«70-тен астам келісім, 15 млрд доллар» – Мемлекет басшысының Қытайға ресми сапары жемісті болды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 30 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары аяқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Ресми сапарым ойдағыдай, табысты өтті деп санаймын. Біз Төраға Си Цзиньпин мырзамен мазмұнды және өте тиімді келіссөздер жүргіздік. Біз қос елдің әр саладағы ынтымақтастығы бойынша ортақ келісімге келдік. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын болатынына зор сенім білдірдік», – деп» Президент Қытай тарапы қазақ делегациясына сапар барысында ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласы мен қонақжайлығын көрсеткенін атап өтті.
Ендеше, саяси салмағы басым сапардың нақты қандай келіссөздер мен кездесулерден тұрғанын қорытындылайық:
Президенттің ҚХР-ға сапарының ең маңызды тұсы – Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммитіне қатысуы. ШЫҰ саммитінің жалпы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь, Үндістан және Иран басшыларынан кейін төртінші болып сөз сөйлеп, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді. Өз сөзінде жапон басқыншылығына қарсы күрестегі жеңісінің және Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығы секілді қос тарихи мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар, ұйым аясындағы аймақтық қауіпсіздік, экономикалық даму, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін көтерді.

Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Сонымен қатар, 150-ден астам елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының әлеуетін дамытуға және оны Еуразиялық экономикалық одақпен, Солтүстік – Оңтүстік, Орта дәліз бағыттарымен ұштастыруға мұқият мән беру қажет екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар мен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мақсатында ШЫҰ аясында жасанды интеллект бойынша Digital Bridge беделді форумын Астанада өткізуді және 2027 жылы жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруды ұсынды. Президенттің айтуынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, бұл сала жаһандық технология индустриясының 30 пайызға ұлғаятын болады.
2025 жылғы 2 қыркүйекте өткен Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы атом энергетикасын дамыту мәселесін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуде егжей-тегжейлі талқылады.
Пекиндегі Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің қорытындысы бойынша жалпы құны 15 миллиард АҚШ долларынан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойды. Бұл құжаттар энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және жоғары технология салаларын қамтыды.
Одан соң Қазақстан басшысы Қытайдың Бейжің қаласында Қазақстан мәдениет орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар, еліміздің ірі экономикалық жобаларды жүзеге асыруға ат салысып, биыл жалпы ішкі өнімді 300 миллиард долларға жеткізуді көздегенін жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде білім алып жүрген қазақстандық студенттермен де жүздесті. Мемлекет басшысы жастардың білімге ұмтылысы мен елге деген жауапкершілік сезімін ерекше атап өтіп, оларды Отан игілігі жолында еңбек етуге үндеді.

Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюнді қабылдады. Кездесуде банк Қазақстандағы жел электр стансасы, жол және аурухана құрылысы сияқты бірқатар жобаларға 2 млрд доллардан астам инвестиция салғаны айтылды.
Сапар соңында Мемлекет басшысы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысып, әскери парадты Қазақстан тамашалады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті тереңдетіп, стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі басталғанының айғағы. Бұл сапар Қазақстанның сыртқы саясатындағы теңгерімді бағытты берік ұстанып, ұлттық мүддені халықаралық әріптестік арқылы ілгерілетудің үлгісі ретінде есте қалмақ.
Ақжүніс Нұртаза.