«Киногерлердің қуатыны – хайп пен рейтинг» – Ханбибі Есенқарақызы «Нұрикамал» фильмі туралы айтты
Еліміздің кинотеатрларында көрсетіліп жатқан режиссер Ернат Байұзақтың «Нұрикамал» фильмі туралы жылы пікір көп. Ал композитордың жүрегінен бұлқынып шыға алмай тұрған әнге сөз жазып, тарихта қалуына үлес қосқан ақын Ханбибі Есенқарақызы фильм жайында не дейді?
«Үлкен экранға шыққанша «Нұрикамалды» маған көрсетпеді»
– Ханбибі апа, қоғам болып тамашалап жатқан «Нұрикамал» фильмін көрдіңіз бе? Көңіліңізден шықты ма?
– Жалпы, ұнаған сияқты.
– Фильмді түсірмес бұрын режиссері алдыңыздан өтті ме? Сценарийімен алдын ала таныс болдыңыз ба?
– Сценарийімен таныс болғаным жоқ. Бірақ жазда төрт жігіт келіп: «Осындай фильм түсірейін деп едік», – деді. «Бұрын қандай кино түсірдіңдер?», – деп сұрап едім, Қанат Рамазан деген жігіт: «Мағжан, Мұқағали туралы фильмдеріміз бар», – деді. «Егер солар жайлы түсіргендерің рас болса, онда рұқсат етемін», – дедім.
Содан кейін бір-екі рет телефон шалып, өздеріне керекті мәліметті сұрады. Алайда, кино үлкен экранға шыққанша маған көрсеткен жоқ. Өзім де жұртпен қатар кинотеатрдан көрдім.
Енді бұл фильм туралы халық өз пікірін айтып жатыр ғой. 90 пайыздайы қолдаса, кейбірі «мәтіндері жұтаң, жадау» деп сынап жатыр. Шынында да, тілі жұтаң екені рас. Әрине, кәсіби ақын не жазушы жазбаған соң сондай кемшілік болады. Бірақ ең соңғы жағына менің сөзімді беріпті. Жалпы, осындай тағылымы бар фильмдер керек қой. «Біткен іске сыншы көп» демекші, мін іздеушілер табылады. Қай кезде де қолына таяқшасын алып қоқыс жәшігінің ішін түрткілейтіндер бар. Әрине, ондайлар өзіне қажетті «олжаны» табады. Дей тұрсақ та, халықтың пікірі, көзқарасы жақсы сияқты. Бір айтылған қате пікірмен бүкіл киноға баға беруге болмайды.
-
Оқи отырыңыз: Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ: «НУРИКАМАЛДЫ» ғана емес, «АЛТЫНАЙДЫ» да иемденіп кеткісі келгендер болған
Фильмде Құрманғазы туралы айтылып қалды. «Құрманғазы да арақ ішкен» дейді жағымсыз кейіпкер. Жағымсыз кейіпкерді жағымсыз етіп көрсету үшін сол бір тіркесті алған болуы керек. Мұның кемшілік екенін мен де біліп, мойындап отырмын. Бірақ жүріп бара жатқан арбаның дөңгелегіне таяқ тыққанмен бірдей. Себебі, бұл келесі сахнада түзей салатын театрлық көрініс емес, фильмді қайта жасай алмайсың.
– Бәлкім, фильм экранға жол тартпай тұрып сізге көрсеткенде көзге ұрып тұрған кемшін тұсын айтар едіңіз ғой...
– Әрине, айтатын едім. Өздерінің бір құпиясы ма, менен соншалықты тығып ұстады ғой. Осындай пікірлерді естуден қашқақтады ма, жоқ әлде, уақыты болмады ма, білмедім. Өзім бір-екі рет хабарласып «Жалпы сұлбасын көрсетсеңдерші» дегенімде, елең қылмады. Менің түсінігім бойынша, киногерлердің қуатыны – хайп, рейтинг. Сондықтан оларды да түсінемін.
«Махаббатты қағазға түсірген менде кінә жоқ»
– Ал кинодағы Ханбибінің образы жан-жақты ашылған ба? Мінез-құлқыңыз бен бітім-болмысыңызға сай келе ме екен?
