«Қоқыс тазалауды ғана емес, тастамауды да үйренуіміз керек!» – «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Әділ Нұрпейісов

Алматының жүрегі саналатын Арбатта «Таза Қазақстан» және «Жасыл ел» ұлттық жобалары аясында экологиялық акция өтті. Шараға ондаған ерікті қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарына тазалықтың маңызын түсіндірді.
Осы орайда NEGE тілшісі аталған акцияның барысы мен жастардың экологияға қатысы туралы «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Әділ Нұрпейісовпен сұхбаттасты.

– Әділ, Арбатта өткен экологиялық акция туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Акцияның мақсаты қандай?
– Бұл акция «Таза Қазақстан» мен «Жасыл ел» бастамалары аясында ұйымдастырылды. Мақсатымыз – қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Біз тек қоқыс жинаумен шектелмей, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, экология бойынша әлеуметтік сауалнама жасадық. Акцияның басты ұраны: қоқыс тазалауды ғана емес, тастамауды да үйренуіміз керек. Экологиялық мәдениет дегеніміз жай ғана уақытша сән емес, бұл – өмір салтына айналуы тиіс мінез-құлық. Біз мегаполис тұрғындары үшін тазалыққа саналы көзқарас қалыпты жағдайға айналғанын қалаймыз.
– Сіздер тек сенбілікпен шектелмей, ақпараттық жұмыстар да жүргіздіңіздер. Халық қалай қабылдады?
– Әрине, басында кейбіреулер бей-жай қарады. Бірақ біз сол жерде, сол сәтте түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың көзқарасын өзгертуге тырыстық. Қалалықтармен сөйлесе келе, көпшілігі экология мәселесіне селқос қарамайтынын байқадық.
– Қазіргі жастардың экологияға деген көзқарасы қандай?
– Қазіргі жастардың экологияға деген көзқарасы соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріп, саналы бағытта дамып келеді. Жас буын қоршаған ортаны қорғау мәселесіне немқұрайлы қарамай, экологиялық жауапкершілікті сезіне бастады. Бұл үрдіс жастардың білім деңгейінің артуымен, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы ақпаратқа қолжетімділіктің өсуімен тікелей байланысты. Қай сенбілікке барсақ та, жастардың белсенді екенін байқаймыз. Олар тек қол күші ретінде емес, идея ұсынушы, бастама көтеруші ретінде де көрініп жүр. Бұл – біз үшін үлкен үміт.
– Жалпы сенбіліктерге қанша адам қатысуда? Қандай аудандар тазаланып жатыр?
– Бұл айда біз қаланың бес ауданында сенбілік өткіздік: Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу және Түрксіб. Барлығы 150-ден астам ерікті қатысты. Жастар өте белсенді. Арбаттағы шара кезінде де олар қалалықтармен сөйлесіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға тырысты. Туристер де қызығушылық танытып, қолдау білдірді.
– Алда тағы қандай шаралар жоспарланып отыр?
– Біз экология тақырыбын жастарға қызықты әрі заманауи тәсілмен жеткізуге тырысамыз. Алда экотренингтер, экологтармен кездесулер, шеберлік сабақтары, ағаш отырғызу акциялары және тағы басқа шаралар жоспарланған. Біз жасыл орман өсіріп қана қоймай, сол орманды аялай білетін, табиғатпен үндесе алатын ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз. Табиғатқа жанашырлық пен қамқорлық – бұл тек экологиялық саясаттың емес, тұтас ұлттың рухани мәдениетінің бір бөлігі.
«Жасыл ел» еңбек жасағы – 2005 жылы құрылған жастар ұйымы. Осы бағдарлама шеңберінде 2005 жылы еліміздің 16 өңірінде дамыған инфрақұрылымы бар «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы құрылды. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері жобаға 250 мыңнан астам жас тартылды. Олар 44 295 млн ағаш отырғызды, 148 992 гектар жерді тазартты.