Отандық фермерлер: Азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнді
«Шопан Ата» республикалық қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев әлеуметтік желіде осылай деп дабыл қақты. Nege.kz тілшісі А.Садырбаевтан бөлек, Қазақстан фермерлер одағының Алматы облыстық филиалымен және Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басшылығымен тілдесіп, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.
«Бұл мәселе – бүкіл Қазақстан фермерлеріне ортақ»
Алдымен бейнеүндеу жасап, Қазақстан президенті мен ел халқынан көмек сұраған Алмасбек Садырбаевқа хабарласқан едік.
– Бейнеүндеуіңізде тұқым себу кезіндегі қиындықтар туралы айтқан екенсіз. 15 сәуірден бастап, Алматы облысы карантинге байланысты оқшауланды. Демек, бұл бүгін басталған қиындық па?
– Жоқ. Коронавирусқа байланысты ірі қалалар оқшауланғалы бері көрген күніміз осы. Тұқым себу – кешіктіруді кешпейтін шаруа. Өйткені фермер жерді жыртты, тегістеді, бәрін дайындап қойды. Енді дереу тұқым себу керек. Ал фермер не істейді? Сеялканы жалға алып, егіс алқабына шығады. Сөйтеді де блок-бекеттегі шақырымға созылған кезекте тұрады. Әрең жеткенде, қолына билік тиген бекеттегі біреу «анықтамаң дұрыс емес, бұл жерде әкімшіліктің мөрі жоқ» дейді де, қайтарып жібереді. Міне, осылайша екі сағатта тұқым себілуі тиіс алқап екі күнде кеуіп жатады.
– Демек тұқым себу кешіктіріліп жатыр?
– Тұқым сепкенмен жұмыс бітпейді ғой. Мәселен Алматы облысындағы қант қызылшасын өсіретін фермерлер қазір «құрысын, екпейміз» деп жатыр. Себебі қант қызылшасының тұқымы 5-7 күнде өніп шығады. Онымен бірге арамшөп өсіп шығады. Сол арамшөптің түріне байланысты пестицидтің түрі мен мөлшері анықталады. Сол кезде фермер облыс орталығына жүгіру былай тұрсын, ұшу керек. Ұшып барып, екі күннің ішінде осы шаруаны тындыру керек. Ал фермер не істейді? Өзінің фермер екенін дәлелдеп, бекетте тұра ма, анықтама іздеп, әкімшілікке шабыла ма? Екі күннің ішінде сен пестицидті сеуіп үлгермедің бе, онда арамшөпті игере алмай қаласың. Онда бәрі бітті! Сен жеріңді қайта жыртасың!
– Қант қызылшасы қай уақытта себілуі керек?
– Ол былай. Қазір жаңбыр жауып жатыр ма, түстен кейін тоқтаса, ертең жер дегдиді. Сен сол дегдіген кезде себуің керек. Сол ылғалмен қызылшаның тұқымы үш-төрт күнде топырақты жарып шығады. Ертең емес, арғы күні ексең, 7-8 күнде шығады. Ал төрт-бес жіберіп алдың ба, онда тұқым сол жердің астында қалады. Өйткені тұқымға ылғал керек. Бұл басқа елдер үшін маңызды болмауы мүмкін, ал біздің табиғатымыз үшін ылғал сақтап жұмыс істеу өте маңызды.
– Егін шаруашылығын түсіндік, ал мал шаруашылығы ше?
– Мал шаруашылығы да дәл осылай. Мәселен бұқаны табынға қосатын кезең басталды қазір. Бір бұқаны тиеп алған фермер бекетке келеді. Көрініп тұр ғой, оның шаруа екені. Басқа қандай әңгіме болуы керек? Кеше видеолар келді маған, қарасаң – маразм. Қалаға ет алып келе жатқан шаруаға «сенің пропискаң» жоқ дейді. Әй, сенің қалаңдағы халықты асырауға келе жатқан ет қой бұл. Неге қайтарасың оны?! Қайта, керісінше, жол полициясының жетектеуімен жеткізбейсің бе, баратын жеріне.
Бүгін маған алма көшетін отырғызған бағбандар хабарласты. Бекетте тұрмыз, көшеттер өліп қалатын болды, не істейміз?» дейді. Не істейміз, мен қайдан білейін.
– Бұл Алматы облысының шаруалары ма?
– Жалғыз біздің облыс емес, бүкіл республика бойынша осылай. Кеше маған Шымкенттен бір фермер хабарласты. «Төрт техникам бар, соның біреуі ғана жұмыс істеп тұр» дейді. Себебі қалғандарына не жанармай, не сайман жеткізе алмаған.
«Бізді тығырыққа тіреген үш түйткіл бар»
Осыдан кейін тілшіміз «Қазақстан фермерлер одағының» Алматы облыстық филиалына хабарласты. Ондағылар «мәселе тек өткелде ғана емес, қордаланған үш түйткіл бар деп» электрондық почтамызға мынадай мәлімет жіберді.
