19 жастағы астаналық клининг қызметін ашып, мүгедектігі бар адамдарға жұмыс берді
Астаналық Нұржан Көжеков 19 жасында жеке клининг компаниясын ашып, есту қабілеті шектеулі жандарды жұмысқа қабылдады. Нұржан бала күнінен мылқау ата-анасының өмір жолын көріп өсіп, олардың әр сөзін үнсіз түсініп үйренді. Бүгінде ол ым-ишара тілін еркін меңгерген. Сондықтан қызметкерлерімен еркін тіл табысады. Елімізде ерекше бастаманы қолға алған жас кәсіпкермен сұқбат құрған едік.
– Нұржан, неліктен дәл клининг саласын таңдадыңыз? Жасырып не керек, тіпті өз үйін жинауға арланатын жігіттер көп қой. Үй жинауды қалай және кім үйретті?
– Иә, расында, көп ер адам үй жинауға келгенде жалқауланады. Бірақ мен бала күнімнен ұқыптылыққа үйренгенмін. Үйде анам екеуміз әрдайым бәрін таза ұстаймыз, сондықтан мен үшін үй жинау – міндет емес, әдетке айналған іс.
18 жасымда қарапайым жұмыс істеп, терезе жуу қызметімен айналыса бастадым. Сол кезде терезе жуатын роботтар жаңадан шығып жатқан еді. Маған бұл технология бірден ұнады. Себебі ірі компаниялар мен альпинистер тек биік ғимараттарды алады, ал қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді әрі арзан қызмет жоқ болатын. Сол олқылықты байқадым да, өз ісімді бастауға бел будым.
Алғашында роботтарды жалға алып жұмыс істедім, бірақ ол қымбатқа түсетін. Бір күні анам: «Егер роботты жиі қолдансаң, неге өзің сатып алмайсың?» деді. Сөйтіп тәуекелге барып, екі робот сатып алдық.
– Ісіңіз бірден жүріп кетті ме?
– Басында іс қиынға соқты. Тапсырыс аз, клиенттер де сенімсіз қарайтын. Бір күні анам есту қабілеті шектеулі адамдарды жұмысқа ал деп кеңес берді. Олар өте мұқият әрі жауапкершілігі мол болғандықтан осы бағытқа бет бұрдық. Қазір командамызда есту қабілеті нашар қыз-жігіттер жұмыс істейді, олардың барлығы өз ісіне адал. Әлі күнге дейін теріс пікір алған емеспіз.
Қазір өзім терезе жуу мен дивандарды химиялық тазалауға жауаптымын, ал басқа қызметкерлер кілем мен жалпы үй жинаумен айналысады. Бізде 6 жылдан аса тәжірибесі бар жетекші қызметкер бар, ол жаңадан келгендерді үйретеді.
– Бастапқы кезде тағы қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Мәселен, қызметке көңілі толмаған немесе ақша төлемеген адамдар болды ма?
– Бағымызға орай, ісімізге наразы болған, төлеуден бас тартқан жағдайлар болған жоқ. Кейде құралдар істен шығатын, кейде клиент күткен нәтижені көрмей қалатын. Бірақ біз әр пікірден сабақ алып, жұмысты жақсарта түстік.
Ең басты қиындық – бәсекелестік. Астанада клининг қызметін көрсететін компания өте көп. Бірақ олардың көбі тек табыс жағын ойлайды, ал біз ең алдымен сапа мен сенімділікті қоямыз. Клиенттеріміз бізге қайта оралып, таныстарына да ұсынып жатады.
– Қызметкерлерді қалай табасыз?
– Есту қабілеті нашар адамдарға арналған онлайн-топтар мен қауымдастықтарда хабарландыру жариялаймыз. Ол жақта бұл жұмысқа қызығушылық танытатындар көп. Кейбіреулер өздері Instagram арқылы жазады. Сол үшін де қызметкер табу бойынша қиындық жоқ. Қазіргі біздің басты мақсатымыз – клиент базасын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу.
– Клиенттер компанияңызда есту қабілеті шектеулі адамдар жұмыс істейтінін білгенде қалай қабылдайды?
– Көпшілігі жылы қабылдайды. Кейбірі таңырқап, кейін ерекше құрметпен қарайды. «Міне, нағыз еңбекқор жандар!» деп айтып жатады. Біз үшін бұл тек бизнес емес, әлеуметтік жауапкершілігі бар жоба. Есту қабілеті шектеулі адамдар да қоғамда өз орнын таба алатынын дәлелдегіміз келеді. Тіпті кей клиенттер арнайы бізді қолдау үшін тапсырыс береді.
– Тапсырыс бергендердің арасында танымал адамдар болды ма?
– Мен нақты есімдерді атамай-ақ қояйын, бірақ біздің клиенттеріміздің арасында танымал тұлғалар бар. Оларды жұрт жақсы таниды. Біз құпиялылық пен сенімге көп көңіл бөлеміз. Клиент кім болса да, біз бәріне бірдей көзқараспен қараймыз. Танымал адамдардың да біздің қызметімізге жүгінуі – бұл еңбегіміздің бағаланғанының белгісі.
– Қоғамда «бытовой инвалид» деген түсінік пайда болды. Үй жинаудан қашатын жігіттерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Мен өзім үйді тазалағанды жақсы көремін. Жастарға ешқашан жалқау болмаңыз деп кеңес берер едім. Егер сіз кәсіппен айналыспасаңыз да, тәртіп пен ұқыптылық өмірде қажет қасиеттердің бірі. Өзіңді және айналаңды таза ұстау арқылы өміріңді ретке келтіресің.
Ал бизнесте тәртіп одан да маңызды. Бәрі бірден болмайды, кішкентай қадамнан бастау керек. Бұл спорттағы жаттығу сияқты: бірден 1%-дан 100%-ға секіре алмайсыз. Уақыт өте келе жинақталған тәжірибе мен тұрақтылық сенімділік береді. Нағыз жетістік жұмыс істеуге және жауапкершілікті алуға дайын адамдарға келеді.
– Ал өз кәсібін бастауға ниетті жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Ешқашан еңбек етуден және білім алудан қорықпаңыздар. Табыстың басты кілтін тапқың келсе, тәртібің мен жауапкершілігіңді қолға ал. Болашағыңды жоспарлап, әр күніңді мақсатпен өткіз. «Ертең не болар екен?» деп күтіп отырмай, бүгіннен әрекет жаса. Өйткені жалқаулық – сәттіліктің ең үлкен жауы.
Болашаққа келсек, біз компанияны дамытып, қызмет түрлерін көбейтуді көздеп отырмыз. Есту қабілеті шектеулі адамдарға жаңа мүмкіндік беріп, олардың қоғамда өз орнын табуына көмектескіміз келеді. Ең бастысы – әр күн сайын алға ұмтылып, өз ісімізді жетілдіре беру.
– Әңгімеңізге рақмет!