Әркімнің өз «Гаргантюасы» бар немесе Қазақстаннан Камерунға дейін

Камерунның 92 жастағы президенті Поль Бийя биыл күзде президент сайлауына тағы қатысатынын мәлімдеді. Бийяға бұйырса, бұл оның жеті жылдан сегізінші мәрте сайлануы болмақ.
«Халықтың қалауымен» тағы сайлауға түспекші болған ол былай депті: «Халқым сұраған соң осындай батыл байламға келдім. Көпұлтты елімізде кезек күттірмейтін көптеген мәселе бар. Алдағы жеті жылда сол мәселелерді шешумен айналысамын».
Камерунда Поль Бийяның денсаулығын талқылауға тыйым салынған. Оның да себебі бар шығар, сегізінші президенттік мерзімі аяқталғанда Поль Бийя жүз жасқа аяқ басады. Соған қарамастан шалың «камерундықтардың құдайы Нзаме өмір берсе, әйелім Шанталь күйлі-қуатты болса, одан арғысын тағы көре жатармыз» дегенді ымдауды да ұмытпапты...

Әзірге «жүз жасқа дейін президент болмақ» Поль Бийяның мұнысы сіз бен бізге «өмір бақи билік жүргізбек» болған бір кісінің іс-әрекетін есіңізге түсірген жоқ па?
Қазақстанды отыз жыл бойы билеп-төстеген Нұрсұлтан Назарбаев та бес және жеті жылдан бес мәрте президент болып сайланды. Осы сайлаулардың бәрінде халық одан мүлдем басқа нәрсе сұраса да, ол Поль Бийя сияқты «халқымның қалауы», «жалпыхалықтың сұрауы бойынша» дегеннен танбады.
Мәселен 2011 жылы ол: «Халқымның «президенттіктен кетпе, одан әрі жұмыс істей бер» деген сигналын түсіндім. Егер денсаулығым мен күш-қуатым мүмкіндік берсе, халық қолдаса, жұмыс істей беремін», – деген. Ал 2015 жылы айтқаны мынау: «Халық мүддесі үшін және халқымның өтінішін ескеріп, Ата заңды мүлтіксіз орындау үшін 2015 жылдың 26 сәуірінде мерзімнен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойдым».
Бұдан бөлек, Назарбаев өзінің президент болып сайлану құқығын шектеуді алып тастатқызып, өмірбақи президент болғысы келгенін және Қауіпсіздік кеңесін де өле-өлгенше басқара бермек болғанын қайда қоясыз?!
2022 жылы қаңтарда халық одан «Шал, кет!» деп табандап талап етпегенде Нұрсұлтан Назарбаев та Поль Бийя сияқты жүзге дейін билікте отырар ма еді, бәлкім, кім білсін...

Қазіргі Конституция бойынша президент жеті жыл мерзімге бір-ақ рет сайлана алады. Конституция аяқ-астынан тағы өзгеріп кетпесе, әрине.
2022 жылы Конституцияға енгізілген бұл өзгеріс посткеңестік кеңістікте «абсолютті жаңалық» болғаны рас. Дегенмен тағы да ескертейік, мұның «абсолютті жаңалық» болмай қалу қаупі қазіргі биліктің қаламының ұшында тұр.
Француз суретшісі Оноре Домье 1831 жылы король Луи Филиппті әжуалап, «Гаргантюа» деп аталатын әйгілі литографиясын салған. Онда халық кедейшілік пен аштықтан зардап шегіп жатқанда алып мешкей Гаргантюа елдің бар байлығын опыра жеп жатқанын бейнелейді. Осы еңбегі үшін Оноре Домьені король Филипп түрмеге жауып тастаған екен. Бұл да бізге Назарбаев билік еткен отыз жылды еске салатындай.
Өйткені әр елдің өз «Гаргантюасы» бар!