1. «Қазагроны» жойып, ауылшаруашылығы банкін құру қажет. Өйткені көктемгі егіс науқаны үшін бөлінген қаржы фермерлерге әлі жеткен жоқ. Азық-түлік тауарын өндірушілер «Қазагродан» несие алу үшін кепілге қояр құнды мүлік таба алмай, қиналады. Олардың бәрінде бірдей мұндай мүмкіндік жоқ. Әсіресе, шағын қожалықтар жеңілдетілген несиеге қол жіткізе алмайды. Сондықтан шаруаларға кепілсіз несие беру жолын қарастыру қажет.
2. Қазір шаруалар жанар-жағар май тапшылығын сезініп отыр. Әрі литрін 165 теңгеге ғана төмендеткеніне наразы. Бұл шамамен 15 пайыз. Үкіметтің дотациясы арқылы жанар-жағармайды 50 пайызға дейін төмендетуге неге болмайды, қазіргідей мұнай бағасы құлдыраған, сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігі тәлтіректей бастаған кезеңде. Бірақ бұл 165 теңгелік жанар-жағармай шаруалардың бәріне жетті деген сөз емес. Кейбір ұждансыз жеткізушілер нарықтағы бағамен беріп жатыр. Шаруаларға бұл қосымша соққы болып тиді.
3. Үшінші мәселе – блок-псот. Шаруалардың жүріп-тұруы қиындады. Түрлі анықтамалар сұрап, бекетте күттіру – фермерлердің жұмысын тежеді. Аудан орталықтарында тұқым, тыңайтқыш пен қосалқы бөлшектер азайса, шаруалар қалаға жүгірмегенде, қайда баруы керек?!
«Аз күнде орынына келеді»
Осыған байланысты Алматы облысының әкімшілігінен пікір сұраған едік. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Коюмжан Аванұлы тілшімізге былай деді:
– Ондай болуы мүмкін емес, бірлі-жарым болмаса. Қайсы шаруашылық қиындық көріп жатқан?
– Жоқ, оны мен Сізге айтып отырмай-ақ қояйын, блок-бекеттерде әкімшіліктен, не Ауыл шаруашылығы басқармасынан адам бар ма? Кейбір шаруалар сеялкамен бекеттегі кезекте сағаттап тұратын көрінеді?
– Өте орынды сұрақ бұл. Біздің басқарма басшысы – штаб мүшесі. Сіз айтқан мәселені қазір қарап жатыр. Егер ауыл шаруашылығы техникасы келсе, оны өзге жолмен кезексіз өткізу жағын қарастырып жатыр.
– Сонда бұл енді атқарылатын шаруа ма? Бұған дейін неге істелмеген?
– Бұған дейін бізге оны ешкім айтқан жоқ, ондай ақпар түскен жоқ. Бірақ көктемгі егіс жұмыстарына кедергі болмауы керек екені ілгеріде-ақ ескертілген. Бірақ «мен қиындық көріп жатырмын» деп кез-келген адам айта беруі де мүмкін ғой. Сіз айтқан мәселе бойынша қазір анықтау жұмыстарын жүргіземіз.
– Бекетте шаруалардан түрлі анықтамалар сұрап, бастарын қатыратын көрінеді. Бұдан хабарыңыз бар ма?
– Мен ол туралы естімедім қандай анықтама керек екенін. Біздің облыстық СЭС-тің 13 сәуір күні қаулысы шыққан. Сол жерде бәрі жазулы тұр ғой, не керек екені.
– Сіз айта аласыз ба, фермерден бекетте қандай құжат талап етеді?
– Мәселе сіз немен кетіп бара жатырсыз? Егер сіз сеялкамен кетіп бара жатсаңыз, жеке төлқұжатыңыз бен қожалықтың құжаты жеткілікті. Одан басқа ештеңе сұрамайды. Ал бұқа басып бара жатсаңыз, оның міндетті түрде вет-анықтамасы болуы керек қой енді.
– Фермер жеңіл көлікпен кетіп бара жатыр дейік, көлігінде жұмысшы болуы да мүмкін ғой, ол тұқым себуі мүмкін, төл науқаны шығар, бұл кезде қалай болады?
– Міне, дәл осы мәселемен екі күннен бері айналысып жатырмыз. Кеше Ескелді ауданынан бір фермер хабарласып, тура осы мәселені айтты. Мен оған: «Сіз әкімшілікке келуіңіз керек, кімді апарасыз, қандай көлікпен барасыз, осының бәрін айтып, анықтама алуыңыз керек. Әйтпесе, ертең кедергі болады» дедім. Бүгінгі бірінші күн ғой, әрине, қиындықтар кездесуі мүмкін. Бірақ бәрі аз күнде орнына келеді. Әкімшілік жұмыс істеп жатыр.