«Пандемиядан кейін шала туған шақалақтар көбейді» – Неонатолог дәрігер
Сәби жарық дүниенің есігін ашқан сәттен бастап дәрігерлердің айрықша назарына, қамқорлығына зәру. Кейде оның өмірі қылдай жіңішке үмітке байланып тұрғандай көрінеді. Сол себепті де жаңа туған нәрестенің шыр етіп дүниеге келген алғашқы минуттары – ең жауапты кезең. Дәл осы сәтте неонатолог дәрігердің қолында ана мен баланың тағдыры тоғысады.
Жақында Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлері салмағы небәрі 825 грамм болып, жүктіліктің 29-аптасында дүниеге келген шарананың өмірі үшін күресті. Сәбиді бірден неонатолог және реаниматолог мамандар қабылдап, қажетті реанимациялық көмек көрсетті. 47 күн мамандардың ерекше бақылауында болған сәбидің жағдайы қазір тұрақталған.
NEGE тілшісі аталмыш ауруханадағы балалар реанимациясының меңгерушісі, неонатолог дәрігер Салтанат Альмухамбетовамен сұхбаттасып, шала туған сәбилердің күтіміне қатысты әңгіме өрбітті.
– Сіздер салмағы небәрі 825 грамм болып туған сәбиді аман алып қалдыңыздар. Салтанат Махмұдқызы, сұхбатымызды осы ерекше жағдайдан бастасақ. Сол сәтті есіңізге түсіріңізші. Сәби өмірін аман алып қалу үшін қалай әрекет еттіңіздер?
– Баланың туған кездегі салмағы небәрі 825 грамм болды. Анасының да жағдайы ауыр еді. Оған преэклампсия диагнозымен шұғыл ота жасалды. Сонымен қатар қан қысымы жоғарылап, несебінде көп мөлшерде ақуыз анықталды. Дәрігерлер «кесарь тілігі» арқылы босандыруға мәжбүр болды. Өйткені анасының жағдай одан әрі асқына бастаған еді. Мұндай жағдай преэклампсияның ауыр түрі деп есептеледі. Бала шектен тыс ауыр жағдайда дүниеге келді десек те болады. Дереу жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, барлық қажетті реанимациялық шаралар жасалды. Сурфактант енгізілді. Командамыз 47 күн бойы сәбиге ерекше күтім жасады. Біздегі дәрігерлердің 90 пайызы жоғары санатты мамандар, мейірбикелер де білікті, арнайы оқудан өткен. Баланың өмірін сақтап қалу үшін бар күшімізді салдық.

– Қазір ана мен баланың жағдайы қалай?
– Бәрі жақсы, денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ. Бұл – біздің гинекологтарымыздың еңбегінің жемісі. Ана мен бала мәселелері жөніндегі директордың орынбасары Гүлжахан Сыздыққызы өзі айналысты. Сондай-ақ гинекологтар тобының үйлесімді жұмысының арқасында ана да, бала да сауығып, жағдайлары тұрақтанды. Кейін нәресте балаларға арналған медициналық мекемеге ауыстырылды.
– Сіздің тәжірибеңізде бұдан да аз салмақта дүниеге келген сәбилер болды ма?
– Мұндай жағдай бізде алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін де 2021 жылы 600 грамм салмақта туған бала болған. Тіпті 500 граммдық нәрестені де аман алып қалғанбыз. Биыл мамыр айында 800 және 815 грамм салмақпен дүниеге келген сәбилер де болды. Біз ол балаларды да ерекше бақылауымызда ұстап, кейіннен оларды Ана мен бала институтына және Педиатрия институтына жібердік. Ол жерден сәбилер аман-есен үйлеріне шығарылды.
– Ол балалардың қазіргі жағдайынан хабар алып, ата-аналарымен байланыс орнатасыздар ма?
– Иә, біз ол балалардың ата-аналарымен әлі күнге дейін байланыс орнатуға тырысамыз. Мысалы, 700 грамм салмақпен туған сәбиіміз 2023 жылы, екі жасқа толғанда, ата-анасымен бірге бізге келген. Біз аналармен араласып, балалардың жағдайын біліп тұрамыз. Шүкір, олардың барлығы жақсы өсіп келеді. Кейбір аналар балаларының суреттерін әлеуметтік желілеріне жиі жариялап тұрады. Яғни олардың денсаулығы жақсы, алаңдауға еш негіз жоқ деуге болады.

