Қазақстанға неке келісімшарты қажет пе? – Заңгерлер жауап берді

Өзбекстанда жас-жұбайлар арасында неке шартын жасау туралы заң қабылданбақ. Президент Шавкат Мирзиёев ажырасудың күрт өскені мен соның салдарынан балаларға алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелердің артқанын айтты. Неке бұзылған жағдайда тараптардың, әсіресе, балалардың қиын материалдық жағдайға душар болмасы үшін неке шартын жасасу жөн болатынын ескертті.
Біздің елде де ажырасқан отбасылардың артқанын ескерсек, осындай заң керек пе деген орынды сұрақ туындайды. Ал оның тиімді әрі тиімсіз тұсатарын заңгерлер айтсын.
Бағдат АМАНДОСҰЛЫ, заңгер:
Бізге де осындай заң керек

– Әрине, бізге де осындай заң керек. Өркениетті елде мұндай шарттың болғаны жөн. Себебі бұл құжат ажырасу кезінде мүлікті бөлу және баланы асырау бойынша туындайтын даулардың алдын алады. Ал шарт материалдық құқықтық қатынастарды реттейтін болғандықтан, онда бәрі жазылады.
Яғни, сен маған ұл немесе қыз туып бересің деген шарт емес, тек дүние-мүлік пен қарыздар көрсетіледі. Мәселен, некеде алынған үй-жай мен несиелер қалай бөліске түседі, кім неге жауапты бәрі ашық жазылады.
Мысалы, отбасында әйел табыскер болуы мүмкін. Егер ол күйеуімен ажырасатын болса, дүние-мүліктің бәрі теңдей екіге бөлінеді. Осы кезде арада үлкен дау туындайды. Сол сияқты еркектің материалдық жағдайына көз тіккендіктен оған тұрмысқа шығатын қыздар болады. Ертең екі жаққа кеткенде әйел арадағы мүлікті иемденіп қалуға тырысуы мүмкін. Егер алдын-ала неке шарты жасалса, онда ешкім ештеңеге таласпайды, материалдық мүлік шартта көрсетілген адамның құзыретінде қалады.
Марат АСҚАРБЕКОВ, заңгер:
Қажеті жоқ деп ойлаймын

– Өзбекстан отбасы заңына қатысты қандай шарт қоймақ, ол жағы маған беймәлім. Бірақ біздің елде мүлікті бөлісуге қатысты заң о баста бекітілген. Сондықтан оны қиындатып, түрлі тармақпен, шартпен тарқата берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Неке шарты деген көршілес Ресей мен Еуропада кеңінен тараған болар. Бірақ олардың тәрбие-танымы бізге үлгі бола алмайды.
Қаптаған заң мен шарттан гөрі отбасы институттарының жұмысын жетілдіріп, тәртіп пен тәрбиені жолға қойғанымыз жөн.
Қазақ – бұрыннан жесірі мен жетімін жылатпаған халық. Дүбара болып кеткен біреу болмаса, ешқандай ер азамат баласын далаға тастамайды. Осы орайда әйелдер де ұрпақ сабақтастығы ретінде отағасын және келіп түскен жерін сыйлау, құрметтеу әдетінен жаңылмауға тиіс. Ешқайда жазылмаған дала заңымен-ақ талай отбасының түтіні оңынан түтеп шықты ғой. Сондықтан тәрбиені тал бесіктен бастап, өскелең ұл-қыздарымызға оң бағыт берсек, ешкім қазығынан да, отбасынан да жерімейді.
Тілеужан Кішкенебаев, заңгер:
Мұндай шарт үкіметтің ғана қалтасын қалыңдатады

– Бізге де неке шартын жасасу туралы әңгіме айтылып жүр ғой. Мәселен, ажырасудың алдын алу мақсатында кім некені бұзуға ұмтылса, соны айыппұл төлеуге мәжбүрлеу керек деген сияқты. Бірақ бұл адамның құқығын бұзады. Мысалға айтайықшы, күйеуі әйелін сабап-сабап үйінен қуып шықты делік, ал ол балаларын жетектеп, ағайын-туыс, әке-шешесін жағалап кетеді. Үйде күнде күйеуден көретіні қорлық, ал ажырасуға өтініш жазайын десе, мемлекетке пәленше сома айыппұл төлеуге кесіледі. Өзі байынан басын әрең арашалап, бала-шағасын қалай бағамын деген адам ондай ақшаны қайдан табады?
Салдарынан толық емес отбасыға берілетін әлеуметтік жәрдемақы мен көмектен, сол сияқты баспана алудың кезегіне тұрудан қағылады. Мұның бәрі соттың «ажырасқан» деген шешім қағазы болғанда ғана беріледі. Оның үстіне күйеуі алимент төлесе жақсы, төлемей қашып жүргендер қаншама. Сондықтан мұндай шарт үкіметтің ғана қалтасын қалыңдатады.
Сол сияқты күйеуі мен әйелі екі жаққа кеткен соң, тіршілігін жалғастыру мақсатында біреуі тірнектеп жүріп, үй-жай алуы мүмкін. Ал ол айыппұл төлей алмағандықтан қағаз жүзінде ажырасқаны расталмағандықтан, ертең бұрынғы күйеуінің не әйелінің баспанаға ортақтасып, таласып шығуы әбден мүмкін. Әділетсіздік болады ғой. Мысалы, ата-анасынан сыйға немесе мұрагерлік жолмен берілген материалдық мүлік қана заң бойынша иесінде қалады. Ол ажырасқан жағдайда екіге бөлінбейді. Бұл онсыз да қолданыстағы заңымызда тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондықтан мұндай шарттың қажеті шамалы сияқты.