«Туристер қаржысы халыққа жұмыс істейді»: Almaty SuperSki талқыланды
26 мамырда Алматыда Көкжайлау аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған Almaty SuperSki тау курорты жобасына қатысты қоғамдық талқылау өтті. Бірнеше сағатқа созылған жиынға жоба мамандары, мемлекеттік орган өкілдері, экологтар, сарапшылар, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.
Алматы, NEGE. Almaty SuperSki – халықаралық деңгейдегі заманауи тау курортын салуға бағытталған кешенді жоба. Оның негізгі мақсаты – қысқы туризмді, соның ішінде шаңғы мен сноуборд спортын дамыту. Сонымен қатар жоба жаяу туристік бағыттарды, экотуризмді және спорттық демалыс инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді.
Жоба аясында Шымбұлақ курорты мен Oi-Qaragai демалыс аймағын Кімасар, Бутаков шатқалдары және «Пионер» курорты арқылы байланыстыратын аспалы жолдар мен трассалар жүйесін салу жоспарланып отыр.

«Kazakh Tourism Development Ltd» жеке компаниясының бас директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жоба тек тауға жиі шығатын адамдарға ғана емес, қала қонақтары мен тұрғындарына, балаларға және мүгедектігі бар азаматтарға да арналған.
«Тау – алматылықтардың ортақ байлығы. Сондықтан біздің жоба туралы әңгіме ашық әрі шынайы болуы керек. Нақты ұсыныстарды тыңдап, сұрақтарға жауап беруге дайынбыз. Almaty SuperSki жобасы бір ғана адамның ойына келген бастама емес. Біз мамандардың пікірін тыңдап, ұзақ уақыт зерттеу жүргіздік. Әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқыдық, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнаттық. Тауларға қатысты кез келген жұмыста ауызбіршілік пен қолдау өте маңызды. Болашақ ұрпақ үшін сүйікті қаламыз Алматының әсем табиғатын көздің қарашығындай сақтағымыз келеді», – деді Ержан Еркінбаев.
Талқылау кезінде экология мәселесін көтерген қоғам белсенділері мен табиғат жанашырлары да өз пікірін айтты. Олар жобаның Көкжайлау табиғатына кері әсерін тигізуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.
Жиында барлық тарапқа сұрақ қоюға мүмкіндік берілді. Дегенмен кей сәтте пікірталас қыза түсті. Модератор аудиторияны бірнеше рет тыныштандыруға тырысты. Ал жоба мамандарының жауабына қанағаттанбаған және қоғамдық тәртіпті бұзған кейбір белсенділерге байланысты полиция шақырылды.

Сөз алған Ержан Еркінбаев қазірдің өзінде қала тұрғындары мен қонақтары тауға жиі баратынын айтты. Оның сөзінше, енді осы туристік ағынды реттеп, табиғатқа түсетін салмақты азайту қажет.
Сондай-ақ ол былтыр Шымбұлақтың өзіне 1,5 миллион адам барғанын жеткізді.
«Демалыс аймағы толық жұмыс істеп тұр. Ол бір уақытта 6 мың адамды қабылдауға есептелген. Алайда кей күндері келушілер саны 15 мыңнан асып кетеді. Соның салдарынан адамдар ұзын-сонар кезекте тұрады», – деді жоба өкілі.
Жиында Алматы тау кластерінің ел туризмі үшін маңызы ерекше екені айтылды. Қазір бұл кластерге жыл сайын шамамен 3 миллион турист келеді. Оның 2,2 миллионы – ішкі туристер, 764 мыңы – шетелдік қонақтар. Кластер аясында көрсетілген қызмет көлемі 199 миллиард теңгеге жеткен.
Негізгі нысандардың бірі – Shymbulak Mountain Resort. Былтыр курортқа келушілер саны 1,4 миллионға жеткен. Мамандардың айтуынша, шетелдік туристердің 80 пайызы Алматыға табиғаты үшін келеді.
«Алматы тау кластеріне жылына шамамен 3 миллион адам келеді. Шетелдік туристердің 84 пайызы Алматыға арнайы демалыс орындары үшін келетіні белгілі. Осыған байланысты қаладағы демалыс орындары арасында бәсекелестік күшейіп келеді. Мысалы, Қытайда 13,5 миллион, Ресейде 3,5 миллион шаңғышы бар. Осы туристердің кем дегенде бір бөлігін тарту Қазақстанның туристік имиджіне қосымша серпін береді. Әлемдік тәжірибе тау инфрақұрылымын дамыту экономиканың түрлі саласына оң ықпал ететінін көрсетеді. Бұл қонақүй бизнесінің, көлік, тамақтану, қызмет көрсету салаларының, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.
Оның айтуынша, жоба аясында халықаралық спорт жарыстарын, мәдени іс-шаралар мен іскерлік форумдарды өткізу жоспарланып отыр. Бұл Алматыны Орталық Азиядағы тау және іскерлік туризм орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадам болуы мүмкін.

Сондай-ақ туризм орталықтарын дамыту кезінде Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі бәсекелестік те ескеріліп отыр. Қырғызстандағы «Үш шың», Өзбекстандағы Amirsoy, Әзербайжандағы Shahdag және Грузиядағы Gudauri секілді ірі тау курорттары қарқынды дамып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Алматы тау кластерін дамыту Қазақстанның аймақтағы туристік көшбасшылығын сақтауға ықпал етеді.
Талқылау барысында жастар мәселесі де назардан тыс қалмады. Жоба жүзеге асса, 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы мүмкін. Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан туризм жобасы қолдау тапса, халықтың әл-ауқатына оң әсер ететінін айтты.
«Инвестиция көлемі шамамен 1 миллиард еуро болса, бұл жоба 3-5 жыл ішінде өзін толық ақтайды деп сенемін. Бұл жобаның Куршевельден де қымбат болуын қолдаймын. Мұндай жерге қалталы әрі ауқатты туристер көп келеді деп ойлаймын. Сол кезде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға болады. Ауқатты туристерден түсетін қаржы есебінен көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге және мүгедектігі бар азаматтарға субсидия беруге мүмкіндік бар. Біздің балалар да Австрия мен Швейцариядағыдай шаңғы тебуді тегін үйрене алады», – деді Мұхтар Тайжан.
Бірнеше сағатқа созылған қоғамдық талқылаудан кейін туристік жоба қолдау тапты. Енді екінші кезеңде техникалық және жобалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Сонымен қатар инфрақұрылымдық дайындық жұмыстары басталады.
Қазір оқып жатыр
Тоқаев МАГАТЭ басшысы Гроссимен ядролық қауіпсіздік пен Иран мәселесін талқылады
Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған «Байсат» базары аукционда тағы өтпей қалды
Қарағандыда түлектерді диплом қорғай сала әскери комиссариатқа алып кеткен
Қазақстандық мұғалімдерге өз оқушыларына қосымша сабақ өткізуге тыйым салынуы мүмкін