Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» жұмысшыларының наразылығынан кейін корпорацияда еңбек ұжымы өкілдері көтерген мәселелерді арнайы құрылған Жұмыс комиссиясы қарайтын болды. Комиссия мүшелері апта сайын жұмыскерлер өкілдерімен кездесу өткізіп тұруға уәде етті.

Қазақмыс
Фото: Қазақмыс

Астана, NEGE. Корпорация басшысы Руслан Өскенәлі компания кәсіпорындары жұмыскерлерімен өткен кездесудің қорытындысы бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Кездесу барысында жұмысшылар көтерген ұсыныстар мен мәселелер қаралды, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

«Басқарма төрағасының тапсырмасына сәйкес, жұмыскерлердің өтініштерін қарау үшін арнайы Жұмыс комиссиясы құрылды. Оның құрамына компанияның негізгі бағыттарына жауапты басшылар, кәсіподақ өкілдері және кеніштер мен шахталардың, сондай-ақ сервистік бөлімшелердің еңбек ұжымдарының өкілдері кірді. Комиссия бір ай бойы жұмыс істеп, апта сайын жұмыскерлердің өкілдерімен кездесу өткізетін болды», – делінген корпорация өкілдері таратқан хабарламада.

Жұмыскерлер көтерген мәселенің барлығы басшылықтың жеке бақылауына алынған.

Айта кетейік, жақында «Қазақмыста» тағы да еңбек дауы шықты. Желідегі ақпаратқа қарағанда, Оңтүстік Жезқазған, Шығыс Жезқазған, Батыс Рудный және Жыланды кеніштерінің жұмысшылары жұмысын тоқтатып, басшылыққа бірқатар талап қойған.

Олардың негізгі талабы жалақыны 50 пайызға көтеру және басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бәкіровті қызметінен босату болған. Жұмысшылардың айтуынша, Бәкіров тағайындалғаннан бері оларға қысым күшейген. Сонымен қатар жұмысшылар еңбек демалысына төленетін ақы тәртібін қайта қарауды және жұмысқа қабылдау процесінің ашық әрі әділ жүргізілуін талап еткен.

Жұмысшылардың наразылығынан кейін корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі еңбек ұжымымен ашық кездесу өткізді. Ол кеншілердің шағымынан соң қызметтік тексеріс басталғанын және Саят Бәкіровтің жұмыстан уақытша шеттетілгенін жеткізді. Ал еңбекақы мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болды.

12 маусымда басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі еңбек ұжымына жаңа топ-менеджерді таныстырды. Мұқан Үңгітбаев қызметтен шеттетілген Саят Бәкіровтің орнына басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасарының міндетін атқаратын болды. Ол өндірістік үдерісті жетік білетін, басқару саласындағы мол тәжірибесі бар және өңірдің ерекшелігін терең түсінетін маман ретінде таныстырылды.

Қазір оқып жатыр

Сот «Шымбұлақ» шатқалына көліктің кіруін шектеу Конституцияға қайшы екенін анықтады

Шымбұлақ

Тоқаев пара беруге уәде еткендерді де қылмыстық жауапқа тартуды көздейтін заңға қол қойды

Заң

Маңғыстау облысында жұмыссыздар саны артып барады: сарапшылар не дейді?

Маңғыстау облысы

AMANAT «Әділет» партиясына қосылады

.