«О баста еркектерге еркіндік беріп қойғанымыз себеп...» – Актриса Айнұр Ілиясова

Жуырда белгілі актриса Айнұр ІЛИЯСОВАНЫҢ елге танымал ауруханадағы бір маманның өзінен ақша бопсалағанын айтты. Соңынан әлгі дәрігердің жұмыстан шығарылғанын да естідік. Әлеуметтің әлеуеті мен тұрмыстағы зорлық-зомбылықты мәселе етіп көтеріп жүрген өнер иесінің NEGE тілшісі әңгімеге тартты.
– Айнұр, әріптестеріңіз сіздің ер мінезді екеніңізді айтады. Бұл кімнен дарыған?
– Ол жағын білмедім...
– Жалпы әкесіз өскен қыз нәзіктіктен ада болады дейді ғой...
– Әрине, жауапкершілік тек өзіңе жүктелген кезде қиындыққа мойымауға тура келеді. Егер қасымда алақанында аялайтын әкем болғанда, мен де нәзік болып өсер ме едім. Бұл енді тағдыр ғой. Дегенмен, өзіме-өзім сеніп артып жетілгеннен кем болған жоқпын. Оның үстіне ер мінезді болғаныммен, еркекшора болмадым. «Айттың ба – орында!» деген сөз менің девизіме айналған. Адамдардың сөзінде тұрғанына, істі жауапкершілікпен тыңғылықты атқарғанына жіті мән беремін және сол қасиетін бағалаймын. Өйткені өзім бала кезден солай қалыптастым. Алдыма мақсат қойсам, оған жетпейінше тынбаймын. Себебі тағдырды маңдайға жазбайды, оны өзің жасайсың деп түсінемін.

– Бір жылдары митингке шығып, мінберде азаматтық ойыңызды білдіргеніңізді бірқатар баспасөз жарыса жазған еді. Себебі біздің елде өнер адамдарының қоғамдық мәселеде төбе көрсетуі таңсық көрінеді. Неге?
– Әр адамның таңдаған жолы әртүрлі ғой. Саясаткердің әртіс бола алмайтыны сияқты, актер саясаткер бола алмайды. Әсілінде өнер адамдарының өзіндік әлемі бар: арманшыл, қиялшыл келеді. Оның үстіне басы артық бірдеңе айтып қойса, өнердегі мансабына әсер етуі мүмкін. Сондықтан ойындағысын айту-айтпау әр адамның жеке таңдауы деп білемін. Бір жағынан көпшілік те «осының несі бар, тыныш қана әнін айтып, билеп жүре бермей ме?!» деуі мүмкін. Біреу көзден, біреу сөзден тартынады.
Түсінгенім, жылдар бойы қалыптасқан жүйені бір адам жоя алмайды. Көшеге шығып құр айғайға салғаннан ештеңе өзгермейді және өзгерген де жоқ. Осы ретте мен өзіме «Сен митингке шығып, суырылып сөйлегеннен басқа қоғам дамуына қандай ықпал ете аласың?» деген сұрақ қойдым. Яғни, құр айғайға басқаннан ештеңе өнбесі анық. Нәтижесінде түрлі әлеуметтік жобаларды қолға алып, өнер мен қоғамдық мәселені ұштастыруды жөн көрдім.
– Әзір де қоғамдағы біраз мәселені тілге тиек етіп жүрсіз. Соның салдарынан жолыңызды кес-кестеген жандар болды ма?
– Жоқ, ешкім алдымнан кесе көлденең өтпепті...
– «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру» әлеуметтік жобасының бренд-амбассадоры атандыңыз. Айтыңызшы, бүгінгі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алып бара жатқанына не себеп?
– Менің амбассадорлық міндетімнің мерзімі біткен. Дегенмен, тұрмыстағы кикілжіңге әсер ететін факторлар көп қой, қайсыбірін айтайын. Әйелді түртпектеу, ұрып-соғу бұрын да болған. Бұған о баста еркектерге еркіндік бергеніміз себеп болған шығар. Бірақ көпке топырақ шашатын емес, отбасында жауапкершілікке мығым азаматтар жетерлік. Оның үстіне қазіргі әйелдер жеке басының құқығын түсіне бастады. Біз мұны түйсінген алғашқы ұрпақ сияқтымыз.

