Перизат Қайраттың қандай мүлкі тәркіленді?

Сот шешімімен П.Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның анасы, Ғайни Алашбаева, 7 жылға сотталды.
Астана, NEGE. Мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді және 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысуына тыйым салуды сұраған болатын. Ал оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты прокуратура 8 жыл түрме жазасын тағайындауды ұсынған еді.
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаевадан келесі мүлік тәркіленді:
– «Vela Village» коттедж қалашығындағы жеке тұрғын үй;
– «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен автотұрақ орындары;
– 2024 жылы шығарылған «Mercedes-Benz S450», «Lexus LX 600», 2023 жылғы «Mercedes-Benz EQE 500 4MATIC», 2024 жылғы «Haval H6 GT» маркалы автокөліктер;
– «Rebel Flowers» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлес;
– 97 миллион теңгеден астам және 22 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат.
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева қайырымдылық желеуімен жиналған 3,5 миллиард теңгені жымқырды деген айыппен сотталды. Сотталғандар 50 азаматтық талап арыз бойынша 1,5 миллиард теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Сондай-ақ олар 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражаттарын жинауға байланысты кез келген қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сотта бұл мерзім заңда белгіленген ең жоғары шектеу екені нақты айтылды.