Көкшетауда мұғалім алаяқтардың кесірінен 7,6 млн теңгесінен айырылды
Көкшетауда университет оқытушысы алаяқтарға алданып, 7 млн теңгесінен айырылды.
Астана, NEGE. Жәбірленуші 19 ақпанда полицияға арызданған. Оның айтуынша, айдың басында оған өзін оқу орнының заңгері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалып, оның жеке ісіне құқық қорғау органдары қызығушылық танытып отырғанын және жақын арада хабарласатынын айтқан.
Біраз уақыттан кейін әйелге расында да белгісіз адамдар қоңырау шала бастаған. Алаяқтар тексеру жүргізу және «қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деген сылтаумен олардың айтқандарын бұлжытпай орындауды әрі бұл туралы ешкімге тіс жармауды талап еткен. Полицейлердің айтуынша, бұл – алаяқтардың жиі қолданатын схемасы.
«Айтылған ақпаратты тексермеген мұғалім екі банктен несие рәсімдеп, алтын бұйымдарын ломбардқа өткізген. Кейін ақшаны белгісіз шоттарға аударған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 7,6 миллион теңгеден асты», – деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір киберполиция қызметкерлері жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізіп жатыр.
Полицияның айтуынша, банк не мемлекеттік орган қызметкерлері несие рәсімдеуді немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды ешқашан сұрамайды. Сондықтан өзін «заңгермін» немесе «қауіпсіздік қызметіненмін» деп таныстырған адамдар хабарласса, сөйлесуді бірден тоқтатып, еш жағдайда SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының деректерін және жеке куәлік мәліметтерін айтпаған жөн. Егер қоңырау шалған адам әңгімені құпия сақтауды сұраса, бұл – алаяқтықтың басты белгілерінің бірі.