– Жуырда анаңыз ота жасатқан Сызғанов атындағы ауруханада анестезиолог маманның сізден ақша бопсалағанын әшкерелеген едіңіз. Кейін ол маманның мекеме әкімшілігі ұйғарымымен жұмыстан шығарылғанын естідік. Мұны қалай қабылдадыңыз?
– Ол адамды жұмыстан шығарғаннан ештеңе өзгермейді. Себебі біздің медицинадағы жемқорлықтың түбірі алыста жатыр. Науқас жаны аман қалу үшін бәрін беруге даяр болады. Оны біреулер ұтымды пайдалануға тырысады. Біреуге жан қайғы болса, біреуге мал қайғы. Сондықтан әрқайсымыз іштей өзгергенде ғана кез келген салада өзгеріс орнауы мүмкін. Қоғамды рақметті сұрап емес, өз қалауымен айтуға үйретуіміз керек. Ал оны бастау өзімізден.
– Ютубтегі арнаңыз арқылы бірқатар танымал қыз-келіншектердің жеке өмірін таныстырдыңыз. Бұдан не түйдіңіз?
– Тұрмыстағы түсінбестік біздің ғана емес, бүкіл әлемде бар проблема. Барлығы әйел адамның өзін жақсы көруінен басталады. Жақсы көру дегенде «менің дегенім болады» деп, көрпені өзіңе ғана тартатын эгоны айтып отырған жоқпын. Байсаналы болу әйелдің бақытына тікелей әсер етеді. Осы орайда студияма келген әр қонақ мен үшін бір әлем сияқты. Олардың жан сырын ақтартып жүргендегі мақсатым әрқайсының жеке басының жайын естіген замандастарым одан сабақ алсын деген ниеттен туындаған.
– Сонымен, болашақта өзіңізді өнерден көресіз бе, әлде билік мінберінен бе?
– Оны уақыт көрсетеді. Дегенмен, өнер арқылы әлеуметтік мәселені көтеру жұмыстарын жалғасыра беремін.
– Әріптестеріңіз кино түсіруді жиілетті. Бүгінгі көрерменге қандай тақырып қажет?
– Қазір жұрттың бәрі өзіңді жақсы көру мен өзіңді сүюді айтып кетті ғой. Халыққа адал қызмет ету парызы мен екі арада үзілгелі тұрған жіп қана қалды. Көпке шарапаты тиіп, берекелі істер жасайтын кейіпкерлер ұмытылып барады. Мысалы, мен «Ферма» деген документалды фильм көрдім. Екі адам бірнеше гектар алқапты алып, жұмысқа білек сыбана кіріседі. Нәтижесінде ол аймаққа өсімдіктен бастап, түрлі аң, құс, адам сияқты жер бетіндегі тіршілік иесінің бәрі жиналады. Яғни, жақсы адам қараңғыдағы шам сияқты, жол да бастайды, қол да бастайды. Идеолгияның ұйытқысы болатын осындай мазмұндағы фильмдер түсірсек, өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі боламыз деп ойлаймын.

– «Бөпе» атты отбасын жаңғырту және нығайту қорының негізін қалаған едіңіз. Әлеуметтік желіге телмірген әлеуметтің көңілін табу қиынға түсіп жатқан жоқ па?
– Иә, біраз бастамаларды қолға алып, отбасылық фестиваль мен жасөспірімдерге арналған форум өткіздік. Бастамасы жаман болмады. Осы жұмыстарды тоқтатпай, әрі қарай жалғастыруға қаржы қолбайлау болып отыр. Мемлекеттік мекемелерден де қолдау сұрап, біраз есікті қағып көрдік.
Негізі бізде жасөспірімдерге келгенде бизнес жоспар мен стартап, IT саласы сынды пайда әкелетін жобаларға ғана жол ашық. Ал отбасын нығайтуға арналған бастамаларға қаражат бөлінбейді. Қазіргі таңда жасөспірімдерді болашаққа бағыттау жолында идеологиялық жұмыстар жүріп жатқан жоқ. Салдарынан өскелең ұрпақ батыстың озығын да, тозығын сіңіріп жатыр. Оның ұлтымызға, салт-дәстүрімізге кесе-көлденең келетін тұстарына мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Сол сияқты отбасындағы ата-ананың рөлі де қоғам дамуында айтарлықтай рөл атқарады. Біздің мақсатымыз осыны түсіндіру мен насихаттау болатын. Өкінішке орай оған құлақ асатын адам болмай тұр.
– Күйеуіңізді неге көрсетпейсіз?
– Өйткені өзі көпшілік көзіне түскенді ұнатпайды.
– Отағасының бойында әттең-ай дегізетін мінез бар ма?
– Идеал адам ешқашан болмайды. Кез келген жан жеке жаратылыс иесі болғандықтан, оны сол қалпында қабылдау керек деп ойлаймын. Біріміз қатты болған жерде біріміз жұмсақтық танытуға тырысамыз. Отбасының берекесі де бір-бірінің жақсылығын асырып, жамандығын жасыруда ғой.