– Сай келетін сияқты. Себебі, көптің пікірі солай. Актриса Гүлбаһрам Байбосыноваға көрермен риза болып жатыр. Шын мәнінде, ақын әйелдің образын жасау өте қиын. Ол қыз менімен кездескен жоқ, сөйлескен жоқ. Соның өзінде де образды тәуір алып шыққан сияқты. Бірақ кездесем десе, менің ішкі дүниемді жақыннан білгісі келсе, пікірлесуге дайын едім.
– «Нұрикамалды» көргендердің арасында «Отбасы бола тұра басқа әйелге ғашық болуды насихаттаудың керегі не?» деп пікір айтқандар бар. Сіз не дейсіз?
– Бұл біреудің отбасын бұзу үшін насихатталған дүние емес. Бұл – өнер адамдарына тән. Әрбір адам – бостан. Біреуге біреу тәуелді емес. Бұл жерде жасандылық, тәуелділік жоқ. Композитордың ғашық болуға құқы бар. Әннің жақсы болғаны үшін ақын ретінде сөзін жазып бергенімді дұрыс деп санаймын. Бірақ композитор еш уақытта Нұрикамалмен байланыста болған жоқ. Нұрикамал да ақыл-ойы бар әйел. Бір жерінде «Біреудің отбасын бұзған адам бақытқа жете алмайды» деп айтатыны бар ғой. Ол да – персонаж. Композитор да, Нұрикамал да жақын қарым-қатынас орнатпаған, таза күйінде қалды. Ешқандай отбасы бұзылған жоқ. Барлығы өз орнында.
Ал енді солардың махаббатын қағазға түсірген менде де кінә жоқ. Бұл – таза адамдардан шыққан таза махаббатың үлгісі. Сол себептен тазалықтан туған ән халықтың жүрегіне жетіп, 40 жылға жуық уақыт болса да әлі сахнадан да, той-жиындарда айтылып келе жатыр.
Авторлар бақилық болса да, өлең халықтың жүрегіне бір кіріп алса, шығуы мүмкін емес. Сол ән шыққан 40 жыл бұрын өмірге келген бала 40 жасқа келді. Олардың балалары 20-ға келді. Бірақ ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келе жатқаны – әннің бақыты деп ойлаймын.
– Әсіресе, әйел қауымы осы фильмнен кейін сіздің әрекетіңізді ерлікке балап жатыр. Өздерін сіздің орныңызға қойса да, мұндай кеңдікке бара алмайтынын айтқан екен.
– Бұл жерде мен әйелдіктен гөрі ақындықты, өнерді жоғары қойдым. Абай «Көңілге түрлі ой салар, жақсы ән мен тәтті күй» демей ме? Біз осы сөздің қадіріне әлі жетпедік. Жақсы ән ой салды. Сондықтан мәтінін жазып беруге тура келді. Әрине, бұл маған да оңай болды деп айта алмаймын. Десе де, ән ауға түскен балықтай, торға түскен құстай бұлқынып тұрды. Себебі, сөзі жоқ болған соң шықпай тұр. Сөзін жазып бергенім үшін кінәлі емес шығармын.
«Менің байлығым да, қолымдағы қаруым да – шығармаларым»
– Белгілі журналист, «Мазмұндама» қорының жетекшісі Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі жазбасында сіздің «Естеліктер сайрап жататын мұражай болып қалатын бір жер үйім болса деген» бір тілегіңіздің барын жеткізіпті.
– Бұл ойды 2004 жылы, яғни осыдан 20 жыл бұрын жазушы Қасым Қайсенов мені арнайы Шымкентке іздеп келгенде айтқан. Сол кезде шенеуніктермен дастарқандас болдық. Қасым ағайға шапан жапқанда, ол: «Маған шапандарыңның қажеті жоқ. Талай жерде шапан кигізіп жүр. Ханбибіні іздеп келгендегі мақсатым – жазғандары маған қатты ұнады. Бұл қандай адам, не істеп жүр екен? Жылап жүрген жоқ па, жағдайы қалай екен? Соны білейін деп келдім. Сөйтсем, бұл қыз торғайдың балапанындай болып үшінші қабаттан маған қарады. Түсіп, амандасты. Сол кезде маған мынадай ой келді. «Оңтүстік – бай өңір. Бай жігіттері де бар. Осы бір қызды жерге түсіріп, алақандай жері бар үй салып беруге шамасы келеді ғой. Мен соны сендерге құлаққағыс қылайын деп едім», – деді. Содан мен: «Аға, менің үйім бар. Тұрып жатырмын ғой» деп едім, «Сенің үйің биікте екен. Ертең жасың ұлғаяды. Сол кезде түсіп-шығу қиын болады. Сол себептен айтып отырмын. Әкімге көп нәрсе байланысты. Қырымбек Көшербаев Оралда әкім болып тұрғанда Қадыр Мырзалиевқа, Ақұштап Бақтыгерееваға үй салып, ішін жиһазға толтырып, кілтін қолына ұстатты. Былай қарасаң, Қадыр де, Ақұштап та Оралда жұмыс істемеген. Ал мына Ханбибі көзін ашқаннан осы өңірге еңбек етіп келе жатыр. Оның толық қақысы бар», – деді.