– Баланың шала туылуына қандай факторлар әсер етеді? Жүктілікті жоспарлап жүрген немесе жүкті аналар нені ескеруі тиіс? Қандай кеңес бересіз?
– Бірінші және ең басты айтар кеңесім, міндетті түрде жүктілікті алдын ала жоспарлаңыз. Жоспарлаудан бұрын әйел де, ер адам да толық медициналық тексеруден өтуі қажет. Бұл жатырішілік инфекциялардың алдын алу мақсатында жасалады.
Баланың шала тууына немесе салмағы өте төмен болуына, ең алдымен, инфекциялар себеп болады. Олардың ішінде цитомегаловирус, гепатиттік (бауыр) инфекциялар және токсоплазмоз сияқты вирустар жиі кездеседі.
Сондықтан бірінші қадам – жүктілікті дұрыс жоспарлау. Екінші, өз денсаулығыңа мұқият қарау, дұрыс тамақтану, күйзелістен аулақ болу және респираторлық-вирустық инфекциялардан сақтану. Себебі әйел жүктіліктің кез келген кезеңінде мұндай аурулармен ауырса, ол болашақ баланың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Негізгі тағы екі кеңес: толық кешенді медициналық тексеруден өту және салауатты өмір салтын ұстану.
Ер адамдарға да дәл осындай кеңес беремін. Отбасын құру мен балалы болуға жауапкершілікпен қарап, алдын ала тексеруден өтіп, денсаулығын күтуі қажет.
– Қазіргі таңда жаңа туған нәрестелерді емдеу мен күтімінде қолданылатын технологиялар қаншалықты қолжетімді? Емнің сәтті өтуі неге байланысты?
– Білесіз бе, қазір нәрестенің аз салмақта дүниеге келетін жағдайлары бұрынғыдан да жиілеп кетті. Яғни қазір 1000 граммнан аз салмақта дүниеге келетін балалар көп. Дегенмен әлемдік медицина саласы тоқтап тұрған жоқ, жаңа технологиялар дамып келеді. Біздің ауруханамыз да бұл жағынан қалыс қалған емес. Қажетті барлық құрал-жабдықтар мен жоғары деңгейдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Сол үшін де басшылыққа үлкен алғысымызды білдіреміз. Қазір жаңа технологиялардың арқасында салмағы өте төмен болып туған сәбилердің ары қарай өмір сүріп кетуіне мүмкіндік көп.

– Пандемиядан кейін шала туған немесе ауыр халде туған балалардың саны көбейді ме? Жалпы короновирус өмірге сәби алып келетін әйелдердің денсаулығына әсер етті ме?
– Білесіз бе, коронавирус індетінен кейін ондай жағдай жиі байқалады. Себебі коронавирустың құрамында да әртүрлі вирустар болады. Ал ол әлі күнге дейін толық зерттеліп біткен жоқ.
Сол себепті коронавируспен ауырған әйелдердің көпшілігінің ағзасында кейбір вирус түрлері сақталып қалады. Халықтың басым бөлігі бұл ауруды жеңіл түрде, аяғынан тік жүріп өткерді ғой. Сондықтан қазір жүкті әйелдер арасында құрсақішілік инфекция тасымалдаушылық жиі анықталып жатыр.
Бұл әрбір екінші жағдайда кездеседі. Коронавирус індетінен кейін осындай үрдіс күшейіп отыр.
– Шала туған бала салмақ жинап, қалыпты жағдайға келіп, анасымен бірге үйіне шығарылды. Енді не істеу керек? Оған үйде қандай күтім қажет?
– Біріншіден, ең маңыздысы, балаға «бауы берік болсын» айтып, көруге келетіндердің санын шектеу қажет. Себебі шала туған нәресте өте әлсіз, оның күтімі мен бейімделу кезеңі ерекше назарда болуы керек. Әлбетте, мұндай жағдайда сәбидің аман қалуы – әр отбасы үшін үлкен қуаныш. Сондықтан кейде үйге көп адам келіп, артық қарым-қатынастың болуы – нәресте үшін қауіпті болуы мүмкін. Сол себепті ең бірінші шарт – баланы көруге келушілерді шектеу.
Екіншіден, ананың дұрыс тамақтануы маңызды. Егер бала еметін болса, бұл – оның иммунитеті мен өсуі үшін ең пайдалы фактор. Біздің бөлімдегі сәбилердің басым бөлігі ана сүтімен қоректенеді.
Үшіншіден, мұндай балалар диспансерлік есепке алынып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болуы тиіс.