Соны айтқан Қасекең де өмірден өтіп кетті. Сол кездегі әкімнің орынбасары, мәслихаттың төрағасы бар, барлығы «Иә-иә, әкімге айтамыз» деп жалпылдап қалған. Содан бері 20 жыл өтті. Еш нәтиже болған жоқ. Мен әлі сол үйімде отырмын. Енді сол мәселені 20 жылдан кейін Шыңғыс Мұқан көтерген екен. Бірақ бұл әкімдердің құлағына жетеді деп ойламаймын.
Шын мәнінде, қазір тұратын пәтерім мұражайға айналып кетті. Көрші-қолаң үйге кірсе: «Апай, үйіңіз музей ғой», – дейді. Расында, маған сондай мұражай керек еді. 75-ке келдім, үшінші қабатқа түсіп, көтерілу оңай емес. Қыстыңгүні далаға мүлдем шықпаймын. Кеше ғана бірталай дүниені облыстық музейге тапсырдым. Кітаптарымды кітапханаларға таратып, көптеген қағаздарымды мұрағатқа өткізіп жатырмын. Ал егер жаңағыдай үй болса, үлкендеу бөлмесін музей етіп қояр едім. Менің кітабымның өзі 6 мыңға жуық. Соның жартысы пәтерімдегі бір бөлмеде, қалғаны – саяжайда. Барлығын лақтырып тастауға қимайсың. Жас кезден бері маған серік болып келе жатқан қазына.
Айналайын, маған көп нәрсе керек емес. Мына бір оқиға есіме түсіп кетті. Жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамызды президенттік стипендия алуға Астанаға шақырған ғой. Сәті түскенде президент Нұрсұлтан Назарбаевқа кіріп үш бөлмелі үй сұрапты. Оған қызмет ететін үш баласы бар хатшы әйел бар екен. Өңірден Алматыға көшіп келіп, пәтер жалдап тұратын көрінеді. Үйді сол әйелге сұрапты. Сол кезде Әзаға 88-де ме екен, жасы біразға келген. Сонда Назарбаев: «Әзілхан аға, сіздің үйіңіз дайын емес пе?», – деп дүңк еткізіпті.
Әйелі қайтыс болғанда екі орынға кесене тұрғызылған. Соны меңзеген. Осы сөзді естігеннен кейін Әзілхан ағаның жүрегі сыр берген ғой... Сол айтпақшы, қазіргі әкімдер – балалар. Олардың алдына барып, үй сұрасам, олар маған қарап «Бұл кісіге үйдің не керегі бар?» деп ойлап қала ма деймін. Сол үшін ешкімнен үй сұрамаймын. Егер бірінші қабатта тұрғанда ол үй бәрібір мен кеткеннен кейін мұражайға айналған болар еді. Ал үшінші қабатқа кім келіп, аралайды дейсің? Жеке басыма үй сұрайын десем, жаңағыдай ой туа ма деп қауіптенемін. Менің байлығым да, қолымдағы қаруым да – шығармаларым. Бірақ маңайымда шығармашылықты бағалап жатқан ешкім жоқ. Барлығы өздері үшін дүние қуып кеткен. Енді Шыңғыстың пікірін оқып немесе ести сала елең етерлік әкімшілік бар ма, жоқ па, қайдам.
– Мерейлі 75 жасқа толуыңызға орай алда ұйымдастырылатын мерейтойыңызда жергілікті әкімдік елеп-ескеріп қалатын шығар, бәлкім?
– 75 жасқа маусымның 30-ында келдім. Бұл кезде Шымкентте күн қайнап тұрады. Сол үшін өзіміз келісіп, мерейтойды қазан айына белгілеп едік. Міне, соның өзі қараша айының соңына ысырылды. 75, 100, 125 жылдықты атап өту заң бойынша кәдімгідей ресми түрде тізіммен бекітіледі екен. Осындай мәртебеге ие болсам да, жергілікті әкімдік бөлінген азғантай тиын-тебеннің есебіне жете алмай жатыр. Әлгі порталға салынған дейді, ол әлі күнге дайын болмай келеді. Бұйырса, жоспарланған шара 28-29 қараша күндері өтуі тиіс. Мен тек шығармашылықпен ғана емес, Алаш қайраткерлерінінің еңбегін насихаттауға да атсалыстым. Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановтың бастамасымен 1920-26 жылдары шыққан «Ақ жол» газетін бүкіл архивті ақтарып, таптым. Оны кириллицаға транскрипция жасап, 25 том кітап етіп шығардым.
Шымкенттегі Ө.Жәнібеков атындағы педагогикалық университет осы ғылым жолындағы еңбегіме орай халықаралық конференция өткізбекші. Сол күні түс қайта салтанатты жиын болады. Сосын республикалық деңгейде ақындар мүшәйрасы жоспарланып отыр. Оған 60-қа жуық ақыннан өлең түсті. 10 млн теңге бөлінген байқаудың қорытындысы таяу күндері шығып қалады. Сондай-ақ, библиографиялық көрсеткіш, кітап шығару жоспарда тұр. Театрда өлеңдерімді негізге алып, қойылым сахналанады деп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша, кездесу кештерім Алматы, Астана қалаларында өтеді. Жаңа ғана хабарласты. Мерейтойды өткізген соң, Алматыда үш жерде ұйымдастырылатын шараға шақырды. Егер денсаулығым жараса, барып қалуым мүмкін. 75 жас деген оңай емес, арасында сыр беріп қалады. Алматы мен Астанада тұсауы кесілген «Нұрикамалдың» алғашқы көрсетіліміне де қатыса алмадым. Шымкенттегісіне бардым. Себебі, әрі-бері жол жүру қиындау.
«Кезінде мегаполиске бара алмадым, бірақ мегаполис маған келді»
– Француздарда «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген сөз бар ғой. Біздің қалам ұстаған ақын-жазушылардың арасында мұны «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деп шығарып алған. Сізде де «үлкен қалаға келсем, шығармашылықтағы бағым ерте жанар ма еді» деген өкініш болды ма, әлде ауылда бұйығы тірлік кешіп-ақ әдебиетте із қалдыру мүмкін бе?
– Еңбекке жанымды жастайымнан салған адаммын. Осының бәрі денсаулыққа әсер етеді екен. Ал кейбіреулер, әсіресе, Астана мен Алматыда тұратын шығармашылық өкілдерінің біразы жұмыс істемей-ақ бүкіл марапатқа ие болып жүреді. Мен ауылда еңбек еттім.
Ауылда қалуымның бір сыры бар. Ертеректе батыр Бауыржан Момышұлына барып: «Ақын болғым келеді. Алматыда тұрғым келеді», – дегенде: «Қайт, ауылға!», – деп айқай салған. «Өмір де, романтика да – ауылда. Егер сен мықты болсаң, ауылда жатып мойындат!», – деді. Қандай қатты талап, бірақ жақсы талап. Сол Баукеңнің бір ауыз сөзінен кейін ауылға келіп, біраз адамды мойындаттым деп ойлаймын.
Марапатсыз да емеспін. 50 жыл еңбек еттім. 25 жыл өзім нанын жеген Кеңес үкіметіне, 25 жылымды Тәуелсіздікке арнадым. Алайда, тәуелсіздік жылдары зейнетке шықсам да, 25 томды аяқтағанымның өзі біле білген адамға үлкен ерлік деп ойлаймын. Кейде Астана мен Алматыда өтіп жататын ұзын-сонар жиындарда менің аты-жөнім айтылмайды. Қанша дегенмен, «провинцияда өмір сүріп жатыр» деген көзқарас әлі өлген жоқ. Ал қазір Шымкент – мегаполис болды. Мен кезінде мегаполиске бара алмадым, бірақ мегаполис маған келді. Бүгінде Шымкент ешбір қаладан кем емес. Сондықтан миллиондаған тұрғынның бірі болып қарапайым ғана өмір кешудемін.