– Қазір балаларға аутизм сынды диагноздар жиі қойылуда. Бұл диагноздың жиілеуіне не себеп?
– Білесіз бе, бұл өте күрделі сұрақ, шынын айтқанда, нақты жауап беру қиын. Біз шала туған балалардың өмірін бақылап, байланыс орнатып отырамыз. Аллаға шүкір, олардың арасында дамуы кешеуілдеді немесе психикалық ауытқулары бар дегенді естіген емеспін. Әрине, мұндай балалар міндетті түрде невропатологтың бақылауында болады. Әсіресе бұл алғашқы 1,5-3 жыл аралығында өте маңызды.
Аутизмге келсек, бұл мәселе әлі де толық зерттелмеген, нақты дәлелденбеген. Себептері де өте көп. Қазір цифрлық дәуір, кішкентай балалардың қолында телефон немесе планшет жүреді. Кейде балалар бір жасқа толмай жатып-ақ экранға телміріп отырады. Мүмкін, мәселе сонда шығар? Яғни ата-ананың баламен тікелей қарым-қатынасы аз. Баланың дұрыс дамуы үшін оған көңіл бөлу қажет.
Қазір көп ата-ана жұмыста, отбасын асырау қамымен жүр. Сол себепті балаға назар аудару жеткілікті деңгейде болмайды. Ал ауру тұрғысынан нақты шала туылғандықтан аутизм немесе өзге бір дерт пайда болады деп айтуға ғылыми дәлел жоқ. Мұның бәрі көбіне дұрыс күтім мен дамуға жағдай жасауға байланысты.

– Жаңа босанған анамен қалай жұмыс істейсіздер? Оларға қандай қолдау көрсетіледі?
– Иә, әрине, шала туған баланың анасына ерекше көңіл бөлу қажет. Мұндай аналар өте уайымшыл, сезімтал болып келеді. Сондықтан оларға да психологиялық қолдау көрсету маңызды. Біз, неонатолог дәрігерлер, тек нәрестелерді ғана емдемейміз, аналармен де жұмыс істейміз. Оларды тыныштандырып, сенімін арттыруға тырысамыз. Дәрігерліктің өзі өте жауапты және жан-жақты мамандық қой. Бұл жерде әрі емдеуші, әрі психолог болуымыз керек. Кейде айтылған жылы сөздің өзі ем сияқты әсер етеді. Сол себепті біздің мамандықта «сөз де емдейді» деген ұғым бар. Біз шын мәнінде тек баланың емес, жаңа босанған ананың да жағдайына, көңіл-күйіне ықпал етеміз.
– Жүктіліктің 7-айында туған бала 8-айында туған балаға қарағанда сау болып келеді деген тұжырым бар. Бұл қаншалықты рас?
– Бірден айтқым келеді, бұл жай ғана халық арасындағы қауесет, дәлелсіз әңгіме деуге болады. Ондай нәрсе шындыққа жанаспайды.

– Сіздің жұмысыңыздың әр сәті ерекше. Сәбидің дүниеге келуінің өзі ғажап құбылыс. Десе де, есіңізде қалған ерекше оқиғаны айтып беріңізші?
– 2022 жылдың сәуір айында болған оқиға ерекше есімде қалыпты. Сол кезде бізде бір нәресте 700 грамм салмақпен дүниеге келген еді. Жазға дейін үш ай бойы ол біздің бөлімшеде жатты. Бұл бала біздің есімізде ерекше қалды, өйткені ол өте ауыр халде болды. Оның өмірі үшін күрестік. Анасының есімі – Динара. Ол өте қайсар әйел еді. Дәрігерлер оған: «Бұл бала – сіздің соңғы мүмкіндігіңіз, сіз бұдан кейін бала көтере алмайсыз» – деген. Өзіңіз ойлаңызшы, қандай ауыр сөз! Бірақ ол мойымады, көз жасын көрсеткен де жоқ, ешқандай шағым айтпады. Тек үнсіз күтіп, сенімін жоғалтпады. Бұл бала – ұл болатын. Ол үш ай бойы жасанды тыныс алу аппаратына қосылып жатты, жағдайы өте ауыр еді. Бірақ біз бар күшімізді салып, оны аман алып қалдық. Бір жылдан кейін Динараның анасы хабарласып: «Динараның өзінің де, баласының да денсаулығы жақсы. Ол екінші сәбиіне жүкті болып, ай-күні жетіп босанып алды», – деп сүйінші хабар айтты. Олар қалаға көшіп, екіншісін сол жақта босанған екен. Шын мәнінде, бұл ғажап жағдай. Өйткені дәрігерлер «енді бала көтере алмайсың» деген әйелдің екінші рет ай-күні жетіп, сау бала тууы – нағыз ғажайып қой!
– Сұхбатыңызға рақмет!
P.S. Неонатолог дәрігер Салтанат Альмухамбетованың осы салада 22 жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Ол неонатолог болуды студент кезінде армандап, алдына мақсат қойған. Айтуынша, неонатологияға кездейсоқ адамдар келмейді. Егер сен балаларды жақсы көрмесең, адамдарға деген мейірімің болмаса, бұл салада жұмыс істеу мүмкін емес. «Біздің жұмысымызда «біреудің баласы» деген ұғым жоқ, бәрі өз баламыздай. Бәрінің тағдыры, әрбір жағдайы жүрегімізден өтеді», – дейді Салтанат Альмухамбетова.